Руханият

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

ЖӘКЕҢНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ЖЕТІ КҮН

Павлодарда өткен аймақтық айтыстан кейін Жүрсін Ермановтың шақыртуымен Ташкентте өткен республикааралық айтысқа, Баянауылдағы академик Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығы мен Жезқазған өңірінде халық ақыны Маясар Жапақовтың құрметіне арналған республикалық, бірді-екілі аймақтық айтыстарға қатысып көптеген ақындармен, жергілікті билік басындағы ұлтжанды азаматтармен танысып-табысудың сәті түсті.
Ташкенттегі айтысқа ақындармен бірге қазақ елінің біраз өнер майталмандары да барды. Солардың арасында халқымыздың біртуар жезтаңдай әншісі, сегіз қырлы, бір сырлы азаматы, жарықтық Жәнібек Кәрменов те болған еді. Мен сол жолы қонақ үйде Жәкеңмен бір бөлмеге орналасып, аптаға жуық уақыт небір қызық әңгімелеріне, ән өнерінің қыры мен сырына қанық болу бақытына ие болдым.
Жәкең аса сырбаз, әр сөзін шеге қаққандай нықтап, мақал-мәтелмен әдіптеп сөйлейтін аса шешен адам екен. Оның киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері мен ән орындау шеберлігі, қыл аяғы насыбай атысы да өзгелерге мүлдем ұқсамайтын. Кез-келген орындайтын әнінің шығу тарихына екі ауыз сөзбен болсын тоқталып, тыңдарманын алдын ала дайындап алатын. Жәкең киімді де аса зор талғаммен киеді екен. Концертке барарында қайсыбіреулер секілді апыл-ғұпыл, шала-шарпы дайындала салмайды. Сахнаға киетін костюм-шалбары мен көйлек, галстугын неше мәрте үтіктеп, домбырасына таққан үкісіндей етіп үлбіретіп қояды. Мінезі биязы. Әлденеге қызбаланып, қызылкеңірдек болу деген жоқ. Қандай тақырыпқа әңгіме қозғаса да әріден қозғап, тереңнен толғайтын.
Кешкілік қонақ үйде жеке қалған бір әредікте, «Серікжан, әнді жүрекпен айтқанда ғана ол жүрекке жетіп, тыңдарманын табады. Ал тыңдарманын таппаған ән – жетім ән. Тегінде, домбыраны ала сап сабалай бергеннің бәрі домбырашы, айғайлағанның бәрі әнші емес. Ән орындасаң бабымен, талғаммен орында. Олай болмағанда ол әнге, ұлттық өнерге деген құрметсіздік, қорлық болып есептеледі. Осыны есіңнен шығарма» деген абзал аға, өкінішке қарай арамыздан ерте кетіп қалды…
Біздің қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді. Мен Жәкеңнің жанында бар болғаны жеті күн ғана жүріп, көп нәрсені көңіліме түйіп қалдым. Ал Жәнібек Кәрменовтен бес жыл дәріс алып, күнде қасында болып, төл шәкірті бола білген жандар неткен бақытты деп ойлаймын кейде.
…Айтыс қайда өтсе де, мейлі облыс орталығы ма немесе Алматы, Ташкентте ме, тіпті аудандық, облыстық, республикалық болып қандай дәрежеде өтсе де, ол – айтыс. Оған дайындалып, ізденесің, іштей өзіңді-өзің жеп, уайымдайсың. Сенің жай-күйіңді көріп, жаныңдағы жақын жандар да қиналады.
Сосын белгілі бір күні ұшақпен бе, болмаса поезд немесе автобуспен бе, күндіз бе, түнгі мезгілде ме, әйтеуір пәлен мың шақырым жол жүруің керек.
Барған жерде жағдайың ойдағыдай болып жатса, құба-құп. Ол шіркінің «бірде алай, бірде бұлай» дегендей. Сондықтан «жол азабы, көр азабы» дегенді біздің қазекең жайдан-жай айта салмаған болса керек…
«Пәлен жерде өткен ақындар айтысына қатысып, бірінші немесе екінші бәйгені жеңіп әкелдім» деген, айта салуға ғана оңай. Бірақ жеңістің оңайшылықпен келмейтіндігін, оның өзіндік қызығы мен шыжығы, ащы да тұщы дәмі болатынын кез-келген айтыс ақыны өте жақсы біледі. Бірде бабың болса, жолың болмай жатады. Енді бірде тобыңнан оза шауып, көрерменнің зор ықыласына бөленіп жатсаң да, қайсыбір қазылар тарапынан жеткіліксіз баға алып, жігерің құм болып қайтатын шақтарың да болады. Сөздің шынына келер болсақ, мен айтысқа араласқан алғашқы бірер жылда әлгіндей тосқауылдар мен кедергілер әсіресе қазылар тарапынан көп бола қойған жоқ.
Негізі «басқа пәле тілден» деп, бұрынғылар текке айтпаған. Қазір ой таразысына салып қарасам, кейіннен сондай кедергілер мен сәтсіздіктерге тап болуыма қазылардың ғана емес, өзімнің де артық айтып, бұра тартуларым мен бірбеткей мінезім себеп болған секілді.
Дегенмен өткенге өкініп, әлдекімдерге сыртынан жұдырық түйіп, ғайбат сөйлеу әбестік болар. Бірақ оқырмандарға жұмбақтамай, қайсыбір айтыстарда орын алған осындай олқылықтарды айта кету де, жөн бе деп ойлаймын. Ондай бірді-екілі жайтқа кейінірек тоқталармын.
Айтпақшы сол жылы, яғни 1989-дың қара күзінде қазақ ақындары Алматыда тағы бір мәрте бас қосты. Бұл жолғы айтыстың аты да, заты да
бөлек болатын. Оған Монғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Қытайдан ақын-жыршылар мен әнші-күйшілер шақырылып, бір заманда тағдырдың тәлкегімен Қытай мен Қырымға тарыдай шашырап кеткен қандастар Алматы шаһарында шұрқырай табысты. Сөйтті де, Республикалық ірі-ірі мәдени шаралар өтетін атақты Ленин сарайын тағы да бір шаттыққа бөледі десе болғандай.
Сол жолы Қытайдағы қандастарымыз белгілі-белгісіз себептермен халықаралық айтысқа келе алмады. Есесіне басқа мемлекеттердегі өнерпаз бауырларымыздың барлығы дерлік келіп, ата-жұртын көріп, көзайым болды. Сарғайған сағыныштарын жеткізіп, мауқын басты. Қаймана қазақтың өткені мен кеткені, мұңы мен зары, қуанышы мен қайғысы бәрі-бәрі ақындардың аузымен айтылып, ән болып шырқалды, күй болып күңіренді.
Ойдағы-қырдағы қандас бауырлар бас қосқан осы бір дүбірлі айтыста мен Өзбекстаннан келген Нұрхан деген (фамилиясы есімде қалмапты) әйел ақынмен және торғайлық Әлпия Орманшинамен айтысып, қазылар мен көрермен тарапынан «жақсы» деген баға алдым.
Жалпы менің қолыма қалам алғандағы мақсатым, айтыс сайын «қарсыласым үй дегенде, мен бүй деп жауап берген едім» деп, өзім қатысқан айтыстарды бастан аяқ тәптіштей беру емес. Мен үшін әр айтыс, әсіресе республикалық дәрежеде өткен жыр додалары өзіндік есте қалар ерекшеліктерімен, дуалы ауыз ақындардың тауып айтқан тың теңеулерімен, өткір жауаптарымен, айтыс сайын жасындай жарқ ете қалатын жаңа есімдердің келуімен де қызғылықты болатын.
Бұл жолғы жыр сайысында да бұрындары көпшілікке танымал ақындармен қатар шеттен келген бауырларымыздың арасынан моңғолиялық Қабдыжәлел Сахарияұлы мен Егеухан Мұхамәдиқызы, өзбекстандық Темірхан мен Мекембай, Нұрхан сынды сөз зергерлері ерекше жарқырай көрінді. Сол жолы оралдық Қатимолла Бердіғалиев пен торғайлық Жадыра Құтжанованың асықтары алшысынан түсті деуге болады.
Қатимолланың өзбекстандық Мекембай Омаровпен және Моңғолиядан келген ақын апайымыз Егеуханмен айтыстары жиналғандарға ерекше әсерлі болды. Әсіресе Қатимолланың шекараның ар жағынан келген ақын апамызбен айтысып отырып, айтыстың соңына таяғанда:
Шекарадан менен бұрын асып кеттің,
Аман бол қайда жүрсең Қарагерім – деп келетін өлең жолдарын айта келіп, жырақтан келген мейманға қолындағы қара домбырасын қимастықпен сыйға тартуы, кез-келген тыңдарманды бей-жай қалдырмағаны анық еді.
Жадыра мен Қабдыжәлелдің әзілге құрылған қыз бен жігіт айтыстары да өте тартымды, қызғылықты өтті. Шеттен келген ақын бауырымыздың айтысып отырған орнынан тұрып кетуі, қазақ ақындарына әбден қалыптасып қалған он бір буындық қара өлеңнің кез-келген буынынан үзіп тастап, басқа
ұйқасқа түсіп кетуі де, сол жолғы айтыстың өзіндік ерекшелігі мен жаңалығы болды.
Иә, Жадыра сол айтыста өзгелерден оқ бойы озық келіп, мыңдаған көрерменнің алдында ақбоз ат мінген болатын. Сол айтыста Жадыраның жұлдызы ерекше жарқырай жанған еді. Айтыс ақындарының арасында ұтып алған бәйгесін көңіліне жақын адамға «байлап кету» деген дәстүр қалыптасқан. Бірақ ондай мәрттік пен жомарттыққа ақынның ақыны ғана бара алатын. Ал соңғы буын ақындарында ондай ұғым мүлдемге жоқ. Осы жолы да сол дәстүр қайталанып, торғайлық Жадыра Құтжанова айтыстан мінген ақбоз атын, «Айтыста өнеге тұтқан ағам еді» деп, Ерік Асқаровқа тарту етті. Жадыраның сол жердегі ер мінезділігіне, тапқырлығы мен жомарттығына біреулер сүйінсе, енді біреулер күйінді деуге болады.
Алматыда өткен халықаралық ақындар айтысы да көп ұзамай республикалық газет, теледидарлардан жан-жақты беріліп жатты.

