Тарих

Зуқа батыр

Зуқа батыр

Көгалды жерге бір жапырақ шытты төсеп жіберіп, түйіншектегі бауырсағы мен құртын шашып жіберген кемпір балаларға айран құйып берді де:
– Қайным, ақ түйенің қарны жарылды, – деп зорлана жымиған болды. – Сүйінші, қайным, өзіңе үйге барайын деп жатыр едім, алдымен мына балаларға айран беріп алайын деп бұрылдым. Шулап жүрген бұлар да міне, аға болды бүгін! Еркек бала әкелді келінім! «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деген, қайтеміз енді, – деп бір уһілеп алды.
– О, бауы берік болсын, жеңгей! Ұзағынан сүйіндірсін, сүйіншіңіз менен.
– Еее, сүйінші деген не тәйірі? Аман болсын! Ырымдап өзіңе ат қойғызып алсам ба деген едім қырқынан кейін. Енді міне алдымнан шықтың. Сенің жолыңды берсін! Сен сияқты батыр болсын!
Осындайда тыныш тұратын Жарқын ба:
– Апа, менің атымды қойыңыз. Өмір жасы ұзақ болады. Жетім бала демесеңіз, мен де бір атаның баласымын. Мен Тобықты, оның ішінде Мотышпын, – деп танауын делитті.
– Рас-ей, – деді Зуқа оның өткірлігіне сүйсіне қарап. – Осы бала сөз тауып кетті, ақ жеңеше, осы батырдың атын қойсақ лайық болар еді. Мен сіздің сүйіншіңізге екі құлынды бие, екі сауын сиыр, жиырма қой берейін. Баланың несібесі болсын! Ертең бәрін жинап, ұлым Солтан-Шәріп алдыңызға әкеліп береді.
– Түу, ата-ай, әттең, Доғал атамның ауылы алыста ғой, менде бір үйір жылқы әкеліп берер едім, – деген кезде Жарқынның көзіне мөлт-мөлт етіп жас келіп еді.
– Қой, балам, оның не? – деп ауылдың бүкіл баласы «ақ апа» деп атайтын әйел адам оны бауырына басты. Құдай бұйыртып немерем қырқынан шыққан күні той жасаймыз, сонда тай жарысты сен бастайсың Жарқынбай.
– Рас па, ақ апа? Сарбаздарым естіп тұрсыңдар ма? – деп балаларға күле қараған кезде, Жарқынның көзінен жас тамып-тамып кетіп еді.
Зуқа әйел адаммен жылы қоштасты да, балалардың басынан бір-бір сипап, ауыл шетіндегі көрікті қыздырып жатқан ұстаханаға қарай аяңдады. Найман атаның ағайынды төрт жігіті осы ұстахананы ұстайды. Қылыш, найза осылардың қолынан шығады.
– Ассалаумағалейкүм, жігіттер!
– Әәә, Зуқа аға, уағалейкүмассалам, жоғары шығыңыз!
– Армысыз, аға!
– Аға, қымыз ішіңіз, – деп бір үлкен шарамен қымыз әкеп берген Әбубәкір, – Әбілдәбек, батыр отыратын бөстек әкел, тізе бүксін, – деді бауырына.
– Жоқ, тізе бүкпеймін, өздеріңнің амандықтарыңды білейін дегенім ғой.
– Міне, аға, мына қылышты қараңыз, – деді екі көзі оттай жанған Әбілдәбек. – Қара тасты қақ бөлетін, бөлсеңіз де жүзі қайтпайтын алмас қылыш. Келіп қалған екенсіз, сізге сыйлайын.
– Ой, бауырым-ау, бұның не? Мен сендерге айтпап па едім? Сендер жасаған әр заттың өзінің бағасы, құны бар деп айтып едім ғой. Тегінге мен ештеңе алмаймын.
– Батыр, ашуланбаңыз. Біз сауда жасап жүрген сарттар емеспіз, наймандармыз. Бізге пана болдыңыз. Бізде де жүрек, бізде де ықылас бар. Алмасаңыз, інімнің адал ниетін аяққа бассаңыз, төсімізді қолтықтап «шүу, қарақұйрық» деп, еліміз Шәуешекке қарай тартып отырамыз.
