Біздің балуанӨнер

ТӘҢІРДІҢ ҚОЛӨНЕРГЕ БЕРГЕН – БАҚЫТЫ

Көшпелі халқымыздың ұлы мәдениетінде қолөнердің алар орны ерекше. Сан жылғы тарихымыздан сыр шертетін, бабаларымыздың құнды жәдігерлері қаншама? Көшпелі өмірдегі қарапайым қолданыстағы заттар: сауыт-сайман, тұрмыс-тіршілік жабдықтары, әшекей бұйымдары, мәдени мұрамыз болатын құнды жәдігерлер қолөнершілердің еңбегі екені айтпаса да белгілі.

Халықтық қолөнер мен кәсіпшілік ғасырлар бойында қалыптасып, жетіліп, ұлттық дәстүрлі мәдениеттің айрықша көрсеткіштерінің біріне айналды. Ерекше шеберлік пен ептілікті қажет ететін кәсіп түрлері атадан балаға қанмен беріліп, мирасқа қалатын киелі мұра болып саналады. Бұл тұрғыда ата жолын ұстаған «сегіз қырлы, бір сырлы» шеберлер ел ішінде зор құрметке бөленді. Осы қасиетті өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу бабаларымыздың да асыл арманы еді. Осы жолды мұрат етіп еңбектенген жүздеген, тіпті мыңдаған қолөнершінің еңбегі айрықша. Барлығын айтып тауысу мүмкін емес-ті. Әйтсе де, көшпелі мәдениеттің шамшырағы болған өлмес өнер бүгінге жетті. Сол жеткізушілердің еңбегін бағалау, жұртқа паш ету біздің парыз деп есептеймін.

Бүгінгі таңда қасиетті өнерді жалғастырып, қолөнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып келе жатқан шеберлеріміздің бірі – Бақыт Кеңшілікұлы. Бақыт қолөнер шеберлігін атамұра, аяулы кәсібі еткен. Атасы Қатпа зергер, ұста адам болған екен. Шебер бір сөзінде: «Атамның қолғанаты болып, көрігін басып беріп, ұсталық кәсіптің қыр-сырын үйрендім», – дейді.

«Тамырым менің – тереңде…»

«Бақыт шебер – 1966 жылы тамыздың 15-інде Моңғолия Халық Республикасының Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Баян-Өлгей аймағы, Өлгей қаласының №1 мектебінде 10-сыныпты бітіріп, 1984 жылы Ресейдің  Брянск қаласында Мемлекеттік техникалық университетін (МТУ) ағаш өңдеу технологы мамандығы бойынша, ал 1992 жылы МХР, Ұлан-Батыр қаласында графика факультетін бейнелеу өнер мамандығы бойынша бітіреді. 1995 жылы ата жұрты Қазақстанға қоныс аударады. 1997 жылы Өскемен қаласында өз үйінде шағын шеберхана ашып, жұмысын бастайды. Жасаған саз аспаптарымен, ерен еңбегімен, шеберлігімен көзге түскен қолөнершіге облыс әкімінің қолдауымен 2014 жылы қала орталығынан шеберханаға арнайы орын беріледі. Содан бері шеберхана ісін дамытып, қолөнер саласына үлесін қосып келеді».

«Тамырым менің – тереңде» дейді Бақыт Кеңшілік. Арғы аталары – жаугершілік кезеңде батырлығымен көзге түскен Керей – Шеруші руының Құтымбет, Бейімбет, Байтайлақ, Шұбар сияқты батырларының ұрпақтары. Атасы Байтайлақ батыр туралы: Жоңғарлар шабуылының қатты қарқын алып тұрған кезеңі деседі. Сол шақта Керей-Шеруші Байтайлақ батырдың қолымен Арғын Сеңкібай батырдың қолы қосылып, одақтасып бірлесе жауға шапқан. Бірнеше күн кескілескен шайқаста жаудың сағын сындырып, сол өңірді жаудан біржола тазартқан. Жеңіс туы тігілген тау жотасы батырдың құрметіне «Байтайлақ тауы» деп аталып кеткен. Байтайлақ тауы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарағайлы ауылының маңында орналасқан. Осындай батыр, текті атаның ұрпағы болған Бақыт шеберлік кәсібімен қоса, ұрпағына өз ататегін, тарихын үйретуден жалықпаған.

Ұзақ жылғы еңбектің нәтижесінде шеберханада қазір 70 – ке жуық ағаштан және өзге материалдардан, түрлі саз аспаптар, кәдесыйлар жасалады. Оның ішінде саз аспаптарының домбыра (күйге арналған домбыра, үш ішекті домбыра, заманауи қалақ домбыра, Абай үлгісіндегі домбыра, шертпе күй домбырасы, балаға арналған домбыра, бас домбыра, контрабас, альт шертер, оркестр домбырасы), қобыз (қылқобыз, нарқобыз, оркестрге арналған қобыз, прима қобыз), сыбызғы, дауылпаз, даңғыра сияқты түрлері жасалады. Қазақтың қуыршақ өнерінің бастауы болған  «Ортеке» сияқты сәндік бұйымдардың да неше түрі, атап айтсақ, қымызға арналған жиынтық, астау, тегене, ожау, сандық, бесік, тоғызқұмалақ ,т.б.