(Жалғасы, басы 19 қаңтарда сайтта жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Руханият

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

ҚҰТЖАНОВА ҚҰТҚАРҒАН АЙТЫС

«Ертең айтыс болады» деген түні Мұқан ағамның үйінде болып, таң ағарып атқанша жауапты сынға дайындалдым. Дайындалдым дегеннен гөрі, дайындалдық дегенім дұрыс болар. Шахмат ойынында «алдын-ала жоспармен жүру» деген әдіс-айла бар. Мұқан ағам сондай жоспарлы жүрістерді айтысқа да пайдалануымыз керектігін ескертіп, біраз тың ойлар айтып, қыз бен жігіт айтысының көрігін қыздыра түсетін әзілдерге дайындалуымды қадағалады. Қыз бен жігіт айтысы деп отырғаным, ертеңгі айтыстағы әріптесім торғайлық Жадыра Құтжанова болатын.
Жадыра – фамилиясы айтып тұрғандай, Арқа өңіріне ақындығымен танылған атақты Құтжан ақынның қызы. Бұған дейін бірнеше республикалық дәрежедегі ақындар айтысына қатысып, ел аузына ілініп қалған тәжірибелі әрі адуынды ақын. Ол аз болғандай, бір елдің намысын жыртып, туын көтеріп келгесін, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен мүйізі қарағайдай Қонысбайды ұстаз тұтып, кәдімгідей арқаланатыны байқалып тұратын. Мінезі де кесек, қайсыбір қыз-қырқындарға ұқсап, орынды-орынсыз бетінің нұрын төгіп, сызылып тұрмайтын. Сахнада болсын, былайғы жерде болсын айтарын айтып салып «Енді маған не қылар екенсің?» дегендей, қасқайып қарап отыратын. Жыр додасында әріптесіне сөз бермей кететін аздаған озбырлығы да болды. Сол жолы Жадыраның дәл осы озбырлығы маған қатты көмектесті. Ол былай болған.
Бізді сахна төріне төртінші жұп деп шақырды. Әуелі айтыстың жүргізушісі Жүрсін Ерманов Жадыраның атағы дардай ақын әкесінен бастап, елін-жерін, осыған дейінгі үлкенді-кішілі айтыстардан жиған-терген атақ-абыройын атап тұрып ортаға шақырды. Жадыраның аты аталған сәтте, атақты Ленин сарайына лық толған үш жарым мың халықтың ду еткізіп соққан шапалағынан құлағым бітеліп қалғандай болды.
Ақын деп таныстырған соң «Мені де осындай қошеметпен қарсы алатын шығар» деп ойлап, жайбарақат тұрғам. Алайда жағдай мен күткендей болмады. Жүкеңнің «Жадырамен айтысатын Павлодардан келген жас талапкер – Серік Құсанбаев» деген хабарламасына, әр жерден шашылған тарыдай болып, бірен-саран адамдар ғана қол соқты…
Жалпы, жиырма жылғы айтыс сапарында республикамыздың барлық облыстарында болып, өнер көрсеттім. Тіпті қайсыбір өңірлерге дәм тартып әлденеше рет барған кездерім де болды. Сонда байқап, санама қатты түйген дүнием, «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» дегендей, Алматының аудиториясы өзіндік талғамы мен танымы, талабы мен сыны бар орта. Үстіне оюлы шапан киіп, қолына домбыра ұстаған кім көрінгенге оңайшылықпен қошемет білдіре бермейді. Ол мейлі ақын болсын немесе әнші-күйші болса да сахнадағы мәдениеті мен өнерінің өресін көрмей жатып дуылдата қол соғып, құшақ-құшақ гүл ұсына қоймайды. Оның өзіндік себептері де көп, бәрін тәптіштеп, жіпке тізіп жаза берудің қажеті бола қоймас. Дегенмен Алматының орны қашан да бөлек болатын. Айтыс
сахнасында табаны күректей жиырма жыл жүрсем де, мен үшін Алматы әлі де сол тәккәпар, талғампаздығымен ерекшеленіп тұрады.
Мені «Павлодардан» – деп хабарлағанда залдың әр-әр жерінен бірен-сараң қол соққандар, шамасы Алматыда тұрып жатқан керекуліктер болса керек. Сол сәтте дүние не болып кеткенін білмей, дел-сал күй кешкенім мен
үшін әлі жұмбақ. Қарадай көз алдым бұлдырап, өңменіме бір өксік кептеліп қалғандай тынысым тарылып, тізем дірілдеп кетті.
Ал атың аталып қойған соң, сахнаға шығуға міндеттісің. Сахнаның сыртынан сыр бермегенсіп шықтым да, көпшілікке жақындаңқырап келіп иіліп сәлем бердім. Бұл жолы қол соққандардың қатары әлгіндегіден әлдеқайда көбейіп қалған секілді. Іштей шүкіршілік айтып, сахнаның төріне қойылған орындыққа отырғанша қара терге малшынып кеттім.
Мыңдаған көрерменнің қадалған жанарының, жарқылдаған фотоаппараттар мен телевизиялық камералардың мысымды басқандығы соншалық, неше күннен бергі дайындап, жаттап алған сәлемімді «тарс» ұмытып қалдым.
