Тауда туып, тауда өскен таутұлға
Серік ҚҰСАНБАЕВ
Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағаланың көп кереметтерінің бірі – тау. Тау – әлмисақтан тәкәппар. Бітімі тастан жаралғасын ба, таудың түсі де суық. Шыңына шықсаң, басың айналады. Тау төрткүл дүниеге биіктен қарайтындықтан етегінде, одан да әрмен жазықта жүргендерді көзіне ілмеуі де мүмкін. Таудың болмысында жыл он екі айдың нөсері мен жауынына да, бораны мен дауылына да қыңқ етпейтін төзімділік бар. Тау – баурайындағы аңға да, құсқа да пана.
Қазақта «Таудай бол!» деген бірауыз ғана сөзден тұратын бата бар. Аталарымыз неге «Таудай бол!» деді екен? Неге «Көлдей бол немесе өзендей бол!» демеген? Яғни, бұрынғының адамдары да тауға ерекше көзбен қарап, таудың болмыс-бітімін, асқақтығын бағалай білгенге ұқсайды.
Алдыңда ағаң болған қандай жақсы
Бала күнімізде «Таудай бол!» деген сөзді ауыл ақсақалдарынан өзіміз де талай естігенбіз. Таудай бола алдық па, жоқ па, оны сырткөз айта жатар. Алайда көпшілігіміз осы бір пәлсапасы тереңде жатқан бата-тілектің мән-мағынасын жете түсінбеген де секілдіміз.
Бала күнінде үлкендерден «Таудай бол!» деген тілек естіп, таудай азамат бола білген тұлғалар арамызда жоқ емес, бар. Алайда аз, саусақпен санарлықтай ғана. Ал енді өзін-өзі «Таудаймын!» деп санайтындар болса, оған дауымыз жоқ…
Мен үшін Шығыс өңіріндегі саусақпен санарлық тау тұлғалы жандардың бірі – Алтайдың арда азаматы Әлібек Қаңтарбаев. Әлағаңмен ұзақ жылдардан бері араласатын, қызметтес болған, көрші тұрып, дәмдес-тұздас болған адамдар бұл сөзімді жоққа шығара қоймас.
Әлағаңның сөйлесе сөздің түбін түсіретін шешендігіне, қажет жерде топ бастай білетін көсемдігіне, тығырықтан жол таба білетін тапқырлығына, ұлттық мәселелерге келгенде ойланбастан отқа түсуге әзір, көзсіз өжеттігіне, болашақты әріден болжай білетін болжампаздығына және тағы да басқа қасиеттеріне қарап отырып: – Осы Әлағам, бала күнінде «Таудай бол!» деген батаны көп алған, алып қана қоймай, сол бата бойына дарып, тау тұлғалы азамат бола білген қазақ халқының біртуар перзенті-ау?! – деген ойға қалам. Олай дейтінім, қандай да бір алқалы жиындарда немесе елдің игі жақсылары, әкім-қара, ақын-жазушылары бас қосқан отырыстарда, әсіресе ұлттық мүддеге қатысты түйдек-түйдек сөйлеген сөзімен де, орнымен айтатын байыпты да, байсалды сын-ескертпелерімен де, қай жағынан болмасын Әлағаңның шоқтығы биік тұратындығына елге оралған 18 жылда көзім әбден жетті.
Он сегіз жылдан бері ағамның қасындамын. Үйінде де, жиында да болдық. Іссапарларда да бірге жүрдік. Екеуара сырласқан, пікір таластырған, тіпті қызды-қыздымен қызылкеңірдек боп дауласып қалған кездеріміз де болды. Сөйте жүріп мен ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Әлағам не нәрсені болмасын ақылмен, нақты мысалдармен, кейде тіпті ұялтып та, ұрсып та айтып отырады. Мен онысына өкпелемеймін, көңіліме де алмаймын. Қайта ақыл айтар, бағыт-бағдар беріп, жөн сілтейтін ағамның барына қуанам, мақтан тұтам. Алдыңда ақыл айтар ағаңның болғаны қандай жақсы…
Осы бір таутұлғалы азаматпен емен-жарқын сырласып, сұхбаттассам деген ой көңілімнің түкпірінде жататын. Соның сәті осы жолы, яғни, Әлекеңнің 75 жылдық мерейтойының қарсаңында ғана түскен секілді.