Зуқа сөзден тосылып қалып еді.
– Жігіттер-ау, мен сендерден сыйлық алайын деген оймен келген жоқ едім. Қызық болды-ау мынау өзі?
– Батыр, – деді Әбубәкір. – Менің де қолымнан шыққан бір бұйымымды сынап көріңізші. Мына найза темір құрсауды да, таспен қапталған қалқанды да тесіп өтеді. Сабы қайыңнан жасалып тұзға қайнатылған, өте ыңғайлы. Кәне, сынап көріңіз. Сілтеңізші бір, қай жерге дейін ұшыра алады екенсіз, – деп ұста жігіт аңқылдай күлді.
Жеп-жеңіл үшкір найзаны қолына ұстаған Зуқаның көзі оттай жайнап кетті. Артынан ілесе шыққан найман жігіттеріне ризашылықпен қарап, найзаны алып бір-екі айналдырып «бісміллә» деп сілтеді дерсің.
Білеу-білеу білегінің бұлшық еттерін ойната, найзаны құлаштай лақтырған кезде ауада ұзақ қалықтап барып, бұлақтың арғы шетіндегі төбенің ұшына барып дік етіп қадалды.
– О, батыр! Атқа мініп, қазір барып алып келейін, – деді бозбала жігіт.
– Жә, – деді көзін жалт еткізген Әбубәкір. – Бұл саған не, баланың ісі ме, әлде тот басып қалатын ойыншық жасаппын ба мен?!
– Аға, енді осы найзаны бір ай жасадыңыз, асылға қызықпайтын адам бола ма? – деп еді.
– Қысқарт, – деді Әбубәкір көзі жарқ-жұрқ етіп. Тумысынан тірліктің береке-бірлігін ғана ойлайтын Зуқа ақырын ғана:
– Әй, Әбе, мынауың бір үйір жылқының жұмысы екен ғой, – деп шынайы ризашылығын білдірді.
– Батыр, беріп те жатырсың, алып та жатырмыз, ниетіңе рахмет! Мына жиенім бір қызды ұнатып қалып, үйлендірсек пе деген ойымыз бар еді. Апаратын қалың малымыз жоқ, несін жасырайын, темір-терсекті арқалап апармаймыз ғой енді.
Зуқа кеңкілдей күлді. Оның бұл күлкісі шынайы еді.
– Әттең, Қазанбай досым да картайыңқырап қалды. Оны да үйлендіретін едім. Бірақ, мына жиеніңнің жолы екен, ол жас, бұны үй қылып, шаңырақ көтеріп берейік. Анау найза қадалған жерге отау көтереміз. Оған дейін ырымдап, сол жерден найзаны алмайық, – деді.
– Алла риза болсын, батырым! Жастарға сенің батаң дарысын деп, құдалыққа дайындаламыз ендеше.
Зуқаның кеудесін шаттық кернеді. Бір қазақ өмірге келіп, бір қазақ үйленіп отау тіккелі жатқанын естіп, шын қуанып кеткен еді.
Кешегі керуеншілердің ылаңы ауыл арасына тарап кеткен, ұста жігіттер олар туралы ырымдап сұрамаған. Тек батырдың мойнын арқан қысып көгеріп қалған жерлеріне ақырын ғана көз тастаған.
– Батырға қымыз әкеліңдер, – деді Әбубәкір ризашылықпен.
Шара толы қымызды сіміріп салған Зуқаның беліне Әбділдәбек алмас қылышты байлады. Олармен қоштасып, бұрылып бара жатқан кезде, сонау тау басынан сақ-сақ еткен пулемёттің даусы шықты. Зуқа аң-таң боп тау жаққа қарап, сілейіп орнында тұрып қалды:
– Бұл не?
«Бұл не?» деді ішкі ойы үш рет қайталап. Жауап орнына тау жаңғырды.
Тауды жаңғыртқан алтын шайып жатқан қытайлардың айғайы еді. Олар оққа ұшып, жаралысы жанталаса ойбайлап жатқан дауыстары таудан-тасқа жаңғырып, ап-анық естілді.
