Жырлаумен өткен жиырма жыл (жалғасы)
ЖӘКЕҢНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ЖЕТІ КҮН
Павлодарда өткен аймақтық айтыстан кейін Жүрсін Ермановтың шақыртуымен Ташкентте өткен республикааралық айтысқа, Баянауылдағы академик Қаныш Сәтбаевтың 90 жылдығы мен Жезқазған өңірінде халық ақыны Маясар Жапақовтың құрметіне арналған республикалық, бірді-екілі аймақтық айтыстарға қатысып көптеген ақындармен, жергілікті билік басындағы ұлтжанды азаматтармен танысып-табысудың сәті түсті.
Ташкенттегі айтысқа ақындармен бірге қазақ елінің біраз өнер майталмандары да барды. Солардың арасында халқымыздың біртуар жезтаңдай әншісі, сегіз қырлы, бір сырлы азаматы, жарықтық Жәнібек Кәрменов те болған еді. Мен сол жолы қонақ үйде Жәкеңмен бір бөлмеге орналасып, аптаға жуық уақыт небір қызық әңгімелеріне, ән өнерінің қыры мен сырына қанық болу бақытына ие болдым.
Жәкең аса сырбаз, әр сөзін шеге қаққандай нықтап, мақал-мәтелмен әдіптеп сөйлейтін аса шешен адам екен. Оның киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері мен ән орындау шеберлігі, қыл аяғы насыбай атысы да өзгелерге мүлдем ұқсамайтын. Кез-келген орындайтын әнінің шығу тарихына екі ауыз сөзбен болсын тоқталып, тыңдарманын алдын ала дайындап алатын. Жәкең киімді де аса зор талғаммен киеді екен. Концертке барарында қайсыбіреулер секілді апыл-ғұпыл, шала-шарпы дайындала салмайды. Сахнаға киетін костюм-шалбары мен көйлек, галстугын неше мәрте үтіктеп, домбырасына таққан үкісіндей етіп үлбіретіп қояды. Мінезі биязы. Әлденеге қызбаланып, қызылкеңірдек болу деген жоқ. Қандай тақырыпқа әңгіме қозғаса да әріден қозғап, тереңнен толғайтын.
Кешкілік қонақ үйде жеке қалған бір әредікте, «Серікжан, әнді жүрекпен айтқанда ғана ол жүрекке жетіп, тыңдарманын табады. Ал тыңдарманын таппаған ән – жетім ән. Тегінде, домбыраны ала сап сабалай бергеннің бәрі домбырашы, айғайлағанның бәрі әнші емес. Ән орындасаң бабымен, талғаммен орында. Олай болмағанда ол әнге, ұлттық өнерге деген құрметсіздік, қорлық болып есептеледі. Осыны есіңнен шығарма» деген абзал аға, өкінішке қарай арамыздан ерте кетіп қалды…
Біздің қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейді. Мен Жәкеңнің жанында бар болғаны жеті күн ғана жүріп, көп нәрсені көңіліме түйіп қалдым. Ал Жәнібек Кәрменовтен бес жыл дәріс алып, күнде қасында болып, төл шәкірті бола білген жандар неткен бақытты деп ойлаймын кейде.
…Айтыс қайда өтсе де, мейлі облыс орталығы ма немесе Алматы, Ташкентте ме, тіпті аудандық, облыстық, республикалық болып қандай дәрежеде өтсе де, ол – айтыс. Оған дайындалып, ізденесің, іштей өзіңді-өзің жеп, уайымдайсың. Сенің жай-күйіңді көріп, жаныңдағы жақын жандар да қиналады.
Сосын белгілі бір күні ұшақпен бе, болмаса поезд немесе автобуспен бе, күндіз бе, түнгі мезгілде ме, әйтеуір пәлен мың шақырым жол жүруің керек.
Барған жерде жағдайың ойдағыдай болып жатса, құба-құп. Ол шіркінің «бірде алай, бірде бұлай» дегендей. Сондықтан «жол азабы, көр азабы» дегенді біздің қазекең жайдан-жай айта салмаған болса керек…
«Пәлен жерде өткен ақындар айтысына қатысып, бірінші немесе екінші бәйгені жеңіп әкелдім» деген, айта салуға ғана оңай. Бірақ жеңістің оңайшылықпен келмейтіндігін, оның өзіндік қызығы мен шыжығы, ащы да тұщы дәмі болатынын кез-келген айтыс ақыны өте жақсы біледі. Бірде бабың болса, жолың болмай жатады. Енді бірде тобыңнан оза шауып, көрерменнің зор ықыласына бөленіп жатсаң да, қайсыбір қазылар тарапынан жеткіліксіз баға алып, жігерің құм болып қайтатын шақтарың да болады. Сөздің шынына келер болсақ, мен айтысқа араласқан алғашқы бірер жылда әлгіндей тосқауылдар мен кедергілер әсіресе қазылар тарапынан көп бола қойған жоқ.
Негізі «басқа пәле тілден» деп, бұрынғылар текке айтпаған. Қазір ой таразысына салып қарасам, кейіннен сондай кедергілер мен сәтсіздіктерге тап болуыма қазылардың ғана емес, өзімнің де артық айтып, бұра тартуларым мен бірбеткей мінезім себеп болған секілді.