Бақыт шебер жасайтын тағы бір ерекше бұйым –кәдесыйлар. Ол өзіндік атпен, лайықты түрде барынша көркем жасалады. «Жан домбыра», «Ана мен бала», «Сыр домбыра», «Көк бөрі», «Айбын», «Биші қайың, ана толғау», «Тағдыр», «Домбыра құдыреті», «Қобыз» сияқты кәдесыйлар – терең мағынаға ие.

– Мен – қолөнер шеберімін. Бұл – менің ата кәсібім. Ес білгелі көзім қанған, көкейіме сіңген, жүрегім қалаған. Ұлттық аспаптың, кәдесыйлардың түр-түрін жасаймын. Бұл кәсіпке домбыраға деген құрмет, махаббатпен келдім, – дейді шебер.

Иә, шебердің қолынан шыққан домбыра өзінің аяғы баспаған алыс мекендерге атын апарды. Тіпті шет мемлекеттердің тапсырыс беретінін, қызығатынын білдік. Жалпы өнер саласындағы әртіс, әнші, күйшілер мен оркестрлердің көп көңілінен шығуы үшін де жақсы домбыра керек. Бақыт шебердің домбырасы сол талапқа сай болған. Бұл туралы Қазақстан Суретшілер одағының, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Жолаушы Тұрдығұлов: «Дара көрінетін шеберіміздің бірі – Бақыт Кеңшілік. Ешкімге ұқсамайтын өзінің дара қолтаңбасымен, әдемі дизайнмен, аспаптарының әуенді дінімен ерекшеленетін шебер. Ол тек Шығыстың ауқымында ғана қалып қойған жоқ. Бақыттың жасаған домбыра, қобыздарын еліміздің түкпір-түкпірінен өнер майталмандарының қолынан кездестіруге болады. Ол – «болдым, толдым» демейді, үнемі өзінің шеберлігін шыңдап өсіре білетін азамат». Бақыт шебердің домбыра жасаудағы тәсілі – ауыз толтырып айтарлық жетістік, шексіз еңбек пен төзімділіктің жемісі.

Шебердің домбыра жасаудағы тәсілі

Менің де ата мұрамызға деген құрметім жоғары. Осы Бақыт аға жайлы естігеннен кейін, шеберханасын тауып, сұхбаттасуға өтініш білдіргенмін. Жас та болсам, көңілімді қимай, рұқсатын берген еді. Сұхбат барысында да көптеген мағлұматқа қанығып, шебер ағамыздың шын бейнесін біліп, разы болып қайтқан едім. Шеберлігінен адамгершілік, ұлттық рухы да бір төбе екен. Қазақылықты дәріптеу, жоғалғанымызды түгендеу, бұрмаланған тарихымызбен көмескіленген өнерімізді қайтару, сол жолда қызмет ету біздің парызымыз екенін аңғардым. Өмірінің көп бөлігін шеберханада өткізетін Бақыт Кеңшіліктің бар арманы, бабадан қалған киелі өнерді ұрпақ санасына, бұрмалаусыз тарихымен жеткізу. Екінші үйі болған шеберхананы киелі орын санайды. Киелі десе, киелі. Онда жасалған әр бұйым кімнің қолында жүрсе де шебердің қолөнерінің айғағы. Сондықтан осы жолда таймай, асқан төзімділікпен, қажырлы еңбекпен, өз қолтаңбасын қалдырды. Шеберханада болғанымда домбыраның жасалу жолын шебердің өз аузынан естіп едім. Бір домбыра жасаудың машақаты мен қиындығы да жетерлік.

– Әуелі, ағаш – басты назарда. Ол домбыра үнінің тазалығына үлкен әсер етеді. Домбыраның бет қақпағы шырша, шанағы үйеңкі, мойыны қарағай, ортасына африкалық қызыл ағаш, мойын бетіне индонезиялық қызыл ағаш, басы жаңғақ, құлағы таза ағаш кейде пластмас, тиегі америкалық қара ағаштан жасалады. Жасалу барысында ағаштардың біріктірілуіне аса назар аудару керек. Шанақтан шыққан дыбыс мойынға еш кедергісіз жүріп өтуі тиіс. Домбыра жасау барысында кесу, тілу, ою, безендіру, жиектеу, өңдеу деген әдістер қолданылады. Домбыраға кез келген ою салынбайды. Домбыраның табиғатын ашатын, өнердің ізгі қасиетін паш ететін ою-өрнек бейнеленеді. Безендіру, жиектеу, өңдеу барысында да мұқият болу керек. Еш бұжырсыз, өңіне сәйкес, ашық көрінуі керек. Дыбысын тексеру. Шебердің атқаратын рөлі жасау ғана емес, сен оның дыбысын да білуің керек, – деп түсіндірді шебер.