Осы сәтте «Сөзімді неден бастасам екен, әлде қыз баласың ғой жолыңды кеспейін деп, бір шумақ өлеңмен Жадыраға сөз бере қойып, әрмен қарай сөзінің аңысын аңдысам ба екен?» деген шарасыздық сауалы санамды сабалап өтті. Ал, қаншама мың халықтың алдына шығып ап, аузыңнан сөзің, қолыңнан бөзің түсіп отырса, бұл дегеніңіз тірідей өлгенмен пара-пар.
Санаулы секундтарда осылай ойлап, енді бір шумақ өлең айтуға ыңғайлана бергенімде, күмбірлеген домбырасын қағып-қағып жіберген Жадыра, менің шерте бастаған домбырамды киіп-жарып айтысты бастап кетті. Мен амалсыздан әріптесімнің сөзіне құлақ түрген қалпы, кезегімді күтіп отырып қалдым.
Жадыраның алғашқы шумағына-ақ қолдау көрсеткен жыр жанкүйерлері шапалақтарын аяп қалмады. Құтжанның қызы төгілдіріп тұрып сәлемін беріп, халықты Наурыз мерекесімен қызу құттықтап жатқанында, манадан бері басқа ұрған баспақтай мәңгіріп қалған менің де есім бірте-бірте кіре бастағандай болды. Осы кезде:
Сырт көзге көрінетін қарапайым,
Серіні енді өзіме қаратайын.
Халқына Алматының не дер екен,
Кеп қалған Керекуден солақайым – деген шумақтармен Жадыра да сөз кезегін маған ұсына берді.
Қолымдағы домбырамды бір қайырып шертіп алғанша, «Иә Алла, өзің жар бола көр» – деп, ішімнен әлденеше қайталап жіберіп, «Бісміллә» – деп, айтысымды бастап кеттім.
«Үлкен сахнаға жаңа ғана шыққан мына бала қайтер екен?» – деп, сілтідей тынып отырған жұрт:
Самғасын сәлем болып саған құсым,
Өлеңмен өлмейтұғын салам мүсін.
Ақ басты Алатауға ажар берген,
Алматым ару қалам аманбысың? – деп алғашқы шумағымды жолдаған сәтте-ақ, ду еткізіп шапалақ ұрып, қолдай жөнелді.
Байқаймын, көңілі көлдей көрерменнің бойында осыдан үш-төрт ақ минут бұрынғы «Мынасы кім?»-деп тосырқаудың да, «Не айтар екен?» деп күмәнданудың да белгілері ізім-қайым жоғалған секілді.
Осыны байқағасын менің де арқа-басым кеңіп, айтарымды айтып қалуға барымды салып бақтым.
Жыр сүйер қауымның ду-ду қолдауы мен қазылар алқасының көтеріңкі баға бергендеріне қарағанда, Жадыра екеуіміздің айтысымыз жаман шықпаған секілді. Әсіресе айтыстың алдында абдырап, ала-құйын күй кешіп, тұңғыш рет республикалық айтыстың табалдырығын сүріне-қабына аттаған мен үшін тіпті үлкен олжа десе болғандай.
Сол кездегі «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы» сынды республикалық басылымдар ағымдағы ақпараттарды өз оқырмандарына барынша жедел жеткізіп бере білетін.
Әсіресе «Алматы ақшамы» газеті бүгінгі өткен айтыстың бүге-шүгесіне дейін жазып, тіпті жекелеген ақындарды фотосуреттерімен таңертеңгілік сандарында жариялап жатты.
Ұмытпасам сол жолғы «Наурыз» айтысына шамамен 36 ақын қатысты-ау деймін. Қорытындысында, қазылар алқасының шешімімен екінші айналымда әріптесінен басым түскен 10 ақын жүлдегер атанды.
Олар Әселхан Қалыбекова, Ерік Асқаров, Әзімбек Жанқұлиев, Құдайберлі Мырзабеков, Жадыра Құтжанова сынды ел мойындаған жыр дүлдүлдерімен қатар оралдықтар Қатимолла Бердіғалиев пен Дариға Мүштанова, өскемендік Абаш Кәкенов пен семейлік Дәмеш Омарбекова секілді есімдері республика жұртшылығына беймәлім жас талапкерлер болатын.
Тобынан оза шауып, бәйге алған осы ондықтың ортасында бақыттан басым айналып, «Осы көргенімнің бәрі өңім бе, әлде түсім бе?» деп, сенер-сенбес күй кешіп мен де тұрдым.
Мұқан ағамның қуанышында шек жоқ. Келіншегі ұл тапқандай, бөркін аспанға атып мәз-мейрам. Сахнадағы ақындардың барлығын құшақтап, құттықтап шықты. Қарулы қолдарымен қайта-қайта қолымды алып, сілкіп-сілкіп қояды.
Кеше ғана Көкен ағаның бөлмесінде танысып, ағалық-әпкелік тілектерін білдірген қазақ айтысының майталмандары да «Тобымызға жаңа ғана қосылған жас ақын» демей-ақ, бірінен соң бірі қолымды алып, шынайы тілектестіктерін білдіріп жатты…
Сонымен Алматыда өткен «Наурыз-89» атты аламан айтыстың жеңімпазы атанып, республикалық деңгейдегі тұңғыш жеңісімді арқалап елге оралдым. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ. Дегенмен Мұқан ағамның өмірден көрген-білгені мол адам ғой. Павлодардағы таныс-білістері мен басшы-қосшылардың біразынан сүйінші сұрап, елдегілерді хабардар етіп қойыпты.
Оны Павлодар әуежайында мені қолдарына гүл ұстаған мәдениет басқармасының адамдары мен жергілікті газет-телевидение журналистері, таныс-тамырлар бар әжептәуір адам қарсы алғанда бірақ білдім.

