Біздің балуан

ХАСЕН КЕТІП БАРАДЫ…

Серік ҚҰСАНБАЕВ

 Осыдан тұп-тура үш жыл бұрын: «…Өзі ақын, өзі батыр әріптесіміз, «Дидар» газетінің Күршім-Марқакөл өңіріндегі меншікті тілшісі Хасен Зәкәрия 60-тың асқарына ту қадап отыр. Ағалық жастың асау жалына қол артқан атпал азаматымызды осынау мерейлі жасымен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына зор табыстар тілемекпіз!» – деп әлеуметтік желі арқылы құттықтаған екенбіз.

Содан бері зымырағаннан-зымырап отырып, көзімізді ашып-жұмғанша үш жылың да өтіп, биыл біздің Хасекең зейнетке кететін боп жатыр екен.

Тоқсан екі жылдық ғұмырында бұл «Дидардың» редакциясына кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсіз?! «Солайы, солай-ау» десек те, көз жұмып көптің қатарына қоса салуға болмайтын, тіпті қосайын десең де  өзгелерден оқшауланып, шоқтығы шодырайып шығып тұратын ерекше жандардың сорты болады. Солардың бірі – Хасен Зәкәрия.

Ең әуелі, «Е-е, ол Хасен дегендерің кім еді?» дейтіндерге айтарымыз, Хасен – өзгелерге өнеге боларлық, Күршім ауданының нағыз патриоты. Екі жыл әскерге барып келгені болмаса, туған жері де, тұрған жері де сол баяғы кіндік қаны тамған Қойтас пен Күршім.

Екеуіміз нағашылы-жиендіміз

Хасен – сол өңірдегі абыройлы әулеттің отағасы. Үлкенді  үлкендей, кішіні кішідей сыйлауды білетін үш бірдей (Асан, Үсен, Есен) көргенді ұлдың асқартау әкесі. Хасен –немерелерінің мейірімді де, жомарт, солардың айтқанына көнгіш атасы. Хасен – әр сөзін құмнан алтын сүзгендей ғып сүзіп қана пайдаланатын өте талғампаз ақын әрі білікті журналист. Ол – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жыр додасы айтысқа да қатысып, Күршім ауданына жеті бірдей бас бәйге әкелген айтыскер ақын. Хасен – ел ішіндегі аузы дуалы жерлестерінің айтқандарын қалт жібермей жинап жүретін фальклоршы. Хасен – жүрген жерін қыран-топан күлкіге көміп жүретін, тілінің тікені бар жатыпатар қылжақбас. Ол – Гүлжан жеңгемнен өзге әйел атаулыға сөз салғанды қойып, көз салып көрмеген адал жар… (Мұны өзі солай деп айтады. Кім білсін, болса болар..?!). Хасен достыққа берік, мәрттігі мен жомарттығы қатар жүретін атпал азамат. Ол – үсті-басына қылау жұқтырмай таза жүретін сері, өтірік пен қиянатқа жаны қас, оның жазған жазуы қандай  маржандай?! Қысқаша айтар болсақ, сол Хасен – менің нағашым!

Нағашым болғанда, менің алтын құрсақ анашым Найманның, оның ішінде Ақнайманның, оның ішінде Қойсарының қызы ғой. Сондықтан мен бір Найманды «Ақнайман-Көкнайман», «Қойсары-Байсары», тағы бірдеме сары деп бөліп-жармай, күллі Найман атаулыны нағашым деп ерекше  құрметпен қараймын. Тіпті республикалық айтыстардың бірінде:

«…Қолына қамшы беріп дау шештірген,

Ормандай Орта жүздің баласы едім.

Болғанда әкем Уақ, шешем Найман,

Дулат пен Қабанбайлар нағашы елім», – деп күллі Найманды төбеме көтере отырып мақтанышпен жырлағаным бар.

Шығыс өңірінде қазақы қаймағы бұзыла қоймаған, салт-дәстүрімізге берік қазақы аудандар саусақпен санарлық болса, солардың бірі – Күршім-Марқакөл аудандары. Сол ауданның ұзақ жылдардан бері жақсылығын асырмай, жамандығын жасырмай, жергілікті әкім-қара, төре-сұлтандардың сөзін сөйлеп, сыңарезулемей «Ағын – ақ, көгін – көк!» деп көлемді-көлемді мақала жазып, мұқым Күршім-Марқа өңірін мекендеген елдің тыныс-тіршілігін, әлеуметтік хал-ахуалын күллі облыс жұртшылығына жеткізіп келген қаламы қарымды журналисіміз де осы – Хасен.