– Атты әкеліңдер!
– Атты әкеліңдер! – деген дауыстар қатты естілді. Ауыл дүрлікті.
Пулемёттің сақ-сақ еткен дауысынан үркіп, желідегі құлындар шыңғыра кісінеді.
– Батыр! Батыр, міне ат! – деп Әбділдәбек ер салынбаған күрең атты көлденең тартты. Зуқа «Иә, аруақ!» деп қарғып мінді. Тауға қарай тұра шапты. Бұлақтан қарғып өткенде қадалып тұрған найзаны іле жөнелді.
Бір бүйірден Қазанбай жігіттермен атқа қонып Зуқаның соңынан ілесіп:
– Терең сайға қарай, терең сайға қарай! – деп айғайлап келеді.
Зуқа оған жауап қатпастан, биік-биік шыңдарға, құз-жартастарға қарады. Бір төбеден асып түскеннен кейін айналаны ап-анық көрді. Сақылдаған пулеметтің аузынан от шашқандар жартастың ығын паналаған екен. Алтын шайып, бейқам жүрген қытайларға ажал отын төгіп жатыр.
Қазанбай Зуқамен қатарласа берді.
– Байқа, байқа! – деді. – Мен алдыға түсейін.
– Жоқ, – деді Зуқа ат үстінде айғайлап. – Мен алдыға түсейін, сен жігіттерді абайла!
– Жоқ, мен барамын, сен абайла! – деп Қазанбай атын қамшылай бастап еді, Зуқа алдыға озып кетті.
Пулемет сақ-сақ етіп, Зуқаның айналасына оқ жаудырып, оны шіліктің арасына бір-ақ тықты. Қазанбай артына қараса, тайына жайдақ мінген Жарқын шауып келе жатыр екен.
– Әй, қайт, қайт кейін! Жарқын, кейін қайт, қайт деймін мен саған!.. Жарқын болса оның дауысын естімей, Зуқа атасының соңынан Шілікті кезеңге қарай тура салды. Сақ-сақ еткен пулемет оғын енді Жарқынға қарай атқылады. Осы кезде қия жартасқа қарай жаяу жүгірген Зуқа бойын жасырып үлгеріп еді. Найзасына сүйеніп тау басына тез-тез өрмелеп шықты. Шапшаң-шапшаң қимылдап, дәл бір тау барысы сияқты тастан-тасқа секіріп, пулеметшілердің төбесінен бірақ шықты. Көзі шалып қалды, құз жартастың түбінде төрт-ақ адам екен.
Далақтап шауып келе жатқан бала Жарқын сақылдаған пулеметке қарсы шапты. Қолындағы таяғын сермеп-сермеп, әлденеге кіжініп келеді, оны қалқалай Қазанбай да тұра шапты. Осы кезде Жарқынның мінген тайына оқ тиіп, мұрттай ұшты. Қазанбай құлап жатқан жерінен Жарқынды теңге ілгендей іліп алып, Шілікті сайға түсіп кетті. Қазанбайдың артынан ерген жігіттер жартастың басына шыққан Зуқаның белгісінен кейін сол жаққа қарай ауды. Пулеметтің оғы тастардың бетін отпен шабақтай бастады. Ыс-ыс еткен оқтың даусы тауды одан сайын жаңғырта түсті. Зуқаның көзіне қан толды… Найзаны тасқа тіреді де, төмен қарай секірді. Айналып-айналып кеп дік етіп, пулеметшілердің дәл төбесінен түсті. Әуелі басы айналып, көзі қарауытып ештеңені көре алмай қалған, оң жақ құлағының түбінен өтіп, бармағының басын тілгілеп өткен жау қылышынан кейін көзі қайтадан жарқ ете түсті. Әлгінде ғана Әбділдәбек берген қылышпен қауғабас орыстың басын шауып түсірді. Дудар-дудар басы шатқалға құлап кете барды. Басы жоқ денеден қан атқылады дерсің…