«Жаманға иленгенді қор санадым…»
– Әлаға, 75-ке жеткен де бар, жетпей желкесі үзіліп кеткен де бар. Қалай десек те, мұның барлығы – бір Алланың жарлығы ғой. Сіз осы жасқа дейін қайсыбір тұстастарыңыз құсап жай әншейін, таңын атырып, күнін батырып қана, жан тыныштығын ойлап, жайбарақат ғұмыр кешкен жоқсыз. Қазақтың тілі мен намысы үшін, әдебиеті мен мәдениеті, салты мен дәстүрі, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі үшін шама-шарқыңыздың жеткенінше ұстасқанмен ұстасып, тістескенмен тістесіп келдіңіз. Әлі де солайсыз. Сол үшін біреулер сыртыңыздан күндеді, біреулер тілдеді дегендей. Арагідік алғыс та естіген боларсыз. Шыныңызды айтыңызшы, шаршаған жоқсыз ба?
– Аяғын шалыс басса да, біреулерден қалыс басса да әңгіме түйінін тағдырға әкеп тірейтін ұятсыздау бір әдеті бар пенделердің. Меніңше, тағдыр деген шомбал ұғымның басты атрибуты – мінез. Мінез мұқым тағдырыңды құйып шығарады. Бағанағы өзің айтып отырған менің өткен шағымның негізгі авторы – мінез. Өзіме сұрқия көрінген бейдауа заманмен алыссам да, бас жаққа барыссам да, ұстассам да, тістессем де, баршасы өзімнің табиғат сыйлаған мінезімнен. Менің басқаша жол таңдауыма мүмкіндік болған жоқ. Қазақта: «Адамды заман билейді, заманға жаман күйлейді, жаманға билік берсеңіз, ардақ тұтар асылды, табанға салып илейді» деген нақыл сөз бар. Мен иленгенді қор санадым, қарсыластым, қайрат көрсеттім. Онымды ерлік санамаймын. Жаңағы іс-әрекеттер – Қаңтарбаевтың автопортреті.
Ал алғыс, қарғысқа есеп жүргізумен, оларды талдап, зерттеумен шұғылданып көрмеппін. Төңірегім – менің қоғамым. Ол қазанның ішінен аңқау қойдың да, мешкей шошқаның да басы шығуы мүмкін. Саналы ғұмырымда көлеңкесінде ит екеш ит те жатпайтын арамзалар да, іштарлар да көп кездесті. Бұл – өмір заңдылығы. Екі қолыңды төбеңе қойып қашқанмен, құтылуың неғайбыл. Ажалды адастырып кетем бе деп желмаямен қашқан Қорқыт бабамыз құтыла алды ма?! Жоқ! Екі аяқты пендені қойып, Айдың өзінде дақ, Күннің өзінде көлеңке болады. Адамдар да солар секілді. Мені шаршататын күнделікті күйбің шаруа, шығармашылық жұмыс емес, күйкі тірлік. Күйік иісі танауыңа ұратын – қоғамдық жүйенің қоңырсығы!
«Тағдырды жасайтұғын – мінезіміз…»
– Ғұмыр жасы 60-қа да жетпей кеткен Ұлы Абай өмірінің соңына қарай:
«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда…» – деп түңілген көрінеді. Сіз де біраз жасқа келдіңіз, біраз жерге барып, алыс-жақын қазақтың бәрін болмаса да, біразын көрдіңіз. Сол алыс-жақын қазақтың арасында алдап, ар жағына қулық сақтап, көңіліңізді қалдырғандары болды ма?