Екеуіміз сонау 91-дің жазында, Зайсанда өткен республикалық ақындар айтысында танысқанбыз. Содан бері телефонмен тілдессек те, жүзбе-жүз жүздессек те, нағашылы-жиенді боп қалжыңдаса беретін әдетіміз бар.

Сонымен, Хасен кетіп барады… Қайда? Зейнетке, әрине. Өткен аптада қалбалақтап редакцияға кеп қалған екен. Зейнеткерліктің шаруасымен құжат түгендеп жүргендігін естіп: – Оу, Хасеке! Сотталып бара жатқан қылмыскерден де, «Соңғы сөзің бар ма, яғни, мына жұртқа айтарың бар ма?» деп сұрайтын көрінеді. Құдай сотталғанның бетін әрмен қылсын. Оның жанында сен өз еркіңмен ұзақ жылғы бейнетіңнің зейнетінің дәмін татайын деп барасың ғой, неше жыл бірге әріптес болған редакциядағылар мен жер-жердегі өзіңнің жазғаныңды іздеп отыратын оқырман қауымға бірдеме демейсің бе? – деп бірауыз сұхбатқа әзер көндірдік.

Оқуға түспей қалған озат оқушы

Сонымен Хасенге қойған алғашқы сауалымыздың бірі:

Журналистикаға қашан және қалай келіп жүрсің? – болған.

Жалпы, Хасеннің қара сөзге шешендігін айтпағанда, алпамсадай бітіміне, сол денесіне сай маңғаздығына қарап-ақ көңілің тойып қалады. Онысын өзі де сезетін секілді. Сондықтан да болар, ол да сол маңғаз қалпына (образға дегенім ғой) ене қалды да, әңгімесін әріден бастап кетті.

– Мен сонау мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ озат оқушы болдым. Қай сабақтан пән олимпиадасы болса, соның барлығына мені жіберетін.

Шын айтасың ба?

– Өтірік айтсам, сол кездегі кластастарым әлі тірі жүр ғой. Оларды қойып қайсыбір мұғалімдерімнің де көзі тірі. Жасырып-жабары жоқ, тентектігім де бір басыма жетіп-артылатын. Олимпиадалардан жиған абырой-беделімді сол тентектігім шайып кетіп отыратын. Ауданнан келген оқу инспекциясы: «Сендерде осы Зәкәрияновтан басқа оқушы жоқ па?» – дейтін көрінеді.

Сөйтіп жүріп мектепті үздік тәмамдадың?

– Әрине, барлық пәннен озат болдым. Бірақ осы күнге дейін бір қайран қалатыным, менің мектепті озат бітіргенімді, қаншама олимпиадаларда жеңімпаз атанып жүргенімді неше жылдан бері көріп-біліп жүрген не бір мұғалім, не завуч, не директордың: «Хасен сенің сабақ үлгерімің жақсы, болашақта қандай оқуға барып, нендей мамандық таңдамақ ойың бар?» деп сұрамауы. Түсінсем бұйырмасын, өзге емес, өздерінен білім алған озат оқушысының болашақ тағдырына осыншама немқұқрайлы қарауға бола ма?

Қызық екен. Содан мамандықты өзің таңдадың ба?

– Ол кезде мамандықты стандартты таңдау деген болатын. Ол таңдау бойынша мектеп бітірген ұлдар зооветке, қыздар пединститутқа баратын. Менің де зооветке барғалы жүргенімді естіген апайым: «Зооветте нең бар? Онда бірыңғай ұлдар оқиды ғой. Араларында үнемі жанжал шығады. Сен өзің ұшып-қонып тұрған қояншықсың, егер зооветке барсаң сотталып кетесің» деп азар да, безер болып, құжаттарымды СДИ-ға тапсыртты. Бірақ СДИ-ға түсу оңай емес екен, физикадан төрт, тағы бір пәннен үш алып оқуға түсе алмай ауылға қайттым, бір топ баламен.

Мен сіздермен біргемін!

Мектепті озат бітіре тұра, оқуға түсе алмағаның қиын болған екен?

– Ой, оған уайымдап жүрген Хасен жоқ. Келе сала қой бақтым, одан лесхозға кіріп, көп ұзамай завклуб боп кеттім, қойшы, әйтеуір, әскерге дейін бос жүргем жоқ. Бірақ мен мектепте алған білімімнің пайдасы мен көмегін ең алғаш әскерде жүргенде көрдім. Бөлімде бар-жоғы үш қазақ болдық. Ол жердегі офицерлер де, басқа славян тектес ұлттар мен кавказдықтар да қазақ ұлтының өкілдерін «кісімісің-итпісің?» демейді екен. Қит етсе кемсітіп, «Сендер жапан түзде қой бағып, қалғып-шұлғып жүрген жабайысыңдар. Өркениеттен жұрдайсыңдар, мына өмірден не көрдіңдер, пәлен-пәштуан?!» деп келемеждеп, орынды-орынсыз мүйіздей береді.