Екінші орыс пулеметтің мойнын Зуқаға қарай бұра бергенде, найзаны сермеп қалды. Дәл өңешіне қадалды. Басы шабылған орыс жерге жығылмай, әрі-бері жүгірді де гүрс етіп құлады. Тастың арасына қорыққанынан тығылған үшінші адам дәу ұйғыр еді. Күні кеше ғана керуенімен келген саудагер сияқты болып көрінген. Қолыңдағы наганын әрі-бері басқанымен, Зуқаны дәл көздей алмай қойды. Ту сыртынан жетіп келген Қазанбай оның үстіне секіріп қона кетті. Мойнын бұрап-бұрап жіберіп еді, бейшара көзі алайып сылқ етіп жерге құлады. Ауыл жігіттері де жетіп келді. Бәрінің көзінде үрей. Қан-қан болып жараланған Зуқаға тура қарай алмай өздерін кінәлі санап тұрғандары көрініп тұр. «Тықыр» еткен дыбысқа жалт қараса, екі тастың арасында қалш-қалш етіп отырған кешегі саудагер қазақ екен.
– Ой, әкеңді… – деп Қазанбай ұмтылып еді.
– Тоқтай тұршы, – деді Зуқа даусы шаршап шығып. – Қазір, қазір, бармағынан аққан қан қылыштың арнасымен жүріп ұшына дейін барды.
– Зуқа аға, мен ғой, мен ғой, – деді жаны мұрнының ұшына келген саудагер.
– Қазір, – деді Зуқа тістеніп…
Екі тастың арасын паналаған саудагер қазақтың жанына келіп қылышты көтеріп тұрды.
– Батыр сауға, қазақпыз ғой. Кеше жеңешеме түкті кілем сыйлап едім ғой, жанымды қия көріңіз. Бұны істеген сіздің ата жауыңыз – Жин Шурын. Егер де алтын шайған қытайларды қырып тастасақ, бұның бәрін сізден көретін еді. Бұны істеткен анау, анау қытай, – деп саусағын шошайтты. Өзі дір-дір етіп бұтына жіберіп қойды. Қазанбай «түй, иттің ғана баласы» деп жиіркеніп, теріс бұрылды да жерге бір түкірді.
– Батыр, мына хайуанды маған беріңізші, азаптап өлтірейін, – деп ызаға булыққан жас жігітті Зуқа тоқтатты.
– Әәә, иттің ғана баласы, – деп қылышын сатқын қазақтың кеудесіне тіреп, – сен қазақсың ғой, – деді Зуқа.
– Иә, иә, Зуқа аға, мен қазақпын ғой, кеше жеңгейге арабы кілемді әкеп берген мен ғой, танымай қалдыңыз ба? Өлтірмеңізші мені! Үйде екі балам, ауру шешем, жас әйелім бар, сауға-сауға… жанымды қия көріңізші. Кешіріңізші, аға, Жин Шурын маған алтын береміз деген соң келісіп едім.
– Сен қазақсың ба?
– Иә! Иә, иә, аға, қазақпын, мен де орта жүзбін, аға! – деп кеңкілдеп жылады.
– Орта жүзден садаға кет, иттің баласы! Қазақтан садаға кет! Еркек болмай әнтек болғыр. Мен сені тірі қалдырамын, – деді Зуқа.
– Ой, Зуқа, не айтып тұрсың? Сен өлтірмесең, мен өлтірем, – деп Қазанбай алдыға түсіп келе жатыр еді, Зуқа оған зірк ете түсті. «Тұра тұр, бұндай өзінің халқын сатқан адамға өлім деген – жеңіл жаза».
– Иттің ғана баласы, – деп Қазанбай бұзып-жарып келе жатыр еді, жанындағы жігіттер ұстап-ұстап қалысты.
– Сені өлтірмеймін, иттің баласы, – деді Зуқа тістеніп. – Өлім саған аз. Шейіт болған қазақтан садаға кет.
Зуқа қылышын көтеріп, ең ұшын оның танауына жақындатты. Ана байқұстың қорыққанынан екі көзі қылиланып, денесі дір-дір етті.
Алмас қылыш жарқ еткенде, оның таңқиған танауын ұшырып жіберді.

