Біздің балуан

Мамырбек бастаған көш

Жуырда тарихи-өлкетану музейіне  қатысты шаруалармен тау ішіндегі Көлденең ауылына жолым түсті. Қар көбесі сөгілген, аспан нұры төгілген шуақты шақ. Тарбағатай бауыры теңбіл тартып, шуаққа жон тосып, бусанып-ақ жатқан мезгіл. Сапар  мақсаты  облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер «Юбилейный» шаруа қожалығының басшысы Мамырбек Бақтығазыұлына жолығу, музей шаруашылығы туралы жұмыстар еді.

Құшақ жая қарсы алған Мәкең шаруа қожалығының бүгінгі жайы, түрлі-түрлі шаруа техникаларын таныстырудан бастады. Жыланбауыр ДТ-24,  көкқасқа беларусьтардан  бастап «Джон Дир»  аталатын су жаңа американдық алып тракторға дейін тізіліп тұр. Жалпы, теңдесі жоқ «Джон Дирдің» жанында біз алып көретін К-700 түйенің жанындағы тайлақтай  боп қалады екен. Қарапайым соқадан бастап, заманауи үлгідегі тұқым сепкіштер, басқа да жетілген шаруашылық техникалары. Ауладағы шаруашылық қызметкерлері, малшылар, тракторшылардың әрқайсы өз шаруаларымен айналысып жүр. Жұмысшыларда   еркіндік, жайдары кейіп бар. Айрандай  ұйыған  ұжым екендігін бірден аңғару қиын емес.

Әңгімеміз кеңседе жалғасын тапты. Мәкең шаруашылықты жолға қойған тоқсаныншы  жылдардағы тоқырау,  даму жолындағы қиындықтар мен қызықтар турасында әңгіме өрбітті. Әңгіме ауаны шаруашылықтан ойысып, қоғам, өңіріміздегі өнер мен мәдениет саласына ойысқанда Мамырбектің тек кәсіпкер емес, рухани бай азамат екендігіне көзім жетті. Әдебиетті, оның ішінде поэзияны да меңгергендігіне таң-тамаша болдым.

Ертесі  менің шақыруыммен музейге келген Мамырбек рухани мекемедегі  әр жәдігерге қатысты сұрақтар қойып, соған орай өз пікірін де білдіріп, тағы бір қырынан танылды. Қазақ тарихы мен өңір тарихына қатысты жеткілікті білімі бар азамат екендігін аңғардым. Әсіресе алаш ардагерлеріне арналған экспозицияға ұзақ аялдап, алаш көсемдері туралы айтқан ойлары көңіл қуантты. Музейдегі  этнография бөліміндегі, өзге де жәдігерлерге қатысты тұшымды ойын білдірді. Бұрынырақта ас, тойларда ғана жолығып, аман-сәлеміміз түзу  кәсіпкердің азаматтық келбетіне көз жеткіздім. Бизнес, шаруашылық жағын тастай қатырғанмен, әдебиет, өнер мен руханиятқа келгенде шалыс басар деген ойда едім.  Мамырбектің жан-жақты азамат екендігіне толық көзім жеткендей.

Саналы ғұмыры Көлденең ауылында өтіп келе жатқан Мамырбек Бақтығазыұлының ауыл шаруашылығындағы еңбек өтілі – 36 жыл. Еңбекке ерте араласқан азамат 1994 жылы колхоз жұмысында комбайншы болып жүріп, республика көлемінде мол астық жинап, Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасын» алған.

Туған ауылы Көлденең халқына қашанда қолын созып келеді.  Ауылдың зейнеткерлері мен көпбалалы аналары, өзі түлеп ұшқан мектебі мен мешітке әр кез қамқор.

Ауылдағы өнер ошағы – Мәдениет үйін 2012 жылы  жеке қаражатына (8 млн теңге) күрделі жөндеуден өткізіп, ауылдық мешіт пен қатымхананы өз қаржысына тұрғызды. Ауылдағы спорт кешеніне 5 млн теңгеге 10 орындық «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты. 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында аудан бойынша ең бірінші болып ауыл халқына (көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер және де басқа да топтар) үш бас ірі қара еті мен 1500 литр көлемінде сұйық май таратты. Үржар аудандық ауруханасында коронавируспен ауырып жатқан науқастарға бір қой сойып әкеліп, 60 литр қымыз таратып, адами тұрғыда үлкен жәрдем  көрсетілді.