– Біз неге болса да тез бейімделетін көнтері, көмпіс, мүскіндеу халықпыз. Бұл – табиғатымыз емес. Құлдықтың жапсырма таңбасы. Төрт ғасыр отарлықтың иіс-қоңысы болмысымызға тереңдеп сіңіп кеткен. Өзіміз мұрнымызды шүйіріп, бейшара деп кемсітіп жүретін түркімендер бар емес пе, солар: «Біз отар болдық, алайда құл болған жоқпыз» десіп шіренеді. Рас, олар да біздер секілді отар болды, алайда біз секілді құлға айналған жоқ. Ал адамның бойындағы табиғи қасиеттерін құлдық езгі кәдуілгідей кеміріп, жұтып қояды. Дулат Исабеков әнеу бір мақаласында: «Қазақтарда бұрын батырлар, шешендер мен билер болды дегенге сенбеймін» депті. Келіспеймін. Болған. Батырларымызды барымташы еткен де, би-шешендерімізді мәңгүр еткен де құлдық психология. Отаршылардың үстемдік моралі. Қазіргі қазақтардан зағип, жағымпаз, жалтақой, мәңгүрт, ұлтын қойып қара басына жақсылық жасай алмайтын ұрпақтың туып жатқаны – тамырланып кеткен құлдықтың улы «жемісі». Күпінің битіндей өріп жүр олар.
«Төңірегіңізде арамдар болды ма?» дейсің бе? Болды. Арам мен жаман сөзі синоним. Жаман адам өзін жалғанда жаманмын деп ойламайды. Жамандық іс-әрекеттер – оның өмір сүру стилі. Оны ақыл мен нақыл айтып кетіру, жуып-шаю мүмкін емес.
Сондықтан:
«Қайран сөзім қор болды-ау,
Тобықтының езіне», – деп күңіренген Абайдан тәлім алу шарт. Абайды күңіренткен, зар мен запыран құстырған қоғам екеуімізді шайнамай-ақ қылғытады. «Тек жүрсең – тоқ жүресің…».
– Бір білгіштер: «Адамның бүкіл тағдыры өз қолында» десе, қайсыбір жамағат: «Жоқ, олай емес, адамзаттың жарық дүниеге келген күннен бастап барлық көрешегі де, берешегі де бір Алланың ғана қолында» дейді. Сіз не дейсіз бұған?
– Мен тұтастай алғанда фаталистпін. Бала кезімнен. Тағдыр, жазмыш дегенге сенемін. Тағдыр жайлы басында бірер сөз айтып кеттім. Ал жазмыш… Бұл – күрделі дүние. Меніңше, жазмышты қолдан құрастыру, қолдан құю мүмкін емес. Бір жаратушының бар екендігі рас. Бірақ ол Алла формасында ма, әлде басқалай бейнеде ме, ол маған да, мұқым жер басып жүрген екі аяқты пенделердің баршасына жұмбақ. Қайталап айтамын, тағдырды мінезіміз жасайды. Өзіңнің мінезің жайлы, оның өзіңе тигізген жақсылы-жаманды әсерлері жайлы ойланып көрші…
– Абай жарықтық бір өлеңінде:
«Қорқамын кейінгі жас балалардан», – депті. Қалай ойлайсыз, ғұлама бабамыз келер ұрпақтан не себептен қорықты екен? Сіз қорықпайсыз ба?
– Абай кейінгілерден қорықса, Абайдың өзіне Құнанбайдың көңілі толмаған. Құнекең де қорыққан. Мен де қорқамын. Бәрімізде үрей бар. Мынау ғылыми-техникалық прогрестен қорқамын. Түбімізге «Адамзаттың күрт дамуы жете ме?!» деп те ойлаймын. Адамзат баласы өте-мөте шұғыл түрде азып бара жатыр. Азу – ақырзаманның алғы шарты. Атрибуты.
Әр адамның өзінің шындығы бар
– «Шындық – шыңырауда» деген сөзбен келісесіз бе? Осы сөздің өзінде ащы да болса шырылдаған шындық бар секілді. Неге десеңіз, жыл басындағы елімізде орын алған «Қанды қаңтар» оқиғасын айтпағанда, Кеңес Одағының күйреуіне бірден-бір себеп болған Алматыдағы «Желтоқсан» оқиғасының да шындығы осы күнге дейін ашылған да, айтылған да жоқ. Сол ақиқатты «Естісем!» деп ести алмай қаншама жан о дүниеге аттанып кетті. «Ақиқатқа, шындыққа қол жеткізем!» дегендердің алды тапа-тал түсте атылды, қалғандары қапасқа қамалып, елден қуылды. Қудалау мен қорлау, үркіту мен қорқыту көргендері қаншама?!.