(Жалғасы. Басы сайтта 5 қаңтарда жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Руханият

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

ТҰҢҒЫШ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ТҰЩЫ ДӘМІ

Сол жылы күзге қарай:

Қараңғы қазақ төріне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам? – деп, ұлтының азаттығын аңсаған, алайда тағдырдың жазуымен өзі аңсаған азаттық таңын көре алмай, бар болғаны жиырма жеті жасында Алаш аспанынан ағып түскен жарық жұлдыз Сұлтанмахмұт Торайғыров 95 жасқа толатын болды. Бұл мерекеге байланысты ұйымдастырылатын мәдени шараларға, соның ішінде әсіресе облыстық ақындар айтысына жергілікті билік тарапынан аса қатты көңіл бөлінді.
Облыстық атқару комитетінің нұсқауы солай болды ма, облыстық мәдениет басқармасы аудандардағы мәдениет бөлімінің бастықтары мен айтысқа түсетін ақындардың барлығын өткізілетін тойға дейін облыс орталығына бір емес, бірнеше мәрте жинады. Сахнаға киіп шығатын ұлттық киімдерінен бастап, қолдарына ұстайтын домбыралары мен аталмыш айтысқа дайындықтарын, қыл аяғы айтыс кезінде орналасатын қонақ үйлеріне дейін қайта-қайта тәптіштеп, тексерумен болды.
Екібастұз, Баян өңірлеріндегі ел-жұртқа ақын ретінде шамалы болса да танылып қалғаныммен Сұтанмахмұт Торайғыров айтысы мен үшін облыстық сахнаға тұңғыш қадам басуым еді. Уақыт жақындаған сайын жүректе әлдеқандай бір қобалжу пайда болды. Ең әуелі «Павлодар халқы қалай қабылдар екен? Кіммен айтысам және айтысым қалай шығады?» деген секілді сауалдар мазалай бастады.
Ақыры «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген тоқтамға келдім де, той иесі жайлы деректер жинап, айтысатын ақынымның аужайын байқап, Павлодардағы қайсыбір ұлттық мәселелерге назар аударып дегендей, өзімше жан-жақты дайындала бастадым.
Ол кезде қызыл империяның әлі де болса күшінде тұрған шағы. Айтыста артық-ауыз әңгімеге жол беруге, партияны сынға алып, көпшілік алдында ұлттық мәселелерді ашық көтеруге қатаң тыйым салынған.
Содан айтысты ұйымдастырушы басшы-қосшылар айтыстан бір күн бұрын бас қосқан ақындарға жоғарыда айтылған сарындағы ақылдарын айтып, ескертулер жасап, біраз дүниені қайта-қайта тәптіштеп дегендей, арқаланып келген ақындардың арынын басып-ақ тастады.
«Ал енді сұрақтарыңыз болмаса, қонақ үйге барып демалып, ертеңгі жауапты сынға дайындалыңыздар» – деді, сол кездегі облыстық атқару комитетінің жауапты қызметкерлерінің бірі. Жасы үлкендер мен лауазымды адамдар не айтса да, бас шұлғып әдеттенген біздер «мақұл» десіп, орнымыздан тұруға ыңғайлана бергенімізде:
«Құрметті мырзалар! Менің осында жиналғандарға айтарым бар еді» деді көзіне қара көзілдірік таққан, қырықтар шамасындағы жігіт ағасы, қарлығыңқы үнмен.
Облыстық мәдениет басқармасындағылар «Мұқа, тағы бір реті келгенде айтарсыз, ақындар жолдан шаршап келген болар, демалып, ертеңгі айтыстарына дайындалсын да» деп қақпайлай берген.
Осы сәтте әр ауданның сайысқа түсер ақындарын үкілеп әкелген мәдениет басшылары өзара дабырласып, елеңдесе қалғасын, ақындар да әлгі «тосыннан сөз сұраушыны» тыңдайтын ыңғай білдіргенбіз.
Көзілдірікті ағамыз ортаға таяп келді де: «Жолдас басшылар! Сіздер қызықсыздар. Ақындарға «Ананы айтпаңдар, мына мәселені қозғамаңдар, партияны сынамаңдар» деп, әлден тыйым саласыздар. Айналасында, күнделікті қоғамда болып жатқан жақсылы-жаманды көріп жүрген ақын өз көзімен көргенін айтпағанда, біреуден естігенін айтпақ па? Сол үшін ақындарға елдің мұңы мен зарын, замананың бет-бедерін айтсын деп қылыштай өткір тіл берген жоқ па? Павлодар көшелерін аралап көрсеңіздер «жарымжан жазулардан» аяқ алып жүргісіз. Көшелердің атауының 90 пайызы орыс тілінде аталып-жазылған. Тіл мәселесі әлі күнге дейін көктемей жатқаны анау. Қаламызда қазақ мектептері мен балабақшалары жоқтың қасы. Ақындар осы секілді өзекті мәселелерді айтпағанда, үйдегі ішіп-жегендерін айта ма?» – деді сөздерін шеге қаққандай нық-нық сөйлеп.
Осы кезде әр жерден қолдау көрсетіп:
– Мұқаң дұрыс айтады.
– Ақындардың аузына қақпақ болғанды қою керек.
– Сұлтанмахмұттай жарқ етіп өшкен жасынның айтысында айтпағанда, қайда айтады ол ақиқатты? – деп, наразылық білдіре бастады сол жердегілер.

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

(Суретте: Серік Құсанбаевтың өнердегі ұстазы, ақын, дәрігер Мұхамбедия Ахметов)

Ұзын сөздің қысқасы, әлгі жерде біраз дау болып, сол күні әсіресе мен секілді облыстық айтысқа тұңғыш қадам басқан жас ақындар Мұхамбедия Ахметов деген өрелі де, өткір азаматтың батылдығы мен табандылығының арқасында тұңғыш рет демократияның тұщы дәмін таттық.

