Үзік суреттер
КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН
07. 05. 2001 ж.
Бүгін түстен кейін «Түркістан» газеті редакциясының алдында Дидахметтен Қалтай ағаның қайтыс болғанын естідім. Сенер-сенбесімді білмей, күтпеген хабардан абдырап қалдым. Жүрегім ауыр тартып, дел-сал күйге түстім. Ардақты ағадан бұлай тез айырыламыз деп кім ойлаған. Аяғын ұзақ емдетіп, арасында редакцияға келіп-кетіп жүрді. Ауырса да, әзілін тастамайтын. «Төсекте жатып-ақ, басымдағы дүниелерді Айнашқа диктовать етермін деп ойлаушы едім. Оказывается аяқ пен бас прямой байланыста сияқты, оны кім білген. Аяқ ауырғанда, бас жұмыс істемейді екен», – деп, соңғы бір келгенінде бәрімізді күлдірген. Мәскеуге операция жасатуға кеткенде, жазылып келуін тілеп жүрдік. Кезінде «халық жауының» баласы деп Ташкенттегі театр-көркемсурет институтындағы оқуынан шығарылған Қалағаны, өзіне сабақ берген бір профессор Мәскеуге шақырып, оқуын бітіруіне қамқор болыпты. Енді міне, жоғары білім алған Мәскеуінде соңғы демі таусылғанын қарашы…
Қасым аға мен Қалтай аға жақсы қарым-қатынаста еді. Бірінің жағдайын бірі сұрап, үнемі тілектес болып отырды. Қасым ағаның көзі көрмей қалғанда, Елбасыдан жеке хатшы сұраған хаттың да бастамашысы Қалтай аға.
– Қалтай айтқан әзіліңді дамытып, құлпыртып жібереді. Тапқыр, өткір ойлы және өте білімді адам. Ол әзіл-қалжыңға келгенде аюдың қонжығындай ойынпаз, – деп отыратын Қасым аға. Сол бір жылдары «Қазақ жерінің зиялылары» деген энциклопедиялық анықтамалықтың алғашқы кітабы жарық көрді. Оған Қасым аға кіріпті де, Қалтай аға кірмей қалыпты. Телефонмен сөйлескен Қасым аға «Менде бір артық данасы бар, саған берейін» дейді. Қалтай аға кітапты алып келуге мені жұмсады. Қасым ағадан кітапты алып, алғашқы бетін ашсам: «Зиялы Қасымнан зиялы емес Қалтайға!» деп жазып қойған екен. Еріксіз езу тартасың.
* * *
09. 11. 2001 ж.
Хамит Ерғалиев есіміне «Весновка» жағалауын беру салтанатына қатыстық. Алдымен Әл-Фараби даңғылымен қиылысқан өзен жағалауында шағын жиын болды. Балалары Мұрат пен Гүлжан жиынды ашып, алғашқы сөзді Зейнолла Қабдоловқа берді. Ол кісі Хамаңды «ұлы ақын» деп бағалап, біраз сөз сөйледі де, тақта көрсеткіштегі жамылғыны алды.
Сөз О.Сүлейменовке, Н.Оразалинге, сосын Қасым ағаға тиді. Қасым аға: – Майдангер ақын Хамит – соғыстан өткен қаһарман, өмірде де қаһарман, поэзияда да қаһарман болды, – деді.
М.Төлебаев пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы, кезінде Шаяхметов, Қонаевтар қонақтар қабылдайтын банкет залына ас берілді. Аста Қасым аға сөз сөйледі. «Судьба» деген соғыс кезіндегі әннің бір шумағын шырқады. Бір дастархан басында: Қасым аға, Н.Оразалин, С.Иманасов, З.Қабдолов, Т.Әбдірахманова, тағы бір апа, С.Махмутов және мен отырдық. Қасым ағаға «ән айтыңыз» деп қолқа салған Н.Оразалин. Аға ән айтып болды да: – Тұрсынхан, сенен кейінгі әнші мен шығармын, – деді.
Қалмұхан Исабаев сөйлеп тұрғанда З.Қабдолов: – Басындағы қалпағын қарашы, Қожанасырдың бейітінің бір құлағы сияқты, – деді.
* * *
29.03.2001 ж.
Көз дәрігері Мәдина Құраловаға айтқаны:
– Мен өзі әжептәуір ақылым бар адаммын. Егер, ақылыма қонатын сөз айтылса – мен тоқтаймын, тыңдаймын. Егер, ақылыма қонбайтын сөз айтылса – мен өз айтқанымнан қайтпаймын.