Жалпы, шындық деген дүние бар ма өзі? Бар болса, ол қандай зат? Осыны оқырман қауымға түсіндіріп бере аласыз ба?
– Шындық – шартты түсінік. Мәселен, белгілі бір оқиға жайлы екеуіміздің шындығымыз екі басқа болуы әбден мүмкін. Бүгінгі шындық ертеңгі күні өтірікке айналып жатса, мен оған ешқашан таңданбаймын. Мысалы, орыс империясының тарихы сонау Мономахтың дәуірінен бергі кезеңде сан рет қидалауға түсіп, сан мәрте редакцияланды. Олардың өздері өз қолдарымен құрастырған, белден басып жасаған өтіріктерін бүгінгі ұрпағы қаны сорғалаған шындық деп оқып, саналарына тоқып жатыр. Орыс ұрпақтарының шовинизммен улануының көгентүптегі кінәсі де, күнәсі де – кешелі-бүгінгі биліктерінің мойнында. Билік жасайтын, солар насихаттайтын шындық бар да, халықтың табиғи шындығы бар. Десек те табиғи шындық көп жағдайда халыққа жетімсіз. Кез келген оқиғаның нақты шындығы сандаған ғасырлардан кейін барып қана ашылуы мүмкін.
Мен мүмкін деп отырмын! Жұмбақ күйінде қалатындарының топаны тым мол. Сен маған кеше ғана өткен «Қаңтардың шындығын айт!» дейсің. «Басыңды кесем!» десең де, айта алмаймын. Оның табиғи шындығы бүгін-ертеңнің шаруасы емес.
– Сіз бенен біз екі ғасырдың және екі бірдей тоталитарлық жүйенің куәгерлеріміз. Біреулер кешегі Кеңес Одағын ақ деп, көк деп, жерден алып, жерге салады. Енді біреулер «Не керегі бар, ол кезде дәл бүгінгідей жемқорлық, әділетсіздік, сыбайластық, жұмыссыздық, тамыр-таныстық жоқ болатын. Үкімет әділ болатын. Медицина да, жоғары білім алу да, балабақшаңа дейін тегін болған, зейнетке әлдеқайда ертерек шығаратын», т.б. деп өткен күндерді аңсағандай сыңай танытады. Сіздің ойыңыз, көзқарасыңыз қандай?
– Екі қоғамдық формация да қазақты басынан сипаған жоқ. Бірінші формация құшақтап тұрып, пышақтап кетті. Оңдырмай жарақаттады. Басында айттым, мұқым рухымызды сорып, қаңқамызды қалдырды. Өрмекшінің шыбынға дайындайтын айла-тәсілін білесің бе? Торын құрады да, жайбарақат жатады. Ойында түк жоқ шыбын бейшара қаңғалақтап келіп торға шырмалады. Міне, сол кезде ұйқысын ашқан өрмекші ақырын аяңдап келіп әлгі байғұстың сөлін түк қалдырмай сорып алады. Империя отарында болған қазақтың да тағдыры әлгі шыбынның тағдырына өте ұқсас. Мінезден айырды, рухани құндылықтарымызды аяусыз тонады. Ең сорақысы сонда – тілімізден айрылдық! Иә, иә, айрылдық! Қазіргі мемлекеттік тіл деп жүргеніміз – ана тіліміздің пародиясы! От басы, ошақ қасына да жарамайды. «Кеңестік дәуірде бәрі тегін еді, қайран заманым-ай!» деп қан түкіріп жүргендердікі сандырақ. Білім, денсаулық сақтау, т.б. тегін болғаны рас. Алайда ол қандай батпан құйрық? Сол «тегіндерді» үкімет мұғалім мен дәрігердің нақты тиесілі жалақысынан ұстап қап отырды. Жоғары білімді маман сол кездегіден тым құрығанда екі есе артық алуға тиіс болатын. Жоқ, бермеді. Мұғалім бе, дәрігер ме, мейлі инженер бол, солардың біреуі кисе киімге, ішсе тамаққа жарыды ма? Өлместің күнін көрді. Коммунистік идеологияның басты құралы – жұртты жаппай ішкіш етіп жіберді. Егер де сол кездегі халық ішпей қойса, Кеңес Одағының тамыры соғуын тоқтатар еді…
Ал, қазіргі, өзіміздің тәуелсіз формациямызда да айырма аз. Не баспанаға, не жалақыға жарымай, сорпасы төгіліп, сорлап жүрген баяғы сорлы қазақ, баяғы сорлы тіліміз! «Тіл туралы енді ауыз ауыртудың да қажеті шамалы шығар?!» деп ойлаймын. Болашақтағы жеті жылдық Жолдауда да ол туралы мандымды ештеңе айтылмады. Баяғыдан бергі абстракциялық дүниелер…
Жемқорлық дедің бе?