БАС АҚЫН МЕН ЖАС АҚЫН

Мен Мұқаңның қаңтардағы айтыста Құдайберлімен қағысқанын көргенім болмаса, соншалық жақсы танымайтын едім. Сөйтсем, ол кісі нағыз ұлтжанды, суырып-салма ақын екен. Оған сол жолы екі күн қатарынан өткен аламан айтыста көзім жетті.
Ақтық айтыста әріптесі екібастұздық Сабыржанды небір күрделі сұрақтардың астына алып, тығырыққа тіреген Мұқаң, сөз ауаны «ұлттар достығы» тақырыбына ауысқанда КСРО-ның құрамындағы 15 мемлекеттің біразының тілін қазақтың қарапайым қара өлеңімен теп-тегіс етіп жымдастырып, өлең құрағанда залда отырған бір жарым мың халықпен бірге сахнаның сыртында жүрген біздің де аузымыз ашылып, көзіміз жұмылды.
Сол жолы өзге ақындарға қарағанда Мұхамбедия мен Сабыржан Ахметовтардың жұлдыздары жарқырай көрінді. Екеуі ақтық айтыста әуелде белгіленіп берген уақыттан тыс бір жарым сағаттай сөз таластырып, бұрын-соңды болмаған айтыстың тамаша үлгісін көрсетумен қатар көптен бері өлеңге сусап жүрген жырсүйер қауымның айызын қандырды. Ал мен бұл айтыста Екібастұз ауданының ақыны Тұрсынбай Олжабаевпен айтысқан едім. Тұрсекең біраз уақыттан бері Жүкеңнің баптап жүрген жүйрігі болатын. Елге танымал әнші-термешілігі өз алдына, оның өлең жаттау қабылеті мен орындаушылық шеберлігі (артистизмі) де керемет болды. Обалы не керек, Түкеңнің дайындығына көңілі толмай кешкілік Жүкеңнің өзі жазып берген жырларының бірін де қалдырмай, келесі күнгі айтыста төкпелетіп отырып, нақ бір өзегінен жарып шыққандай етіп орындап беретін. Біздерге қарағанда жасы да біраз үлкендеу болғасын ба, ел арасында оны «Облыстың бас ақыны» деп әспеттейтіндер де бар болатын.
Мен Тұрсекеңмен сол кездерде ақындардың арасында қалыптасып, дәстүрге айналып бара жатқан ескі сүрлеуге түсіп-ап ағаласып, сылап-сипап айтысуды хош көрмедім де, бірден шарт та, шұрт айтысқа көштім. Сөйттім де, қаншама уақыттан бері Түкең мен Жүкеңнің екі жақтап дайындалған проблемалық тақырыптарына баруына барынша мүмкіндік бермеуге тырыстым. Нәтижесінде, бұрындары гүжілдеген дауысымен залдағылардың делебесін қоздырып, дүрліктіріп әкететін Тұрсекең, бұл жолы көсіліп шаба алмай қалды.
Жалпы поэзияда жасы үлкен немесе сыйлы адамыңа үнемі «Сіз» деп сөйлеу нормасы сақтала бермейді де, реті келіп қалған жерлерде амалсыз «Сен» деп сөйлеуіңе тура келеді.
Мұны айтып отырған себебім, айтыстан соң көп ұзамай облыстық газет бетінде С.Торайғыров айтысынан көлемді репортаж берілді. Сол жылдардағы облыстық «Қызыл Ту» газетінде үнемі рухани мәселелерге қалам тартып жүретін Мұхаметжан Дәуренбеков ағамыз жалпы айтыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын әрі тартысты өткендігін айта келіп, айтысқа тұңғыш қадам басқан жас ақындарға да тоқталыпты да, «Болашақтарынан үміт күтуге болады» деп, үш-төрт жас ақынның фамилиясын атай кетіпті. Солардың арасынан өз фамилиямды оқып, менің де көңілім көтеріліп қалды.
«Жақсы сөз жарым ырыс» демей ме, айтыстан бұзып-жарып бәйге алмасам да, журналист ағамыздың облыстық газет бетіндегі бір ауыз жылы лебізіне марқайып-ақ қалдым.
Араға біраз уақыт салып, тағы да сол облыстық газет бетіне Павлодар педагогикалық училищесі ұстазының (ұмытпасам фамилиясы Жұмабаева-ау деймін) айтыс жайлы мақаласы шығыпты.
Ол мақалада «Екібастұздан келген жас ақын, «Серік Құсанбаев» деген облысымыздың бас ақыны Тұрсынбай Олжабаевпен өте дөрекі айтысып, әкесіндей адамға «сен» деп сөйлегенімен қоймай, елге танымал ақынның ел жайлы айтам деген мәселелерін айтқызбай, аузына қақпақ болып дей ме, қысқасы Тұрсекеңнің жанайын деп тұрған бағын байлады» деп сынап-мінеп, мені біраз жерге апарып тастапты.
Ол кісінің ойынша мен «Тұрсеке елдегі ана жағдайға қалай қарайсыз немесе мына мәселеге не айтар едіңіз? Қазақ тілінің хал-ахуалын тіліңізге тиек ете отырсаңыз?» деп, қарсыласымның аузына сөз салып беріп, оның осы тақырыптарға дайындап әкелген дайын жырларын тыңдап, содан ләззәт алып отыруым керек екен.
Негізі ақындардың арасында «ақылдасып айтысу» деген, жаман әдет бар. Ол дегеніңіз, айтысатын екі ақын қоғамдағы проблемалық мәселелерге алдын-ала келісіп ап, тыңғылықты дайындалып келеді де, бір-бірінің аузына сөз салып қойып, тыңдарманға сол жерде суырып-салма өнердің ғажап үлгісін көрсеткендей әсер қалдырады. Ол үшін ақындар айтысын ұйымдастырушыларға хабарласып, «Мен осы жолы бірінші айналымда пәленшекеңмен, екінші айналмыда түгеншемен айтыссам деп едім» деп, бүгінгі тілмен айтқанда алдын-ала «заявка» беріп қояды.
Бір жұп айтысқа берілетін бар болғаны жиырма минутта әлгі екеуінің әр қайсысы үш-төрт кезектен әлеуметтік мәселе қозғап, бірінің сөзін бірі іліп әкетіп отырса, айтыс шықпағанда қайтеді. Ол үшін ағып тұрған ақын болудың да қажеті шамалы. Тек жазып берген дүниені домбыраға қосылып орын-орынымен айтып берсең болғаны. Бір қызығы бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасын табуда. Әсіресе соңғы он жылда жан-жақты дамып, тамырын тереңге жібергендігі соншалық, бір облыстың атынан айтысқа түскелі жатқан ақынды әлгі облыстың үлкенді-кішілі ақын біткені жабыла дайындайтын дәрежеге жеткен.
Айтысқа алғаш араласа бастағанда «Секе осылай да, осылай, ел алдында айтысымыз шықпай қалып, ұятты жағдай боп жүрмесін, алдын-ала айтатын ойларымызды бір-бірімізге білдіріп қойсақ» деген секілді жанашыр ұсыныстар маған да түскен. Өз басым айтысқа келген бетте осы бір жасандылық пен көзбояушылыққа үзілді-кесілді қарсы болдым және осы қағидамды жиырма жыл ұстандым да. Мүмкін содан да болар, қайсыбір ақындардың айтыстарындай менің айтыстарымның барлығының сәтті бола бермейтіндігі. Менің осындай ұстанымымнан хабардар болған ақындар бір-бірінен естісе керек, ақыры ондай ұсыныстар түсірмейтін болды.

(Жалғасы, басы 17 желтоқсанда сайтта жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Руханият

