Қоғам

220 оқушы мектеп құралдарымен қамтылды

220 оқушы мектеп құралдарымен қамтылды


Әлемді сұлулықтан бұрын, қайырымдылық құтқарады. Киров ауылдық округінің кәсіпкерлері осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. «Мектепке барар жол» акциясы аясында жергілікті бизнесмендердің қолдауымен Уваров ауылында 220 оқушы оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз етілді.

Ең бастысы олар балаларды тұрмысы төмен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған деп бөлген жоқ. «Уваров», «Восход», «Утешов» шаруа қожалықтары мен «Союз 2010» серіктесті сынды ұжымдарда істейтін барлық жұмысшының балалары мектеп керек-жарағымен қамтамасыз етілді.

– Балаларды бөліп-жармай барлығына бірдей көңіл бөлген кәсіпкерлер мен меценаттарға алғыс айтамын. Балалар, сендер мұны сый деп қана қабылдамаңдар, бұл алдыңғы буынның маңдай терімен, еңбегімен келген дүние екендігін естен шығармаңдар. Жақсылықты қайтару қажет. Сендер білім алыңдар, еліміздің лайықты азаматы болыңдар. Жақсылықты жақсы оқу арқылы қайтарыңдар. Бүгінгі күні тек біліммен қаруланған адам ғана мақсатына жетеді,-деді аудан әкімі Қалиқан Байғонысов.

Қайырымдылық – ірі не ұсақ деп бөлінбейді. Бар керегі – кеңпейіл мен қол ұшын созамын деген таза ниет. Киров ауылдық округінің осындай ақ жүректі жандары балалардың мектепке қажеттіліктеріне арнап екі миллион теңге көлемінде қаржы жинаған.

– Округтің барлық кәсіпкерлері әлеуметтік жауапкершілікті сезінеді. Шама-шарқынша округтегі барлық шараларға қол ұшын созуға әрдайым дайын. Келешекте де осы дәстүр жалғаса береді,-дейді балалардың оқу құралдарына арнап 600 мың теңге қаржы бөлген «Уваров» шаруа қожалығының басшысы А.Бурдаков.

«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, ағаларының қамқорлығын сезінген балалар ауылдық мәдениет үйінің сахнасын ән мен биге бөлеп, алғыстарын осылайша жеткізді.

Айта кетерлігі, Астана қаласында өтіп жатқан халықаралық «ЭКСПО 2017» көрмесін округтің 350 баласы осы қожалықтардың демеушілігінің арқасында тамашалады.

Лаура Тілеубайқызы
Глубокое ауданы

Осы айдарда

Back to top button