Қоғам

Африкалықтардың биі көпшілікті тәнті етті

Африкалықтардың биі көпшілікті тәнті етті


Астанаға ағылып жатқан халық көп. Мамандардың есебінше, «ЭКСПО-2017» көрмесін күніне қырық мыңнан астам адам тамашалайды. Ал келушілердің жалпы саны бір жарым миллионнан асып кеткен.

Сондай-ақ, медиаорталық мамандары меймандары арылмайтын павильондардың тізімін жасады. Атап айтар болсақ, Африка, Египет, Үндістан, Ресей, Түркия, Жапония, Сауд Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Таиланд, Түркіменстан елдерінің павильондары. Бұдан басқа көптің көңілінен шығып жатқан көрме кешендері де анықталды. Оның ішінде «Нұр Әлем», «Шелл» балалар зертханасы, «Дю Солей» циркі, Амфитеатр, Шығармашылық энергия, Үздік тәжірибе алаңдары бар.

Угандалықтар қазақтарды қонаққа шақырды

Уганданың дүбірлеп өткен ұлттық күнінен үлкен әсермен қайтқан халықта есеп болмады. Бұл павильонға келген қонақтар түрлі-түрлі ерекше шай мен кофелерінен дәм татып, көрмеге қойылған заттарын тамашалады. Ал кішкентай қонақтардың көңілі Уганда тауының ірі қара маймылына ауды. Жалпы, бұл мемлекет табиғи өсімдіктерге, аң-құстарға бай өлке. Ол жақтың климаттық мүмкіндігі «Жасыл экономиканы» дамыту үшін өте қолайлы. Төрт мезгіл жазы, ағынды суы, соққан самал желі бар. Тек жасалған жобалар жүзеге асса болғаны.

Африкалықтардың биі көпшілікті тәнті етті
Африкалықтардың биі көпшілікті тәнті етті

Біздің елмен дипломатиялық қарым-қатынасы тоғыз жылдан асқан Уганда мемлекеті «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу тарихи сәт екенін атап өтті.

– Төрткүл дүниені Астанада тоғыстырған Қазақстан халқына зор алғыс айтамыз. Сіздерді де біздің мемлекетімізге шақырамыз. Угандалықтар да қазақ халқы сияқты қонақжай. Келсеңіздер қуана қарсы алып, бай табиғатымызды, аң-құстарымызды көрсетеміз. Виктория өзенінен тегін балық аулауларыңызға болады, – деп Уганданың экспортын дамыту департаментінің орындаушы директоры Элли Твинейко ілтипатын білдірді.

Уганданың ұлттық күнінде ырғақты дауылпаз үніне қыздардың мың бұрала би билеп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Келесі күндері африкалық әйелдер мерекесі тойланды. Сәнді киінген әйелдер қолдарына ту ұстап, «Африка плазадан» шығып «ЭКСПО»-ны бетке алды. Мәдени шара мұнымен аяқталған жоқ. Жапондықтар жалғастырды.

Жапондықтар Құрманғазының күйін күмбірлетті

Қазақстан Орта Азиядағы «ЭКСПО» көрмесін өткізіп жатқан тұңғыш мемлекет болса, осы көрмені Азия елдерінің ішінде алғаш өткізген Жапония еді. 1970 жылы алғашқы Осака қаласында ұйымдастырылған болатын. Бұл қалада 2025 жылы «Өміріміздің болашағын жобалау» тақырыбында тағы бір мәрте көрме өткізу жоспарда бар.

Африкалықтардың биі көпшілікті тәнті етті
Африкалықтардың биі көпшілікті тәнті етті

Жапондықтар ұлттық күндері аясында ән айтып, би билеп бар өнерлерін ортаға салды. Тіпті, қазақстандық ақтаңгер күйші Асылбек Еңсеповпен бірге «Адай» күйін төгілтті. Сахнаға жарқ етіп Роза Рымбаева да шықты. Жапондықтардың ұлттық сякухати-флейтасының сүйемелдеуімен «Атамекен» әнін орындап, жұртты бір рухтандырып тастады. Ұлттық музыкалық аспапта ойнаған Хиромицу Агацума жапондық фильмдер мен сериалдарға саунтрек жазып жүрген танымал музыкант.

Әнұранды жүрекпен тыңдады

31 шілде күні Лесото Корольдігінің ұлттық күндері тойланды. Сән-салтанаты жарасқан шарада еліміздің көк байрағы көтеріліп, Әнұран шырқалды. Корольдік өкілдері қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранымызды тыңдады.

Бұл мемлекеттің де әуенге әуестігі басым екен. Бірі аккордеонда ойнаса, енді бірі би билеп, көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Белгіленген сценарийден ауытқу болғанымен, әр сахналық нөмірлері өздеріне жарасып тұрды. Кеш соңында көрермендерді де сахна төріне шақырып, бірге би билесті. Жалпы, Лесото тұрғындары өздерінің табиғаттарына ұқсас келеді. Әдемілікті сүйетін, өнерге жақын халық.

Лесото Корольдігі – теңіз деңгейінен 1400 метр биікте тұрған әлемдегі жалғыз мемлекет. Табиғаты әсем жердің су құламасы да, құз-шатқалдары да, өзен-көлдері де бар. Сондықтан да туристер ол жаққа көп ағылады.

Шілденің соңғы күні парагвайлықтар «Жасыл экономикаға» қатысты жобаларын ел назарына ұсынды. Бұл елдегі Итапу және Якирета өзеніндегі гидроэлектрстанция – әлемдегі ең мықты станцияларың бірі. Парагвайдың Сыртқы істер министрі Оскара Кабельоның айтуынша, мемлекеттің шығысында 1000 мВт-тық шағын тоғандар тұрғызу құрылысы жалғасатын болады. Сонымен қатар, энергия көздерін басқа жолмен алуды да жоспарға енгізіп, жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, фотоэлектронды тақтайшаларды пайдаланып, күннен тұрмыстық жағдайға қажетті электр энергиясын алуды көздеп отыр.

Африканың Солтүстігіндегі Бенин мемлекетінен келгендер де таңғалдырмай қоймады. Тәуелсіздік мерекелерін тойлаған олар ЭКСПО алаңынан жалаң аяқ жүріп өтіп, дәстүрлі көне билерін биледі. Бұлардың билері өте ертеден бастау алады. Бір қарағанда бақсылыққа да ұқсас. Ырғақты би мен әуенге әуес африкалықтардың павильондарын көру үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Көрмеге қойылған ерекше дүниелері де көздің жауын алады. Қазақстандықтар африкалықтардың ағаш үстел, ағаш орындықтарының жасалу ерекшеліктеріне қызығушылық танытты. Кепкен томардан аң стилінде орындық пен үстел ойып шығу щеберлердің ерте заманнан жалғасқан өнері дерсіз.

«ЭКСПО-2017» алаңында күнделікті әр ел өздерінің ұлттық күндерін барынша қызықты етіп тойлап жатыр. Әрбіреуі ғылыми жобаларын көрмеге қойып, жұртты таңғалдыруға тырысады.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button