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

ЕКІБАСТҰЗДЫҢ ЕКІ ЖИРЕНІ

Көп ұзамай Екібастұз қаласының 30 жылдық мерекесі жан-жақты аталып өтті. Мереке өтетін қалалық демалыс паркінде неше түрлі мәдени-спорт шаралары ұйымдастырылып, қаладағы өнер ұжымдары жиналған халықтың алдына шығып өз өнерлерін паш етіп жатты. Мерекеге жиналған халықтың есебінде сан жоқ.
Біздің «Жас толқын» ансамблі де сахнаның сыртында кезекті номеріне дайындалып тұрған. Кенет жігіттердің бірі «О, Сабыржан келе жатыр» деп қалды.
Мен осы қалада «Сабыржан Ахметов (суретте) деген мықты ақын бар» деп ел аузынан естігенім болмаса, бұрын-соңды ол жігітті көрмеген едім. Сөйткенше қасына 6-7-лер шамасындағы ұл бала ерткен жұқалау келген сымбатты жігіт ортамызға келіп, жігіттермен жағалай амандаса бастады. Байқасам әр сөзін ұйқастырып, әзіл-қалжың араластырып, нықтап-нықтап сөйлейді екен. Дауысында да екінің бірінде бола бермейтін бір әуезділік бар.
Кезек маған келгенде Сабыржанды бұрыннан танитын жігіттердің бірі «Сәке, мынау Серік Құсанбаев деген айтыста жаңа көріне бастаған ақын ініңіз, жеке тәрбиеңізге алсаңыз соңыңыздан ерер ізбасарыңыз болуға әбден лайық азамат» деп, мені таныстыра қойды.
Сабыржан әлгі жігіттің сөзіне елең ете қалды да, «Ә, солай ма, өткенде Сарықамыстың сахнасында атой салған солақай ақын сен екенсің ғой? Сыртыңнан естіп, өнеріңе тәнті болып жатырмыз, қай жерден боласың?» деп, өткір көзімен лезде бас-аяғымды шолып өтті.
– Шығыс Қазақстанның Зайсан деген жеріненмін – дедім.
– Сен Шығыстан болсаң, мен Батыстанмын. Атырау деген жерді, Адай деген елді естуің бар шығар? – деді күліп. Ол сонау шалғайда жатқан елі мен жерін айтқан кезде, кеудесін бір мақтаныш сезімі кернегендей боп көрінді маған.
– Иә, естігенбіз. «Танысаң Адаймын, танымасаң Құдаймын» деп тұрсыз-ау шамасы – дедім, әңгімені әзілге бұрып.
«Дәл солай, тауып айттың. Байқаймын бауырым, сен өзі жөн білетін жігіт секілдісің. Концерттен кейін жолығып әңгімелесейік. Бәлкім тіл табысып кетерміз» деп иығымнан қақты да, «Солай ма жігіттер?» деді қасымыздағыларға қарап.
«Бәле Сәке, сен де айтасың-ау! Тіл табысып кетерімізің не? Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше демейтін бе еді? Бірің Батыстан, бірің Шығыстан екі жүйрік шұрқырасып кеп Сарыарқаның төрінде табысып жатқандарыңды атаусыз қалдырғандарыңыздың өзі ұят» деді, арамыздағы сөзге шешен, қызылордалық Батыр деген өнерпаз жігіт.
Осы сәтте «Сахнаға еліміздің еркесі, арқалы ақынымыз Сабыржан Ахметов шақырылады» деді концерт жүргізушісі.
Сахнаны алқалай жиналған қала жұртшылығы Сабыржанның аты аталғаны сол екен, ду қол шапалақтап, қиқулай-ысқырып, дүрлігіп кетті.
Сабыржан жыл басында Павлодарда өткен аймақтық айтысқа әлдебір себептермен қатыспай қалған. Сонда павлодарлық біраз жанкүйер қауым «Сабыржан айтысқа қатыспай ма, ол неге көрінбейді?- деп іздеген болатын. Павлодарлықтардың сол кезде-ақ іздеу салғандары мен бүгінгі екібастұздықтардың шу ете қалғандарына қарағанда, ел арасындағы Сабыржан абыройының аса зор екендігі бірден аңғарылып тұрды.
Сахнаға жеңіл көтерілген Сәкең бірер ауыз қара сөзбен Екібастұз халқын 30 жылдық мерекелерімен құттықтады да, қолындағы домбырасын күмбірлете жөнелді. Саңылауы бар адамға төкпелетіп шерткен домбырасынан-ақ оның Батыс өңірінің тумасы екендігі байқалып тұрды. Бір ерекшелігі ән орындағанда екі көзін тарс жұмып алады екен. Сабыржан халықтың қолқалауымен бірінен соң бірін екі ән орындап берсе де, халық оны сахнадан жібергісі келмей қол соғып, қайсыбір қаны қызба көрермендер жай өлеңді місе тұтпағандай сыңай танытып, «Оу Сәке,
ақын емеспісің, осындай ұлан-асыр тойда әу деп жібермейсің бе?» деп өтініш жасап жатты.
Ақыры көп көңілін қимады ма, Сабыржан сахнаға қайта оралып микрофонға жақындай берген. Осы сәтте менің басыма «Мұндай реті келіп тұрған ұлы тойда бір-екі ауыз өлеңмен қағысып, неге Сабыржаннан бата сұрамасқа?» деген ой келе қалды. Қасымда тұрған ансамбль жетекшісі Мәдина апайға «Сахнаға шығып Сабыржанмен қағысып көрсем қайтеді?» деп ішкі ойымды білдірдім.
Ол кісі «Мынауың жақсы ұсыныс екен, бірақ өзіңе қарағанда әлдеқайда азулы әрі абыройлы ақынмен қағысуға жасқанбайсың ба?» деп, алаң көңілмен бетіме қарады.
Мен «Жоқ, жасқанбаймын» дедім, жұлып алғандай. Шынымды айтсам мен ол жағын ойлап та үлгірмеп едім. Бірақ, дәл сол арада ойланып-толғанып тұруға уақыт жоқ, тезірек бір шешімге келіп, не алай, не бұлай болуым керек болатын.
Бұл кезде Сабыржан өзінің көпшілікке таныс төкпе мақамымен жырдан шашу шашып, елді дуылдатып жатқан. Мен «Неде болса жығылсам нардан жығылайын, нар тәуекел!» дедім де, өлең айтып бола берген Сабыржанның қатарына келіп тұра қалдым.
Мұны көрген халық ризашылығын білдіріп, қол соғып жіберді. Көп алдында арқаланып, қара өлеңге желмаядай желіп тұрған ақынға екі-үш ауыз өлеңді суырып салып айта салу қиын болып па? Сәкең маған бір қарап алды да, сол селдеткен күйі маған арнап бес-алты шумақ өлеңді бірден төгіп тастап барып тоқтады.
Бағанағы қиқу қиқу ма, халық одан да қатты ысқырып, жер тепкілегендей толқып кетті. Мен ақын ағама жауап бермек болып, домбырамды шерте батағаным сол, шамасы таныс-тамырлар болар немесе бірге жұмыс істейтін жігіттер ме екен, көпшіліктің арасынан «Бас, Серік, жасқанба, ата-бабаңның аруағы қолдасын!» деп даурыққан дауыстар ап-анық естілді.
