Дін

Жүректердің «қақпасы» ашылған түн

Жүректердің «қақпасы» ашылған түн


Қадір түнін шынайы иманмен және сауаптан үміттенген халде өткізген адамның бұрын істеген күнәлары кешіріледі. Иә, бұл күні «дінім – ислам, кітабым – Құран» деп білетін барша жан «мешітке бет түзеді.

Қайыр сұраған мұқтаж жандардың қалбырына еңкейіп барып облыстық «Халифа Алтай» мешітіне енген жамағаттың қарасы қалың болды.

– Рамазан айында Құран Кәрім түсірілген. «Ол адамдарды тура жолға бастайды. Ақ пенен қараны ажыратады» деп жазылған қасиетті Құранда. Яғни Қадір түні пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түсе бастаған. Міне, адамзаттың ілгерілеуі, дамуы сол күннен басталады. Біз қасиетті кітаптың жерге түскеніне шүкіршілік айтып, отыз күн ораза ұстаймыз, – деді облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатай. – Бұл күні елдің бейбітшілігін, бір-біріңіздің амандығыңызды дұғаға қосып, ғибадат қылыңыздар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде «Біреу өзі үшін емес, өзге үшін де дұға тілесе, періштелер: «Я, Алла, мына адам тек өзін емес, өзгелерді де ойлап отыр» деп жеткізіп барады. Алла тағала дұғаны қабыл етіп, дұға етушінің басқа да тілегін орындайды» деп айтып кеткен.

Бұл қасиетті түні мешіт ауласында бірсыпыра іс-шара өтті. Солардың бірі – қайырымдылық жәрмеңкесі. Жәрмеңкеде ұннан жасалған тағамдар мен тәттілердің түр-түрі сатылды. Мұның ешқайсысы да сауда орындарынан әкелінбеген. Барлығы мешіт жанынан құрылған әйелдер-қыздар секторы мүшелерінің қолынан шығыпты.

– Жәрмеңкеден түскен тиын-тебен жалғызбасты аналарға көмек ретінде жұмсалады. Сондай-ақ қолдау білдіріп отырған атымтай демеушілеріміз де бар, – дейді облыстық «Халифа Алтай» мешітінің әйелдер-қыздар секторының жетекшісі Талшын Зарқымқызы.

Қазақ баласын тәрбиелеген үш сөз

Бірсыпыра іс-шара өткенін айттық қой. Солардың тағы біреуі жыр бәйгесі болатын. «Ислам. Иман. Отбасы» деп аталатын бұл мүшәйра бірнеше ай бұрын жарияланып, әлеуметтік желі арқылы республиканың түкпір-түкпіріне тараған. Сол кезде-ақ «тұяғымен тас илеген» талай жүйріктің «тықыршып», бәйге тілеп тұрғанын байқағанбыз. Байқасақ, байқағандай-ақ екенбіз, жарысты ұйымдастырушылар 80-нен астам ақыннан дәмелі жыр келіп түскенін айтқанда, «кімге бұйырар?» деп демімізді ішке тарттық.

Жүректердің «қақпасы» ашылған түн

Міне, енді нәтижесі де мәлім болды. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев бастаған қазылар кеңесе-кеңесе бір шешімге келген екен.

«Иман, сенім, отаным – Исламда үш тұғыр», – деп қыз балаға тән ұяңдықпен тақырыпты аша білген қарағандылық Таңсәуле Әгенқызы бірінші жүлдені жеңіп алды. Екінші орынды алматылық Мирас Әбіл қанжығасына байласа, үштікті түйіндеген семейлік Бауыржан Игіліктей шайыр болатын.

Бас жүлдені қанжығаға байлаған циклды жырдың иесі – Қызырбек Дүргінбайұлы. Өскеменнің өр ақыны циклді өлеңінің бас жағына «Қазақ баласын тәрбиелеген – «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген үш сөз» деп жазыпты.

«Ауылдың ертіп алып кіл бұзығын,
Ұя бұзу еді ғой бір қызығым», – бұл «Обал болады» бөліміне тиесілі.
«Бабасының көгерген батасымен,
Баласының бойында бар иманы», – бұл жолдар «Ұят боладынікі».
«Жамандықтан жерініп ойын үсті,
Жақсылықты санаға сіңіргенбіз» – бұл… иә, «Жаман болады»…

– Ақындарды сыйлау – пайғамбар жолы. Бір мысал айтайын, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында көбіне Хасан ибн Сәбит деген ақын бірге жүріпті. Ол отты жырымен әмәнда әскердің рухын көтеріп, жеңіске жетелейді екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның иығына шапан жауып, құрмет көрсетіп отыратын көрінеді. Ендеше біз де ақындарды ардақ тұтып, қадірлеуге дайынбыз, – деді Ермек қажы ақындарға ақ тілегін ақтарып.

…Іс-шаралардың аяқталуы «Тарауих» намазының басталуымен тұспа-тұс келді. Сахна алдындағы жұрт солай қарай бет түзеді. Одан соң түні бойы тағылымды уағыздар айтылды. Келушілер, әсіресе жастар жағы көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды бұл түні. Ең соңында ҚМДБ Өскемен аймағы өкілдігі ауыз бекіткен жамағатқа сәресін беріп, рухани шараның нүктесін қойды.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button