2020 жылы жауын-шашынның аздығына байланысты шөп сұйық болды. Қиын шақты ескерген Мамырбек Бақтығазыұлы  төрт ауылдық округ (Науалы, Көкөзек, Көлденең, Қаратұма) тұрғындарына аудан көлеміндегі ең төменгі бағамен жем мен шөпті таратып, үйіне дейін жеткізіп берді. Жыл сайын қыста ауылымыздың көшелерін қардан тазартып, ауыл зейнеткерлеріне 10 литр күнбағыс майы мен малдарына жалпы көлемі 1 тонна болатын жемшөпті тегін тарату – Мәкеңнің  берік ұстанымы. Ауылдағы балабақшадағы бүлдіршін-сәбилерді    жыл сайын  түрлі ойыншықтармен, өзге де  сыйлықтармен қуантып тұрады. 2021 жылы Көлденең ауылының мешітіне Малақ  ауылынан жас имамды көшіріп әкеліп,  2 млн теңгеге баспана  алып берді.   Көлденең ауылында Мәди Болатұлы атты мүмкіндігі шектеулі  жеткіншекке  жаңа үлгідегі арба алып берді. Риддер қаласында болған өрттен зардап шеккен жерлестерімізге 200 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Биыл Мамырбек Бақтығазыұлы бастама көтеріп, аудандағы Балаларды оңалту орталығына мүмкіндігі шектеулі  балаларға арналған жаңа үлгідегі екі қол арбаны сыйға тартты. Мекеменің  жай-күйімен таныса жүріп,  әлі де 10 қол арбаға мұқтаж балалар бар екендіктерін көріп, өзі бас болып аудандағы кәсіпкер азаматтардың басын құрап, қалған қол арбаның барлығы алынып, балалар мен тәрбиешілердің қуанышында шек болмады.

«Юбилейный» ұжымында бүгінгі күні 100-ден аса әртүрлі ұлт өкілдерінен құрылған жұмысшылар тату-тәтті еңбек  етуде. Басшылық  тарапынан олардың  әлеуметтік  жағдайына  көп  көңіл  бөлініп, қайырымдылық  көмек  көрсетіледі. Жалақысы  ай  сайын   беріліп,  зейнетақы  мен  әлеуметтік  төлемдер  уақтылы  аударылады, сыйақы да  беріледі.

Жыл сайын денсаулығы сыр берген ұжым жұмысшылары  және  олардың отбасы мүшелерін Семей қаласына тегін емделуге жіберу Мамырбек Бақтығазыұлының азаматтығының қайталанбас көрінісі деп білеміз. Жастарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасау – алға қойған мақсаттарының бірі. 2015 жылдан бері жас мамандарды ауылға тартып, бес жас отбасын баспанамен және қызметтік көлікпен қамтамасыз етті.

2019 жылы Алматы қаласынан екі отбасын көшіріп әкеліп, жұмысқа орналастырды. Серіктестікте 60-тан аса ауыл шаруашылық техникасы мен 20-дан аса жүк және жеңіл автокөлік бар. Серіктестік арқылы жыл сайын ауданға жоғары көлемде инвестиция тартылып жатқандығы шындық.   2016 жылы 200 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы салынып, жұмысын бастады. Фермаға қажетті құрал-жабдықтарды алу мақсатында Ресейдің «Ижагропром» компаниясымен жалпы құны 18 000 000 теңгенің келісімшарты жасалып, құралдар толығымен жеткізілді. Осыған орай «Симменталь» тұқымды сүтті сиырларды көбейту басты назарда.  Сонымен қатар  2017 жылы Түркия мемлекетінің компаниясымен жасалған, жалпы құны 30 000 АҚШ доллары көлеміндегі  келісімшарт негізінде серіктестікке тұқым кептіргіш (сушилка) сатып алынып, қолданысқа берілген.    2019 жылы соңғы үлгідегі «ACROS-585» маркалы екі комбайн (құны 150 000 000 теңге) мен «VERSATILE 2375» канадалық трактор (құны 80 000 000 теңге), тұқым сепкіш кешен «Алькор-10» (құны 24 000 000 теңге) лизингке алынды.

2020 жылы шөп шабуға арналған «КСУ-1» комбайны (құны 49 000 000 теңге), «ACROS-585» маркалы екі комбайн (құны 150 000 000 теңге), екі  Камаз жүк көлігі (құны 62 000 000 теңге), италиялық «МаterMacc» тұқым сепкіші (құны 10 000 000 теңге), Ресейде жасалған үш культиватор (құны 27 000 000 теңге), екі ресейлік тұқым сепкіш құны  /22 000 000 теңге/   сатылып алынды.

2021 жылға  жалпы құны 250 000 000 теңгеден асатын әлемдік бренд америкалық «Джон Дир» маркалы трактор мен тұқым сепкіш кешенге лизингтік келісімшарт жасалып, аталған техникалар алынды. Көктемгі егістік жұмыстары да осы техникалармен атқарылып,  дер кезінде аяқталды.

2017 жылдан бері ауданға 1 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды.

Мамырбек Бақтығазыұлы адал жар, балаларына қамқор әке. Зайыбы Бақыт Айткәрімқызы екеуі бір қыз, бір  ұл тәрбиелеп, өсіріп, екі немеренің  ата-әжесі  болып отырған жайы бар. Үржар өңіріндегі әдебиет пен мәдениет, өнер саласындағы азаматтардың шығармашылық дамуына қаржылай  демеу көрсетіп келеді. «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендейін  Мамырбек Бақтығазыұлына  толағай табыстар тілейміз!

Кәсіпкер азаматтың келбетінен ерге тән қайраттың, жігердің  ізін көргендеймін. Батылдық, өмірге деген сүйіспеншілік оның әр сөзінен әрдайым  сезіліп тұрады.

Серікбек Туғанов,

 Үржар-тарихи өлкетану музейінің басшысы       

Осы айдарда

Back to top button