Бұл жерде ата-баба аруағын шақырып аттандайтындай ештеңе жоқ болатын. Менің ойым – бар болғаны елге танымал, сырттай өнеріне таңсық боп, «Бір көрсем» деп құмартып жүрген ақын ағадан ел алдында бата алу ғана.
Өлеңімде солай деп айттым да. Сол жерде Сабыржан екеуіміз тікемізден тік тұрған қалпымызда он бес минуттай қағыстық.
Ойламаған жерден басталып, Екібастұз халқының алдында маған әжептәуір абырой әперген айтыс Сабыржанның:
Арқалап ағайынның арманын көп,
Сан тойда топ бастап ем тарланың боп.
Жаныма жалғыздығым батса дағы,
Жүруші ем сыр алдырмас арланың боп.
Ізім басар ізбасар іні таптым,
Ағайын енді менің арманым жоқ – деген ақ тілеулі ағалық батасымен аяқталды.
Қала тойындағы екі ақынның жарасымды қақтығысы, ағасының інісіне берген ақ батасы, тағы да біразға дейін ел аузында гу-гу әңгімеге тұздық болып жүрді.
Арада екі апта өтер-өтпесте Баянауылда да айтулы сабантой болып, сол жолы Сабыржан мені қасына ерте барды.
Баянауыл Алла тағаланың ерекше назары ауған, қазақ даласындағы аса көрікті жерлердің бірі де, бірегейі. Айналасы қарағай-шыршалары бітік өскен заңғар таулар. Көк төрімен таласқан тәкәппар таулардың ортасына өзінің сән-
салтанатымен, сұлулығымен үйлесімді орналасқан әйгілі Торайғыр, Жасыбай, Сабынды сынды айдын шалқар көлдер кімді де болса тамсандырмай, таң қалдырмай қоймайтын.
Баянауыл – топырағына айбынды Абылайға ақылшы болған кемеңгер Бұхар жыраудан бастап, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса сынды сұңғыла ақын-жыршылардың, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шокиндей ғұлама ғалымдардың, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев секілді кино жұлдыздарының, бір сөзбен айтқанда қазақтың біртуар алыптарының кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Осынау киелі өңірді ен жайлаған Баянауыл халқы қаймағы бұзылмаған, ұлтымыздың салт-
дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын сары алтындай сақтай білген, бірлікті де, берекелі ел болатын.
Мен қазір Кереку өңірінде өткен он сегіз жыл ғұмырымды, әсіресе Баянауылсыз, ондағы жаны жайсаң азаматтарсыз көз алдыма елестете алмаймын. Баршынбай деген досым болды. Өзі шаруақор, пысық. Өлең десе, өнер десе дүниенің бәрін ұмытатын. Керекуден көшкенге дейін жақсы араласып тұрдық. Жылдың қай мезгілінде болсын, отбасымызбен бара қалсақ болғаны, бір қойын сойып тастап, арқа-жарқа қуанатын. Табиғаттың аясына алып шығып, демалдырып, неше күн көлге шомылдырмай жібермейтін.
Сонда жүріп тамылжып тұрған табиғат аясындағы Жасыбайдың айнадай жарқыраған айдын көліне алаңсыз шомылған, кешкілік Ақбеттаудың шыңына шығып ап, домбырамен асқақтата ән салған бақытты шақтарды ұмыту, сірә да мүмкін емес екен.
Ол кезде мен талай ақынның жырына арқау болған, жасындай жарқылдаған әйгілі «Жиырма бесте» екенмін. Талай-талай қызықты кештер мен бас қосуларда «Жиырма бес екі айналып, келмес саған» деп, ән салып жүрсек те, дәл сол кездерде өзіміз айтқан әндеріміздің қайсыбір астарлы сөздеріне мән бере қоймаппыз. Үлкендердің «Қайран жастық, қайран жиырма бес!» деп, үнемі айта беретін, өткен күндерге деген сарғайған сағыныштарының қыры мен сырын енді ғана ұғынғандаймын.
Баяндағы сабантой да өте жоғары деңгейде өтті. Ат жарысы, палуандар күресі, ақындар айтысы дейсіз бе, барлығы да тойға келген елдің санасын сергітіп, қиялдарына қанат бітіргендей әсерде болды. Басқасын айтпағанда,
сол елдегі біраз айтулы азаматтармен танысуымыздың өзі үлкен олжа болды. Ол жердегі көрген-білгенімізді, айтыстың қалай өтіп, қалай қойғанын тәптіштеп жазудың қажеті бола қоймас. Дегенмен көп алдында өрелі өнер көрсетіп, сый-сияпат алып дегендей, Сабыржан екеуіміз де мерейіміз үстем болып қайттық.
Сабыржан қызу қанды, өткір мінезді жігіт болды. Екібастұздағы көмір шахталарының бірінде машинист болып жұмыс істейтін. Туып-өскен жері ұмытпасам Атырау облысының Теңіз ауданы-ау деймін. Қашан көрсең бойына жарасымды киім киіп, үстіне қылау түсірмей таза жүретін нағыз серінің өзі болатын.
Сабыржан екеуіміз едәуір уақытқа дейін бірге туған ағалы-інілі адамдардай өте жақын араластық. Сол кездерде мен одан көп нәрсені үйреніп, көп нәрседен жирене де білдім. Әсіресе сөз саптау, домбыра тарту, сахнада қалай отыру, әріптесті тығырыққа қалай, қайтіп тіреуге болады деген
секілді, бір сөзбен айтқанда айтыстың әдіс-тәсілдерін үйрететін әліппесін өттім деуге болады.
Сәкең ел арасындағы той-томалақтарға, өздерін қонаққа шақырған жерлерге (ондай тойлар өте көп болатын) мені де бірге ерте барып жүрді.
Осылайша біраз уақытқа дейін үнемі жұбымыздың жазылмай жүруіне байланысты кейін ел арасына «Екібастұздың екі жирені» деген лақап атымыз да тарап кетті.
Ол үйдегі Хабиба жеңгеміз сол өңірге белгілі, беделді әулеттің қызы еді. Содан да болар үйде де, түзде де өзінің үстемдігін жүргізіп отырғанды жақсы көретін. Өзінің Сабыржаннан он жастай үлкендігі болды.
Өзінен әлдеқайда жас болғасын ба, болмаса басқа ма, әйтеуір Хабиба жеңгеміз ақын ағамыздың қасынан бір елі қалмайтын. Тойға барса да, концертке барса да. Тіпті кешкілік спорт залға барып бір уақыт доп ойнаса да, қылқиып қасында жүргені. Мен сонда, «Апыр-ай мына кісінің үйінде жуатын кірі, пісіретін тамағы, қыл аяғы бағатын баласы жоқ па?» деп қайран қалатынмын.
Жеңгеміздің осы қылығына күйінген ақынның шарасыздықтан, «Болды бітті, ажырасам. Бұдан әрі шыдай алатын емеспін» деген сөздерін талай мәрте естіген күндерім де болды.

