Біздің балуан

Жетпісінде Әлем чемпионы атанған

Жетпісінде Әлем чемпионы атанған
\”Дидардың\” жаңа жобасы: «Біздің балуандар: танылмай жүрген тарландар»

Әріден тарқатсақ, әйгілі Балуан Шолақ, берідегі күш атасы Қажымұқаннан бастап қазақта жауырыны жер иіскемеген, атан жілік, апайтөс балуандар аз болмаған. Олардың қатарында Шығыс өңірінен шыққан шымыр да білекті жігіттер де аз емес. Осы ретте «Дидар» газеті «Біздің балуандар: танылмай жүрген тарландар» атты жаңа бір жобаны қолға алып отыр. Жоба аясында Шығыс Қазақстаннан шыққан, алайда бүгіндері есімдері жұрт арасында ұмытыла бастаған, толық бағасын ала алмай жүрген әйгілі балуандар жайында сөз ететін боламыз. Айдардың шымылдығын Тарбағатай өңірінен шыққан белгілі балуан Қали Иманбаевтан бастағанды жөн көріп отырмыз.
Редакция.

Желтоқсан айының жуан ортасы. 2003 жылы Жарма ауданының 75 жылдық мерейтойы Шар қаласының мәдениет үйінде атап өтілді.
Аудан әкімінің арнайы шақы-руымен аталған ауданға еңбегі сіңген бір топ ардагерлер салтанатты жиынға шақырылған-ды. Жиын барысында маған да сөз кезегі тиген. Мерейтойға арналған өлеңімді оқып, сахнадан түсіп келе жатыр едім, залдың орталау тұсында отырған қарасұрлау, өткір көзді, ашаң жүзді жігіт ағасы сәлем беріп, мені қасына шақырды. Таныса келе білсем, ол атақ-даңқы республика жұртшылығына белгілі балуан Қали Иманбаев болып шықты. Жайғасып отырған соң ол:
– Мәке, мен сізді жақсы білемін. Біраз елге танымал ақын, журналиссіз ғой. Жақынырақ танысайын деп, қасыма шақырғаным ғой, – деді сыпайы ғана.
– Пәлі, бауырым, мен де сенің даңқ-дақпыртыңа сырттай қанықпын. Аудан мен облыстың намысын қорғап, әлі күнге дейін спорттан қол үзбей жүргеніңе масаттанамын, – деп Кәкеңмен қаттырақ қол қысыстық. Содан соң әңгімелесе жүріп, оның өмір дерегіне де әбден қанықтым.
Қали Құжиманұлы 1937 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданындағы Жаңажол ауылында дүниеге келген екен. Әкесі ерте қайтыс болған соң, Қалидың балалық шағы шешесі Бәтима мен туыстарының қарауында өткен көрінеді.
Мына кездейсоқтықты қараңыз. Жеті жылдықты бітірген жылғы жазғы демалыста ол Қарағанды облысының Қарқаралысында тұратын ағасы Нұртайдікіне қонаққа барады ғой. Бұл 1956 жылдың тамыз айы болса керек. Ойын баласы ағасының үйінің маңындағы зоотехникалық-ветеринарлық техникумның жанында волей-бол ойнап жүрген жастарға кезі-гіп қалады. Таныса келе олардың осы техникумға оқуға түсуге келген ауыл балалары екенін біледі. Содан өзі қатарлас балалардың бұл талпыныстарына қызығып кеткен бала Қалидың да осында оқығысы келеді. Бірақ, қолында құжат жоқ. Сұранып жүріп, емтихан тапсыруға рұқсат алады да, математиканың сынағын беске тапсырады. Қуанышта шек жоқ. Есесіне орыс тілі пәнін бір деген бағаға жазады. Содан емтихан алушылар арасында дау-дамай туып, әйтеуір математика пәні мұғалімінің табандылығы арқасында техникумға қабылданған көрінеді. Осындай ұлтжанды азаматтың арқасында Қалидың бағы жанса керек. Қарап отырсаң, қазақтың жұдырықтай баласына ара түсу не деген азаматтық!
Бұл техникумда спорттың үш түріне ерекше көңіл бөлінеді екен. Ондағы әр пәнге ерекше ден қою мен үзбей еңбектенудің арқасында бозбала Қали оқу орнын бітіргенде шаңғы мен волейболдан бірінші, қазақ күресінен екінші разрядты спортшы атанып, сол кездері аудандық, облыстық жарыстардың чемпионы болып, небір жүлделерге ие болған екен. Кейінірек күреске бірыңғай бет бұрып, Қараған-ды, Жезқазған облыстарының құрама командасы қатарында республикалық жарыстарда сан рет жүлдегер атанады. Оқу мен спортты ұштастыра, қатар алып жүрген жас балуан техникумды бітірісімен туған ауылы Жаңажолға келіп, мамандығы бойынша қызметке орналасады. Жігерлі һәм қатарынан қалыспаған жас ол жақтан тек қайтпай, Қарқаралыға аты әйгілі діни ғұлама Қапаш молланың қызы Тұрсынмен көңілі жарасып, оны өмірлік жар етіп, өзімен бірге ерте келеді.