Әскерде болғандар біледі. Аптасына бір күн «Саяси сабақ» деген өткізілетін. Ол сабақ сарбаздардың саяси сауатын тексеріп, устав пен присяганы ауық-ауық естеріне сап, әскерилерді жан-жақты жетілдіріп отыратын. Бір күні Семин деген аға лейтенант сабақ жүргізетін боп, тақтаға әлемнің саяси картасын әкеп ілді. Бұл АҚШ пен КСРО-ның бір-бірімен қырғи қабақ боп тұрған уақыты. Содан ол НАТО әскери блогының Әлем жұртшылығына қауіп төндіріп тұрғандығын, осыған қарсы сегіз бірдей Социалистік ел басшыларының бірлесіп құрған, әлемге әйгілі «Варшава келісімі» бар екендігін айта келе: – Осы сегіз мемлекеттің аттарын атап және астаналарын картадан кім көрсетіп бере алады? – деп аудиторияға сұрақ қойды.

Арамызда әншейінде шешенсіп-көсемсіп, ауыздыға сөз бермейтін, орысшаға бізден гөрі жетік, орыс, украин, белорусь, татар, башқұрт, грузин дейсің бе, т.б. ұлт өкілдері бар болатын. 40 адам отырған аудитория бір сәтте құлаққа ұрған танадай тым-тырыс болды да қалды. Үнсіздіктен шыбынның ызыңы ғана естіледі. Мен бұл сұрақтың жауабын мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ жатқа білуші едім…

«Мен айтамын!» дедім.

Біздерді үш қазақ, төрт-бес өзбекті аудиторияның ең соңғы қатарына отырғызатын. Осы кезде бүкіл аудитория «Бұл кім болды екен?» – дегендей барлығы бір мезетте ошарылып тұрып арттарына қарады. Орнымнан тұрып бардым да «Варшава келісіміне» қол қойған сегіз мемлекеттің астаналарының атауларын атап, картада орналасқан жерлерін көрсетіп бердім. Осыдан соң бөлімдегі барлық офицерлер де, бірге жүрген сарбаздар да маған ерекше құрметпен қарайтын болды. Аталарымыздың «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар…» деген қанатты сөзінің мағынасын сонда барып қана ұққанмын.

Дұрыс болған екен! Мана журналистикаға қалай келгеніңді айтам деп ең ғой?

– Иә, журналистикаға келуім де өзіндік бір әңгіме. Бір қызығы, менің өлеңдерім бірден осы облыстық «Дидарда», ол кезде «Коммунизм туы» газетінде жарық көрді. Әлі есімде, алғашқы топтама өлеңім жарықтық Ғалым Байбатыров ағамыздың алғысөзімен жарық көрген болатын. Бірақ ара-арасында елдегі қайсыбір ұсақ-түйек жаңалықтарды аудандық газетке жазып жүретінмін. Бірде аудандық газетке бір топ өлеңдерімді әкелгем.

Бұл қай жылдары еді?

– 1996 жыл болатын. Газет редакторы Кәдірбек Айдарханов ағамыз жолыға кетті де, «Газетке келмейсің бе?» деп жұмысқа шақырды.

– Ой, Кәке! Мен мақала жаза алмаймын, өлең ғана жазам ғой. Оның үстіне дипломым да жоқ қой, – деп едім.

– Өткенде сенің жазған жазбаларыңды оқығам. Жазғандарың маған ұнады, сонан кейін ғой, жұмысқа шақырып жатқаным. Жалақысы көп деп айта алмаймын, бірақ рухани азық аларың сөзсіз. Ал дипломың керек те емес, келсең болды, дәл қазір тілшінің де, аудармашының да орыны бар, – деді.

Осылайша Кәкең ағамыздың қамқорлығымен газет жұмысына араласқан болатынмын.

«Дидардағы» әріптестерің мен оқырмандарыңа не айтасың?

– Адам баласына керекті ең басты байлық – денсаулық қой! Дендері сау болсын. Мен зейнетке кеткенмен «Дидарды» жаздырып алып тұратын болам.

Сондықтан әріптестермен де, оқырмандарыммен де қоштаспаймын.

Себебі «Мен өзімді олармен біргемін!» деп санаймын.

Хасекеңнің ағынан жарылған тілегіне біз де ризашылығымызды білдіре отырып, 27 жыл қалам тербеген әріптесіміздің деніне саулық, отбасына бақыт, өкінішсіз өмір тіледік.

Осы айдарда

Back to top button