(Жалғасы. Басы сайтта 12 желтоқсанда жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Руханият

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

САРЫҚАМЫС САХНАСЫНДА

Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)

Сол жылы жаз айының басында Екібастұз ауданына қарасты «Сарықамыс» совхозының сабантойы өтіп, онда ат жарысы, палуандар күресі, ақындар айтысы ұйымдастырылады екен» деген сыбыс естілді. Бір күні жұмыста жүрсем, «Алдымыздағы сенбіде ешқайда кетіп қалмасын, сабантойға барамыз, айтыс болады» деп, Жүкең ұлдарының бірінен сәлем айтып жіберіпті.
Мен ол кезде шаршы топқа шығып ештеңені қиратып тастамасам да, дастархан басында немесе ақындармен бетпе-бет кездесіп қалған жерлерде айтар ойымды емін-еркін өлеңмен жеткізе алатындай дәрежеге жетіп қалған болатынмын.
«Сарықамыс» совхозы Екібастұз қаласынан 50-60 шақырымдай жерде екен. Қатар-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер. Ат жаратқан, палуан баптаған бапкерлер мен шопан, жылқышы жігіттер. Төрге таяу орнатылған биік сахнада би билеп, ән шырқаған өнерпаздар.
Жүкең келген бетте мәдениет саласындағыларды жиып жіберіп, концерттік бағдарламамен танысып шықты. Сосын кімнің-кіммен, қай кезде айтысатындығын, қандай ән айтылып, нендей күй тартылатындығына дейін пысықтап, сол жерде жүргендерге қадау-қадау тапсырма беріп тастады.
Сол жолы ұмытпасам екі-ақ жұп айтыс болды-ау деймін. Мен сарқамыстық Күләш (фамилиясы есімде қалмапты) деген ақын келіншекпен айтысатын болдым. Жасы менен біршама үлкен Күләш апайым Екібастұз ауданының атынан бұрын бір-екі рет (онда да Жүкеңнің гөй-гөйімен) айтысқа түскен екен. Тіпті сол кездегі облыстық «Қызыл Ту» газетінің тігінділерінің бетінен Тұрсынбай екеуінің суреттерімен берген айтыстарын да көзім шалып қалған.
Сөйтіп мен, өмірімде тұңғыш рет, 25 жасымда айтыскер ақын ретінде сахнаға шақырылдым. Біздің халықтың мінезі баладай аңғал, пейілі өзінің кең байтақ даласы секілді кең ғой, шіркін. «Бұл қайдан шыққан ақын, бұрын соңды неге көрмегенбіз?» деп тосырқамай-ақ, жүргізуші: «Сахнада Екібастұз қаласынан келген жас ақын Серік Құсанбаев» деп хабарлаған сәтте, мені баяғыдан көріп-біліп, өлеңдерімді күнделікті тыңдап жүрген жандардай-ақ, ду еткізіп қол шапалақтап жіберді.
Қанша дегенмен бұрындары ән, терме орындап көп алдына шығып жүрген аз да болса тәжірибем бар ғой. Әлде Алла тағала сабыр берді ме, тұңғыш рет ақын деп аты-жөнімді хабарлағанда көп сасқалақтай қоймағаным әлі есімде. Анда-санда теледидардан көріп жүргендегі ақындардың рәсімімен сахнаны алқалай отырған көпшілікке сәл иіліп сәлем бердім де, орныма отырып айтысты бастап кеттім.
«Өзге ақындар да солай шығар» деп ойлаймын. Өз басым «Әп, бісіміллә» деп айтысты бастағаннан бүгінгі күнге дейінгі бір әдетім, ол «Пәлен жерде айтыс болады екен» деген хабар құлағыма тиісімен менен маза кете бастайды. Әуелі көз алдыма баратын жерімнің жырқұмар жұрты келеді. Сосын сол елдің өткен-кеткен тарихы мен жер-су аттары, жақсысы мен жайсаңы, өнердегі, әдебиет пен мәдениет, спорт саласындағы қайраткерлері, қала берді айтысатын ақының жайлы жинайтын деректер бәрі-бәрі мені бей-жай қалдырып, бейғам жүруіме мүмкіндік бермейді. Сол ширыққаннан ширығып, түнде ұйқың қашып, ең ақыры әлгі болатын айтыс аяқталғаннан кейін ғана иығымнан бір ауыр жүк түскендей «уһ» деп жеңілдеймін. Кейде «Өз жанымды өзім жеп, не болса соны ойлай бермей, бір уақ дем алайыншы» деп те ойлаймын. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ қалай ыңылдап немесе қолыма домбырамды алып айтысқа дайындалып отырғанымды байқамай қаламын. Бәлкім бұл көпшіліктің алдындағы жауапкершілік болар?
Сарықамыстағы тұңғыш айтысым «Еш дайындықсыз, сәтті өтті» десем, оған ешкім сене қоймас. Совхоздың аудан бойынша өзіндік көрсеткіштері, озат малшылары мен сауыншылары да жоқ емес болатын. Ал бүгінгі дүбірлеп өтіп жатқан сабантой да елдің бірлігі мен ынтымағының арқасы, сондықтан «Осы елдің атқамінер азаматтары, қара ормандай халқы аман болып, жылдан-жылға табыстан-табыстарға жете берсін!» деген сарында алдын-ала жобалап қойған үш-төрт ауыз жыр шумақтары сәтімен айтылып, көпшіліктің қошеметіне де ие болып жатты.
Айтыс өзінің төл өнері болғасын ба, жалпы қазақ халқы қай уақытта болмасын ақынның дайын жыры мен табан астында суырып салып айтқан өлеңін байқап, біліп отырады. Ыңғайы келіп қалған жерде ұйқасы әлсіздеу болса да, тосыннан айтылған бір шумақ өлеңіңе тыңдармандарың дуылдата қол соққанда, жасырып-жабары жоқ кәдімгідей арқаланып, тағы да сол тектес өлең айтуға тырысасың.
Күләш екеуіміздің әпке мен іні боп, сіз-біз десіп сыйластықпен басталған айтысымыз соңына қарай өзгеше сипат ала бастады. Оған себеп, айтары таусылып қалды ма, болмаса «ешкім байқай қоймас» деді ме, бір кезде Күләш апайым өткендегі айтыста айтылып, газет бетінде жарық көрген біраз сұлу шумақтарын айта бастады. Алғашқы бір кезегінде елемеген болып отыра берген едім. Сөйтсем арқаланып алған ақын әпкем газетке шыққан айтысының үтір-нүктесіне дейін айта бастады. Осы сәтте көрермендердің арасында отырған Жүкең де ымдап, бір белгі бергендей болды. Ендігі жердегі сіз-біздің абырой бере қоймасын сездім де:
Апатай айлалысың, қылықты-ақсың,
Талайдың аузын сөзбен құлыптапсың.
Газетте жарияланған жырларыңның,
Апыр-ай! Бір шумағын ұмытпапсың – деп келетін бір шумақ өлеңді табанда құрастырып айтқаным сол еді, отырған жұрт орындарынан тұрып кетердей дүр ете қалды. Манадан бері бір сарында, сыйластықпен өтіп жатқан айтыс аяқ астынан өзгеріп сала берді. Елдің бір серпіліп қалғанына қарағанда, әріптесімнің ұрымтал тұсын дөп басқандаймын. Қазақ «темірді қызғанда соқ» демей ме, санамда «Осы сәтті пайдаланып қалмасам болмайды» деген ұшқыр ой жылт ете қалды да:
Жақсыны жамандыққа қия алмайсың,
Көмейге келген жырды тыя алмайсың.
Ескі-құсқы өлеңіңді айтқаныңша,
Халықтан мына отырған ұялғайсың.

Сөзіне абай болар ақын адам,
Соншалық жан емес ең, заты надан.
Тағы да былтырғыңды қайталасаң,
Дәл қазір тұрып кетем сахнадан – деп бастырмалатып жібердім. Спорттың шығыс жекпе-жегі немесе бокс түрлерінде қарсыласыңа дөп тиген бір соққы сайыс тағдырын шешіп жіберетіні бар. Оңтайын тауып қарсыласыңның осал тұсынан салмақтырақ бір соққыңды өткізіп жіберсең, нысанаңдағы қарсыласың құлап түспесе де, басы айналып, тәлтіректеп қалады. Бокста мұны «нокдаун» деп атайды. Ал, нокдаунға ұшырап, басы айналып қалған қарсыласыңды есін жиғызбай бастырмалата ұрсаң, таза жеңістің ауылы да алыс емес. Осы тұрғыдан алып байқасам, қарсыласым абдырап қалған секілді. Домбырасын шертіп біраз отырып қалды да, әлдене деп жауап қайтармақ болып еді, жұрт шулап «Күләш болды, болды. Жас ақын жеңді, сөзге тоқтау керек» деп, жерлестеріне әрмен қарай айтпақ болған өлеңін айттырмай қойды.
Айтыс аяқтала салысымен мені құттықтаушылар сахнаға дейін шығып кетті. Жүрсін аға шетке қарай алып шығып, «Жарадың бауырым, әлгінде Күләштің газетке шыққан жырларын бетіне басып жібермегеніңде, дәл мұндай тартысты айтыс шықпас еді» деп арқамнан қақты.
Мен үшін Жүкеңдей сыншыдан мұндай жоғары баға алу, сол жердегі жүлденің ең үлкені болатын.
Сөйтіп «Сарықамыс» совхозының сабантойында менің алғашқы айтысым, алғашқы жеңісім, алғашқы қуанышым осылайша қоса қабаттасып келген болатын.
«Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылады» демей ме, ел арасындағы айтыстар мен той-томалақтардағы ақындардың сөзбен қақтығысы сол жазда менің атымды біраз елге таратып жіберді. Ендігі жерде менің атыма «Екібастұздан «пәленше» деген жас ақын шығыпты, өзі солақай екен, өлеңді төкпелеп, тоқталмай айтатын көрінеді» деген секілді, көтермелей сөйлеген сөздер ауыздан ауызға тарай берді…

(Жалғасы. Басы 10 желтоқсанда сайтта жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button