Ол кез келген қоғамның соқырішегі. Оны терапиялық жолмен емдеп жазу мүмкін емес. Қытайдағы секілді хирургия араласуы керек. Жемқорларды атып-асып жатсақ, олардың жемтіктестері тым құрығанда үрейленер еді ғой.
Әттең, ішімізде өксік пен өкініш, шер мен шемен көп қой, бауырым!!!
Тілі өлсе – қазақтың өзі де өлер
– Еліміздегі соңғы өткен саяси науқан – Президент сайлауы болды. Осы сайлау жөнінде де ел аузында не түрлі алып-қашпа әңгімелер жүр. Бір білгіштер «кандидаттардың бірде-бірін халық танымайды, кілең қолдан жасалған қуыршақтар» десе, енді біреулер «шетелде жүрген оппозиция өкілдерін сайлау додасына қосу керек еді» дейді. «Елімізде Тоқаевқа лайық кандидат жоқ!» деген әңгіме айтып жүргендер де бар. Өзіңіз сайлауға бардыңыз ба, құпия болмаса кімге дауыс бердіңіз?
Қазіргі Президенттің елге беріп жатқан уәделері мен жүргізіп жатқан саясатынан не күтесіз?
- Бардым сайлауға. Тоқаевқа бердім дауысымды. Басқа кімге берем? Іліп алар біреуі жоқ. Анау жілік сындырып отырған Жигулиге ме? Бізде билікті халық сайламайды, билік өздерін өздері сайлайды! Не күтесіз дейсің. Мен күтуден шаршаған адаммын. Күту – күпті қылды.
Жаңа Президенттің ер екендігін білейік, қазақтың қазанына қазы мен қарта, жал мен жая салып бермей-ақ қойсын, тек тілін қайтарып берсінші. Тілің жоғалса, «Қазақстанмын, қазақпын, біз керемет жұрт болғанбыз!» деп күпіңді жыртардай елеурегеніңнен не пайда?! Тілі өлсе, ертең қазақ та өледі.
– Түрік Президенті Ердоғанның «Түркітілдес мемлекеттердің одағын құрайық» деп жүрген идеясына қайсыбір еуропалық мемлекеттер үзілді-кесілді қарсы боп, ертоқымын бауырына алып мөңкіп жатқан секілді. Сіз қалай ойлайсыз, Түркітілдес мемлекеттердің одағы, оның біртұтас әскері қажет пе Қазақстанға?
– Түркілердің бірігіп кетуі неғайбыл. Еуропасы, Америкасы бар, баршасы – түркілердің құшақтасып кетуінен өлердей қорқады. Сондықтан араларымызға от тастайды, үрпімізге ши жүгіртеді, кейбіреулерімізге «кәмпит» үлестіреді. Оған түркі мемлекеттерінің басындағы бақ таласы, тақ таласы деген жексұрын дертті қосыңыз. Бірігу жайлы әңгіме өткен ғасырдың басында да болған. Нәтижесінде серкелеріміздің басы кеткен. «Адамның басы – Алланың добы» деп жатамыз. Мен айтар едім: Нағыз мемлекетшіл, ұлтшыл қайраткердің басы – саясаттың добы!
Сергек халық – билік үшін қатерлі
– Күллі әлем халқы 24 ақпаннан бері бір-біріне туыстас, бауырлас деген Украина мен Ресей арасындағы соғысқа көз тігіп отыр. Сіздің бұл тақырыпқа айтарыңыз бар ма? Жалпы, мұндай мемлекеттік мәселелерді соғыссыз, екіжақты келісімдер арқылы шешуге болмас па еді?