Дегенмен өткенге өкініп, әлдекімдерге сыртынан жұдырық түйіп, ғайбат сөйлеу әбестік болар. Бірақ оқырмандарға жұмбақтамай, қайсыбір айтыстарда орын алған осындай олқылықтарды айта кету де, жөн бе деп ойлаймын. Ондай бірді-екілі жайтқа кейінірек тоқталармын.
Айтпақшы сол жылы, яғни 1989-дың қара күзінде қазақ ақындары Алматыда тағы бір мәрте бас қосты. Бұл жолғы айтыстың аты да, заты да
бөлек болатын. Оған Монғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия және Қытайдан ақын-жыршылар мен әнші-күйшілер шақырылып, бір заманда тағдырдың тәлкегімен Қытай мен Қырымға тарыдай шашырап кеткен қандастар Алматы шаһарында шұрқырай табысты. Сөйтті де, Республикалық ірі-ірі мәдени шаралар өтетін атақты Ленин сарайын тағы да бір шаттыққа бөледі десе болғандай.
Сол жолы Қытайдағы қандастарымыз белгілі-белгісіз себептермен халықаралық айтысқа келе алмады. Есесіне басқа мемлекеттердегі өнерпаз бауырларымыздың барлығы дерлік келіп, ата-жұртын көріп, көзайым болды. Сарғайған сағыныштарын жеткізіп, мауқын басты. Қаймана қазақтың өткені мен кеткені, мұңы мен зары, қуанышы мен қайғысы бәрі-бәрі ақындардың аузымен айтылып, ән болып шырқалды, күй болып күңіренді.
Ойдағы-қырдағы қандас бауырлар бас қосқан осы бір дүбірлі айтыста мен Өзбекстаннан келген Нұрхан деген (фамилиясы есімде қалмапты) әйел ақынмен және торғайлық Әлпия Орманшинамен айтысып, қазылар мен көрермен тарапынан «жақсы» деген баға алдым.
Жалпы менің қолыма қалам алғандағы мақсатым, айтыс сайын «қарсыласым үй дегенде, мен бүй деп жауап берген едім» деп, өзім қатысқан айтыстарды бастан аяқ тәптіштей беру емес. Мен үшін әр айтыс, әсіресе республикалық дәрежеде өткен жыр додалары өзіндік есте қалар ерекшеліктерімен, дуалы ауыз ақындардың тауып айтқан тың теңеулерімен, өткір жауаптарымен, айтыс сайын жасындай жарқ ете қалатын жаңа есімдердің келуімен де қызғылықты болатын.
Бұл жолғы жыр сайысында да бұрындары көпшілікке танымал ақындармен қатар шеттен келген бауырларымыздың арасынан моңғолиялық Қабдыжәлел Сахарияұлы мен Егеухан Мұхамәдиқызы, өзбекстандық Темірхан мен Мекембай, Нұрхан сынды сөз зергерлері ерекше жарқырай көрінді. Сол жолы оралдық Қатимолла Бердіғалиев пен торғайлық Жадыра Құтжанованың асықтары алшысынан түсті деуге болады.
Қатимолланың өзбекстандық Мекембай Омаровпен және Моңғолиядан келген ақын апайымыз Егеуханмен айтыстары жиналғандарға ерекше әсерлі болды. Әсіресе Қатимолланың шекараның ар жағынан келген ақын апамызбен айтысып отырып, айтыстың соңына таяғанда:
Шекарадан менен бұрын асып кеттің,
Аман бол қайда жүрсең Қарагерім – деп келетін өлең жолдарын айта келіп, жырақтан келген мейманға қолындағы қара домбырасын қимастықпен сыйға тартуы, кез-келген тыңдарманды бей-жай қалдырмағаны анық еді.
Жадыра мен Қабдыжәлелдің әзілге құрылған қыз бен жігіт айтыстары да өте тартымды, қызғылықты өтті. Шеттен келген ақын бауырымыздың айтысып отырған орнынан тұрып кетуі, қазақ ақындарына әбден қалыптасып қалған он бір буындық қара өлеңнің кез-келген буынынан үзіп тастап, басқа
ұйқасқа түсіп кетуі де, сол жолғы айтыстың өзіндік ерекшелігі мен жаңалығы болды.
Иә, Жадыра сол айтыста өзгелерден оқ бойы озық келіп, мыңдаған көрерменнің алдында ақбоз ат мінген болатын. Сол айтыста Жадыраның жұлдызы ерекше жарқырай жанған еді. Айтыс ақындарының арасында ұтып алған бәйгесін көңіліне жақын адамға «байлап кету» деген дәстүр қалыптасқан. Бірақ ондай мәрттік пен жомарттыққа ақынның ақыны ғана бара алатын. Ал соңғы буын ақындарында ондай ұғым мүлдемге жоқ. Осы жолы да сол дәстүр қайталанып, торғайлық Жадыра Құтжанова айтыстан мінген ақбоз атын, «Айтыста өнеге тұтқан ағам еді» деп, Ерік Асқаровқа тарту етті. Жадыраның сол жердегі ер мінезділігіне, тапқырлығы мен жомарттығына біреулер сүйінсе, енді біреулер күйінді деуге болады.
Алматыда өткен халықаралық ақындар айтысы да көп ұзамай республикалық газет, теледидарлардан жан-жақты беріліп жатты.
(Жалғасы, басы 19 қаңтарда сайтта жарияланды. Жалғасы бар)