Талғат Кеңесбаев

(Соңы, басы сайтта 13 тамызда жарияланды)

Осы айдарда

Тарих

Зуқа батыр

Зуқа батыр

Өткен ғасырдың басы Шығыс Түркістандағы қандастарымызға да тыныштық сыйлаған жоқ. Жатқа намысын таптатпау жолында, езілген елдің еңсесін көтеру үшін Оспан, Зуқа бастаған баһадүрлер атқа ер салды, ата жұрттағы шаңырақ көтерген Алашорда үкіметінің үніне үн қосты.
Биыл сол батыр ұлдардың бірі Зуқа Сәбитұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Батырдың туған топырағы – ата жұртта ауқымды түрде аталып өтіп жатқан сол мерейтойдың құрметіне жазылған жерлесіміз, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, талантты жазушы Талғат Кеңесбаевтың «Зуқа батыр» әңгімесінен үзінді беріп отырмыз.

Редакция.

…Әлгінде ғана Найзатасқа иегін сүйеген алып күн еңкейген сайын қынадай қызарып, биік қарағайлардың арасынан Зуқаның ауылына қарай найзадай қадалып біраз тұрды. Әдемі сурет еді. Бәрін бір бүйірден шыға келген ай сәулесі бұзды. Ақ пен қызыл алмаса алмай кілк-кілк етіп біраз тұрды. Жел де соқпады. Шөп басы да қозғалмады. Бірақ сонау-сонау жартастан іркіт-іркіт боп құйылған ақ шуақ төңіректі билеп алып еді.
Ай жарықтық туыпты. Шермиіп-ақ тұр. Ақ сәуле жылжи-жылжи ауыл шетіндегі өзеннің үстінен, әрбір шаңырақтың төңірегінен саумалдай ақтарылып түскен. Үй ішіндегілер әлдеқашан ұйқыға кетсе де, оның кірпігі айқаспай қойған. Өзін жайсыз сезінгені сондай, «түу, ертоқымды жастанып далаға жатпаған екенмін-ау» деп бір ойлап қойды.
Аспаннан ақ сәуле төгіліп тұр. Алты қанат ақ боз үйдің ішіне күміспен күптеп қойған сияқты сандық, кебежелердің сүйегі жылт-жылт етеді.
Зуқа ұйықтай алмай әрі-бері дөңбекшіп, орнынан тұрды да иығына бешпентін іле салып, киіз үйдің сықырлауығын аша бергені сол еді, кіші ұлының: «Ауа-Ата, тайыма, мінгізші…» деп ұйқысырағаны естілді. «Әй, құлыным-ай, айналайын, сен де ат жалын тартып мінуге жарарсың!» деп іштей ойлана сыртқа шықты.
Құдайдың қара аспанында самсаған жұлдыз көп екен. Тіпті, күміс тағаны әдейілеп шегелеп қойған сияқты. Жалт-жұлт етуін қарашы. Толған Ай әне-міне жарылатындай шатынап-ақ тұр екен. Төңірек құлаққа ұрған танадай.
Желі бойы жер жүріп еді, алдынан ала тазысы шықты. Құйрығын бұлғақтатып, жанына келді де шоқиып жерге отыра кетті. «Қансонарды аңсап, құса боп жүрсің-ау», – деп басынан сипап еді, ойнақтап алдынан кетпей қойды. «Әй, адалым-ай, шибөрілер сенің енең мен ұяластарыңды талап өлтіргенде, сүт араласқан қан-қан емшекті түртініп жатыр едің. Тіпті, көзіңді ашпағансың. Солташым биенің сүтімен асырап еді. Екі қар басқанда Алтайда қызыл түлкінің бәрін қынадай қырып едің».
Ала тазы құйрығын бұлғаңдатып жолын бөгей берді. «Көлге бармашы, үйге қайтшы» дегендей, үстінен аттап кетсе балағынан тістеп, қыңсылады дерсің. «Мынаны кешегілер оқытып қойған ба?» деген ой келді. Кеше қалың тұман сейіле бастағанда ауылға керуен келген.
– Анау Дихуадан шығып, Жеменейге бара жатыр едік, – деді ұйғырдың саудагері. – Жолдан сәл қияс кетіппіз, құдайы қонақпыз. Оның үстіне түйелер тасырқады, – деп тең-тең жүктерін шешіп, ауылға ерулеп келген.
…Керуеншілер көңілді жігіттер екен. Дәл алтыбақан тіккендей қылып, екі шетінен арқан керіп тастады. Үстінен жалаң аяқ жүргендеріне, аузымен шоқ шайнап, от бүріккендеріне ауылдың балалары, кемпір-шалы таң қалды. Бір шоқша сақалды сібе жігіті иттермен адамша сөйлесіп, небір алыпсоқ төбеттерді дәл бір ерке баладай бұраңдатып қоятын сиқырын көрсеткенде ұлы Солтан-Шәріп: «Әке, мыналар тегін адам емес, ұнамай тұрғаны» демесі бар ма? Оның бұл сөзін Зуқа естімегендей елеусіз қалдырған. Оның үстіне биыл ел сүрі қардан жүдеп шыққан.