– Орыстар мен украиндықтар – туыс, қандас емес. Оны айтып жүрген орыстың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп көпіртетін шежірешілері. Тарихшылары. Екі жұрттың салт-дәстүрі де, әдет-ғұрпы да екі бөлек. Хохолдардың түбі – түркі. «Хохол деген сөз көне түркі тілінде «күн ұлы, көк ұлы» деген ұғымды білдіреді» дегенді Мұрат Әджи айтады. Сол көкеміз бұлардың түбі соғысатынын осыдан отыз бес жыл бұрын айтып кеткен.
Соғыс… Путинде басқа жол да қалған жоқ болатын. Аш-аламан, басы ауырып, балтырлары сыздап жүрген кездеріндегі халықтың назарын соғысқа аударып жібермесе, өзіне қауіп. Санасы сергек халық – билік үшін тым қатерлі…
– Кеңес заманында «Дін – апиын» деді. Молдалар қудаланып, мешіттер қиратылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Алла деген сөзді дауыстап айтар дәрежеге де жеттік. Алайда әсіресе соңғы 20 жылдың көлемінде бір-біріне қарама-қайшы ұстанымдағылардың көбейіп кеткендіктері соншалық, қарапайым халық кімнің сөзін тыңдап, кімнің соңынан ерерін білмей дел-сал күйге түсті. Сіздің дінге деген көзқарасыңыз қандай?
– «Ораза, намаз – тоқтықта». Ақылды сөз. Аллаға сенемін. Алайда діни сауатым әлсіздеу. «Жоқтыққа, тіпті боқтыққа да жарамайтын күйге түскен, тілінен, ділінен айырылып қалған жұртты арабша оқылатын аят сөздері сабасына түсіреді» дегенге сенбеймін. Хадистердің имандылыққа үндейтіні рас. Дін деген – моральдық кодекс. Большевиктерде «Коммунизмнің моральдық кодексі» деген болған. Сен де білесің. Ол тіпті кеңестік пенделердің күндізгі жүріс-тұрысын ғана емес, түндегі көрпе астындағы әрекеттеріне дейін қадағалайтын. «Сөйт, бүйт!» дейтін. Орындадық. Неге? Тізеге салды. Сындырды.
- Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет, аға!
Бұл – Әлағаңмен екеуара өрбіген әңгіменің бір парасы ғана. Сұхбат алғанның жөні осы екен деп, не болса, соны жаза берсек, сөзімізден де, өзімізден де қадір-қасиет қала ма?
Сөз соңында қасиетті Катонқарағайда туып-өссе де, күллі Шығыстың ардақтысына, аяулысына айнала білген атпал азаматты «Шығыс ақпарат» ұжымы мен Didar газетінің барлық оқырмандары атынан 75 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып:
- Таутұлғаңыз аласармасын абзал аға! – демекпіз.
«Алтын сапты алдаспандай,
Сөз саптаған абызым.
Арзан атақ, марапатқа,
Көз сатпаған абызым.
Түпсіз терең шежіредей,
Сарқылмайтын аңызым.
Күңіренсе шер толқытар,
Қоңыраулы қобызым.
Соңына ерген інілерге,
Үлгі-өнеге әр ізің…
75-ің кеп жатқанда,
Осылай деп толғамасам,
Жолыңызды жалғамасам,
Өтелер ме парызым.?!
Ормандай орта жүздегі,
Уақтан шыққан кесегім,
Көсіліп көптің алдында,
Сөйлесе сөзге шешенім.
Алмағайып күн туса,
Тұлпар мініп, ту алып,
Қол бастайтын көсемім.
Сөзіңе қарап ой түзеп,
Өзіңе қарап өсемін.
Өзіңе арнап өлеңнің,
Қып-қызыл шоғын сескенбей,
Жалаңаш қолмен көседім.
Сүйініп досы тұрғанда,
Күйініп қасы тұрғанда,
«Алшаңдап ағам жүрсін!» деп,
Масатыдай жырымды,
Табаныңызға төседім…