* * *
Асыл апа: – Бұл шал сыртта майда сөйлегенімен, жайлы болғанымен, үйде жәйсыз, қазымыр болып барады, – деді бір жолы.
* * *
Қасым аға: – Адам біреу туралы айту үшін немесе оған баға беруде алдымен өзін танып алсын. Артықшылығы қандай, кемшілігі қанша? Мен өзімді-өзім әбден таныған адаммын. Бойымдағы қасиеттерімді, кемшіліктерімді жақсы білемін.
* * *
31.03.2001 ж.
Әлібек Асқаров, ағаның естеліктер кітабын басып шығаруға әзірше ақша жоқтығын, бірақ реттеп дайындай беру қажеттігін, кейін міндетті түрде шығарамыз, дегенін айттым. Қасым аға генерал И.К.Примак туралы әңгімесінен соң: – Сен осындай менің кітаптарыма кірмеген дүниелерді жинақтай бер. Кейін басын қосып жазуыңа керек болады, – деді. Мен: – Әлібек те сіздің жарық көрмеген естеліктеріңізді жинай беруімді тапсырып отыр, – дедім.
* * *
Қараша, 2001 ж.
Қасым ағаның үйіндеміз.
– Мен жазарымды жазып, көрерімді көріп болғанмын. Маған ештеңе керек емес. Егер ертең олай-былай болып кетсем, әдеби жазбаларыма Еркін, кино-документтеріме Сағатбек ие боласыңдар, – деді.
Суретші Ғазиз Ешкеновтің өзіне «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын сұрау ұят, оған әлі жетілген жоқпын» дегенін айттым. Қасым аға мәз болып күлді де оң қолының сұқ саусағын жоғары көтере маған нұсқап: – Ол екеуіңде классический өнердің негізі бар. Ал оны ары қарай қалай ұстайсыңдар, азаматтық тұлғаларың қалай қалыптасады, соған байланысты, – деп ойын түйіндеді.
«Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Деректі фильм дайын, бірақ…» деген мақаламды қайта оқытып, «мықты жазғансың, өте жақсы жазғансың» деп ризалығын білдірді. Шыға берісте Асыл апа менен үй-ішімді: келінін, балаларды сұрады. Әдеттегідей ақ тілегін айтып жатыр. Сосын, иегімен ағаның бөлмесін нұсқап «қалай, көңіл-күйі жақсы ма?» деді. «Жақсы, жақсы» деймін. «Е-е, тыңдай салыңдар. Ол өзі солай: бір күні былай, бір күні олай, қайтесіңдер» – деді.
* * *
07.12.2006 ж.
Қасым ағаның үйінен телефон шалынды, маған «келіп-кетсін», деген соң, бардым. Қасым аға қуанып қалды: – Қарғам, келдің бе? Сені шақыртқаным, айтайын деген сөзім бар, – деп бастады да, Жұмағали Саинның үйінде Қасым Аманжоловпен қалай танысқанын, сосын оның «Туған жер» деген өлеңін жатқа оқыды. Бұл естелігін бұрын да екі-үш рет әңгімелеген болатын. Қасым аға біраз тыныстап алып: – Мен елшіл, жершіл адам едім. Қазір ешқандай тамақ ішпеймін, басым жақсы жұмыс істеп тұр. Мен шатасып жатқан жоқпын. Әйтеуір, бір өлім бар ғой. Бәлкім, осы жолы соған жақындап қалдым білем. Сен міндетті түрде мені жерлеу комиссиясының ішінде бол. Сонда Храпуновқа, Иманғалиға айт, мені мүмкіндік болса, туған жеріме апарып қойсын. Тасы бола ма, даласы бола ма, әйтеуір, бір бұрышында жатайын,- деді…
Қасым ағаның соңғы өсиеті туралы өзінің отбасына, Жазушылар одағына және облыс әкімдігіне хабарладым. Бірақ ұйғарым – Қасым ағаны Алматыда қалдыратын болды.
Менің қолымнан келгені Қасым аға қайтыс болған соң, сол кездегі ШҚО мәдениет басқармасының басшысы, досым Түсіпбеков Түсіпханға хабарласқанда: «Туған жерінен бір уыс топырақ ала келіңдер, басына қояйық» – дедім.
Олар бұл ұсынысымды орындады.
Еркін Нұразхан