1964 жылғы жарыста семейлік күрес шеберлері бірінші орын алды

Қалың қауым арасында күш атасы атанған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жүлделі жарыс өткен ғасырдың 60-70 жылдары балуанның туған жері Темірлан ауылында жыл сайын өтіп тұрыпты. Ал республикалық дәрежеде өткен сайыс атаулы сол жылдары үлкенді-кішілі баспасөз беттерінде жарияланып отырған екен. Сол кездегі «Лениншіл жастың» меншікті тілшісі, ақын Мұхтар Шаханов 1965 жылы өткен жарыс туралы былай деп жазыпты: «…Күреске СССР чемпионы Әбілсейіт Айханов қатысты. Айханов бас төреші еді. Ол жұрттың сұрауы бойынша алматылық балуан Райымбеков-ті 30 секундта жығып, көпшілік-ті бір сілкіндіріп тастады… Өткен жылғы жарыста (яғни, 1964 жылы) бірінші орынды семейліктер алған еді. Биыл олар – екінші орында. Бірінші орында – алматылықтар». Ал І разрядты Мұратхан Асаубаев деген балуан 1964 жылғы «Темірландағы үлкен сайыс» атты мақаласында: «Біздің командада облыс намысын қорғағандар Байызхан Солтанғазин, Сәбен Ыдылбаев, Сайлау Сақаев, Қали Иманбаев, Тұрсын Қалмақбаев жарыс жүлдегерлері атанып, көрермендер алдында ерекше құрметке бөленді» – деп жазған екен.
Еңбек жолын Ақ-суаттан бастаған Қали мұнда бірқатар бас-шылық қызметтер атқарыпты. Сонда жүргенде жоғары дәрежелі маман болғандықтан, облыс басшылығы оны Шар ауданының «Киров» совхозына дирек-тордың орынбасары қызметіне жібереді. Солтұстарда абыройлы қызмет атқарғаны үшін Қалекең Үкімет тарапынан сан мәрте мақтау-мадақтауларға ие болып, бірнеше рет ауылдық, аудандық Кеңестің депутаты болып сайланады.
Ол қай салада қызмет істесе де, өмірін спортпен тығыз байланыстырған адам. 1992 жылы зейнеткерлікке шыққан соң да күрестен қол үзген емес. Оның өзін үнемі спорттық бабында ұстап, әлем біріншілігі мен самбо күресінен ардагерлер мен спорт шеберлері арасында өткен жарыстарда айтарлықтай жетістіктерге жете білгені бұған нақты дәлел бола алады. Бұл айтулы жарыстар 2005–2010 жылдары Чехия, Ташкент, Грекия, Белоруссия, Латвия жерінде өткен-ді. Қали балуан олардың барлығында да Қазақстанның намысын қорғап, жүлдегер атанып қайтып жүрді. Осылардың ішінде ең ерекшесі – 2007 жылы Грекиядағы өткен әлемдік жарыс.

Грекия жерінде жынын қақты ресейлік дүр балуан Дубаханың

Иә, жетпістің жел-қайығына мініп, Әлем чемпионы атану оңай емес. Дегенмен, ол «қар-тайғанда кәрі боз жорға атанды» демекші, жасы келіп қалса да, чемпион атанды. Әлемнің 47 мемлекетінен бақ сынасқан 600 балуанның түгелін шаң қаптырып, 1 орынның биігінен көріне білді. Тәуелсіз еліміздің көк байрағын бүкіл әлемге әйгілеп, биікте желбіретті.
Мен осынау жеңіс үшін қара терін ғана төкпей, жанын салған оның жеңісіне арнаған өлеңімде былай деппін:
– Жасында көп көрсе де таршылықты,
Көрсетіп, танытыпты зор қылықты.
Көрмеген жауырыны жер иіскеп,
Жеңісін бүкіл әлем сөз қылыпты.
Есінде қасиетті ел Қарқаралы,
«Бағым жанған жерім» деп айта алады.
Топ жарып сол ауданда сан айқаста,
Самбодан чемпиондық атақ алды.
Қайнайды күрес десе қызып қаны,
Бұлтылдап бұлшық етті бура саны.
Желпініп жетпісінде шеп бұзған ер,
Жеңістің атты міне, арай таңы.
Атқандығы емес пе арай таңның,
Ішінен 600-дей балуанның.
Грекия жерінде жынын қақты,
Ресейлік дүр балуан Дубаханың…
Дубаха – Әлем чемпионы, спорт шебері. Қалидан жасы біраз кіші болғанымен, салмағы екі жарым келідей жоғары болатын. Қалекең соңғы белдесуде оны да жер қаптырды.
Қали бауырымыз 74 жасында дүниеден озды. Зайыбы Тұрсын екеуі, яғни, бір жанұядан шыққан екі батыр он бала, 20 немере өсіріп, қанатын кеңге жайған алып бәйтеректей еді. Арттарында атадан қалған мұра сынды Сарытауда «Сержан» атты шаруа қожалығы бар. Ұрпақта-ры бір-біріне қамқор болып, әке мұрасын өркендету үстінде. Балуан даңқы елі барда, ұрпағы барда құрметтеліп, асқақтай беретінінің айғағы бұл!

P.S. Қали балуанды еске алу мақсатында Жарма ауданы көлемінде аудан әкімшілігі, ССРО спорт шебері, Қазақстан чемпионы, бірнеше еркін күрес турнирінің жүлдегері Қуаныш Ахметқалиұлы Әбекбаевтың ұйтқы болуымен жыл сайын турнир өткізіледі. Жеңімпаздар жүлдегер атанып, марапатқа ие болады. Балуан-ның рухына бас иеді.

Мәуітқазы Зүкенов

Осы айдарда

Back to top button