Сарышұнақ аяздың құшағы қатты болды. Тебін болмай, жылқыны сай-саланың қарын аршып, үйір-үйірге бөліп, иіріп бағып, әйтеуір, күн көзі жылт еткенге дейін жазықтағы малды тау-тастың бүйіріндегі шөбін ағаш күрекпен күреп, күйсетпесе де, күйін келтірмесе де, қыс құрсауынан аман-есен алып шыққан.
…Зуқа ақырын басып көлдің жағасына келді. Биыл қар суы көп болғандықтан арнасы кеңіп, бүйірі шығып қалған еді. Әскери машықтанудан кейін жігіттермен осында келіп түскенді ұнататын. Суы шымыр-шымыр етіп әр-әр тұстан адамның тынысын тарылтпай жігерін жанитын бір қасиеті барын ол іштей сезетін еді. Анадан туғандай тыр жалаңаш шешінді де суға қойып кетті. Құлаштап малтады. Сүңгіп шықса жағалауда қалған ала тазы бір сілкініп алып үрді-ай дерсің…
«Бұған не көрінді?». Осы кезде байқап қалды, қараң-құраң еткен төрт адам төрт бұрышта тұр екен. «Бұлар кімдер?» деп ойлағанша болған жоқ, шалманы кезек-кезек лақтырды. Біреуі оң білегін іліп алса, біреуі мойнына оратылды. Жағалауда тұрғандар арқанды тартқаны соншалық, Зуқа қылқынып демі шықпай бара жатты. Жантәсілім бар күшін жинап, өзіне қарай арқанды тартып еді, біреуі суға күмп ете түсті. «Ух» деп демалып алған кезде ала тазы да қыңсылап үрді.
Солтан-Шәріптің құлағына үңгірдің түбінен шыққандай үн естілді. Селк етіп оянды да орнынан атып тұрып, ештеңе түсінбей далаға шықты. Ай сүттей жарық екен. Ол жан-жағына қарады. Қазанбай ағасы дамбалшаң көлге қарай жүгіріп барады екен.
Зуқа аласұрды. Түнгі қарақшылар да жан-жаққа тартып, жанын қинап жатыр еді.
Ала тазы айнала үріп жүр. Солтан-Шәріптің бір бәле болғанын іші сезді. Жанұшыра айқай салды.
– Төлегетай аға! – деді Солтан айғайлап. – Аға, әкем…
Қол-аяғы дірілдеп, даусы шықпай қалды.
– Не болды?
Солтан жалт қараса, Төлегетай ағасы да жүгіріп келеді екен. Айдың жарығы көл жағасындағы арпалысты күндізгідей көрсетіп тұр еді. Әп дегенде Қазанбай үйдей біреуді тік көтеріп алды да жерге ыңқ еткізіп тастады. Анау байғұстың бір жері опырылып кетті ме ыңырсығанда даусы қаттырақ шығып еді. Қазанбайдың ту сыртынан кездікпен ұрғалы жатқан кезінде ала қаншық секіріп барып жаудың білегінен оңдырмай тістеп айырылмай қойды. Дәу қара шыр көбелек айналғанда, тазы ит те онымен бірге айналды. Осы кезде жүгіріп келе жатқан Төлегетай екпінімен секіріп келіп қос аяқтап кеудесінен тепкенде, әлгінде ғана Зуқаға шалма лақтырған дәуді шалқасынан түсірді. Бір бүйірден шыға келген тапал төртбақ жігіт жерден жылқының басындай тасты көтеріп алып Қазанбайды ұрғалы жатқанда, Солтан-Шәріп атылып келіп арқасына қона кетті де, басын әрі-бері бұрап жіберді. Осы кезде Зуқа да жағалауға шығып мойнындағы арқанды сыпырып жіберді де лоқсып-лоқсып, тізерлеп отыра кетті.
– Әй, тірімісің? – деді Қазанбай.
Зуқа сөйлей алмаса да, бір дыбыс шығарды.
– Иттің ғана баласы-ай, – деп Төлегетай Зуқаның алдындағы арқанды алды да әлгінде ғана Солтан мойнын бұрап жыққан дәу қараны шимайлап-шимайлап байлап тастады.
Ай бір сәтке тоқымдай қара бұлттың арасына кіріп-шығып, қайтадан айнадай жарқырады.
– Зуқа, амансың ба? Бұл не? Бұл не? – деген Төлегетайдың сұрағына тізесінен келетін суға отыра кеткен батыр әрең дегенде:
– Бұлар төр-теу, – деді үзіп-үзіп.
– Әне біреуі, міне екіншісі, – деді Қазанбай.
– Қалған екеуі қайда? – деп Төлегетай жан-жағына жалтақтай қараса ешкім жоқ. Тіпті қамыс басы да қозғалмайды. Солтан-Шәріп әкесінің киімдерін алып барып киіндіре бастады.

* * *
…Киіз үйдің көлеңкесінде қамшы өріп отырған Зуқа құрық тастам жерде бес-алты баланың әңгімесін ап-анық естіп отыр.
– Ана жолы, – деді бөспебай Жарқын. – Екі кештің арасында Зуқа атам: «Әй батыр бала, тайыңды ертте, менімен бірге барасың» дегесін, атымды ерттей сала қолыма шоқпарымды алып, ол кісіге ілесіп жүре бердім. Зуқа атам сөзге сараң ғой, жол бойы ештеңе демеді. Бір төбені асып түскеннен кейін астымдағы құла тайым құлағын қайшылап, осқырына бастады. «Әкем-ау, бұл не?» деп қоям. Таудан құлдилап бір үйір қасқыр бізге қарай келе жатыр.
– Ата! – дедім, «былай тұрыңыз, мен көрейін» деп, шоқпарды олай-былай сілтеп, екі-үшеуін домалатып түсіріп едім, қалғандары құйрықтарын бұтына қысып тауға қашты. Сонда Зуқа атам: «Әй, балам-ай, батыр екенсің ғой, келер жолы жорыққа сені ғана ертем» деп маған айтты ғой.
«Сен барғанда мен қалам ба» деп кішкене қара бала танауына келіп қалған мұрынбоғын оң қолымен сол жағына бір тартты.
Зуқа жымиып күлді де олардың көзіне түспей үйге кіріп, шапанды желбегей жамылып, басына тартқан шытты көзіне түсірді. Балалардың жанына ақырын басып барып, ортада әңгімені естіп отырғандарға білдірмей, Жарқынды желкеден лып еткізіп көтеріп ап, өзенге қарай әкете берді. Өзінің білген қалмақша сөздерін құрап, әлдене деп сөйлей бастады. Жарқын болса тілін тартар емес, тіпті қорыққаны да білінбейді.
Балалар болса, жерден тас алып, «қалмаққа» жаудырып жатыр.
– Ей, қуарған қу қалмақ, босат деймін, Зуқа атам білсе, мойныңды шілдің мойнындай ғып бұрап алады. Жібер деймін саған, жекпе-жекке шық, қазақтың кім екенін көрсетейін мен саған! Жібер кәне! Жігіттер, қайдасыңдар?! – деп Жарқын бұлқынып жатыр. Осы кезде бағанадан Жарқынның әңгімесін тыңдап отырған бір топ бала келіп, шапанының етегінен тартқылай бастады. Тумысынан балажанды Зуқа еріксіз күліп жіберіп еді.
Аяғы жерге тиген Жарқын құлағына дейін қып-қызыл болып кетсе де:
– Ой, ата-ай, сіз бе едіңіз, баламен бала болып кеттіңіз бе? – деп өкпелей сөйледі. Дәл бір үлкен адамдай кесек сөйлеп, кеңірдегін қозғап тұрған Жарқынның басынан сипады.
– Әй, батырсың ғой бала, нағыз батырсың! – деді.
– Рас па, ата? Естідіңдер ме ей, жүгермектер, атам мені батыр деп айтқанын?
– Иә, иә, – деп әр тұстан міңгір-міңгір еткен балалар расында қорқып қалып еді. Осы кезде жандарына қозының қарнына айран құйған, балалар «ақ апа» деп айтатын үлкен кісі келді.
– Амансың ба, қайным? – деп амандасты Зуқамен.
– Амансыз ба, жеңеше? – деп Зуқа амандасып, былтыр орыстармен болған шайқаста қаза тапқан жас жігіттің анасына ілтипатпен сәлемдесті.

Талғат Кеңесбаев

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button