Ағамыздың домбыра жасаудағы шеберлігі туралы Өнертану PhD докторы, күйші Ардаби Мәулетұлы былай дейді: «Б.Кеңшілікұлының домбыра жасауда өзгеге ұқсамайтын жолы бар. Шебер жасаған домбыраларда байырғы қазақы қоңыр үн сақталған. Әсіресе Арқа мен Шығыс өңірінде кең таралған форманы (қалақ домбыра) негіз етіп жасаған домбыраларында бағзы үн есіп тұрады. Бақыт шебердің тағы бір үлкен жетістігі – қазақтың көшпелі тұрмысында көнекөз шеберлердің домбыра жасаудағы ерекшеліктері мен қазіргі шеберлердің ашқан жаңалықтарын тоғыстыра отырып, домбыра жасауда өзіндік жол салуы. Оған дәлел, домбырашы ретінде өзімнен бастап, қазақтың біраз айтулы домбырашылары осы Бақыт Кеңшілікұлының жасаған домбыраларымен күй тартып келеміз».

Екі жүз сексен сағат көлемінде жасалып шығарылған домбыралары ел ішінде өзіндік пікірін де алып үлгерген. Елімізге белгілі тұлғалардың ішінде 2018 жылы тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың тапсырысын қабылдап, жасап шығарған.

– Арнайы тексеруші өкілдер қабылдап алды. Оннан астам адам арнайы жасалған домбыраммен қоса екі домбырамды сатып әкетті, – дейді шебер әңгіме барысында.

Ереділін шеберлікке шыңдамақ

Шебер әңгіме арасында арманын жасыра алмай: «Осы қасиетті өнерді, киелі шеберхананы Ереділ деген кенже ұлыма мұра қылып қалдырғым келеді. Оның шеберханаға қызығушылығы бар, қазір домбыра үйірмесіне бердім. Алдағы жылда қолөнерге баулимын деген ойым бар», – деді.

«Атадан мұра болған кәсіптің шырағы сөнбесін, жалғаса берсін!» деген тілегімді мен де жеткіздім. Бақыт шебердің жақсы атын шығаратын тәрбиелеген шәкірттері де бар. Олар еліміздің әр өңірінде өз кәсібін жалғастырып, киелі өнерді дамытуға үлес қосып жатыр. Солардың ішінде Мадияр есімді шәкірті қазір Алматыда өз шеберханасын ашқан. Ол да бір домбыра ғана емес, ұстазынан үйренген барлық бұйымдарды жасайды. Еңбегі ақталып, қазіргі таңда республикалық көрмелерде жүлделі орын алып, Үндістан, Индонезия елдерінде қолөнер көрмелеріне қатысып келген.

«Біреуге жақсы өнер үйретсең, сен одан бір саты жоғары тұрасың», – дейді шебер. Осындай ізгілік жолды ұстанған, адамгершіліктің асқар биігін арқау етіп, адалдықтың алаңынан аспай, көптің көңілінен орын тапқан қас шебердің бүгінге жеткен жетістіктері де аз емес. 1986 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің халықаралық фестивалінде екінші орын иеленсе, 2010 жылы республикалық «Шебер» конкурсында финалға шыққан. 2013, 2016 және 2019 жылдары республикалық «Үкілі домбыра» конкурстарының дипломанты, 2021 жылы республикалық «Шығыс Кәдесыйы» қолөнершілер сайысының «Жыл шебері» атанған, 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталып, 2022 жылы Астана қаласында өткен «Наурыз-2022» ұлттық сыйлық байқауында «Үздік шебер номинациясы бойынша 15000 дауыс жинап, екінші орынды иеленген. Шеберден домбыра сатып алған белгілі тұлғалардың бірі –  облыс әкімі Даниал Ахметов: «Бақыт Кеңшіліктің жұмыстары Өскемен, Алматы және Астана қалаларындағы мұражайларда және жеке топтамаларда сақтаулы. Шебердің қолөнер туындылары кейінгі ұрпаққа мирас болып қалады деп үміттенеміз», – деген.

 Ерен еңбек ескерусіз қалмайды

Бақыт шебердің 2011 жылы Астана қаласында өткен «Жан әуендер» атты шығармашылық кешінде Германияның Мюнхень қаласынан келген өнер адамдарының киімдерін кестелеп тігетін кәсіпкер Мехмед Зенгин шебердің «Тарихнама» атты коллекциясын сатып алған. Ресейдің әлемдік деңгейде көрсетілетін «Поле Чудес» телебағдарламасының музейінде шебердің қолынан шыққан «Қобыз құдыреті» атты ұлттық мұрамыз сақталған. Өскемен қаласында 2009 жылы шебердің «Алтайым, атажұртым, аңсағаным» атты кеші және 2021 жылы қазан айында облыстық мәдениет басқармасы, Қазақ этнографиялық мұражайының қолдауымен республикамызға танымал тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің, әншілердің, белгілі ақындар мен зергерлердің қатысуымен Өскемен қаласында «Өнерім – өмірім» атты жеке шығармашылық көрмесінің тұсаукесері өткен. Бұл кеш шебердің барлық қолдаушысының басын қосқан, аыройын асқақтатқан берекелі, думанды кеш болды.

Қазақстанның Мәдениет қайраткері, профессор Жолаушы Тұрдығұлов, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерінің кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков сынды ел ағалары кештің лентасын қиып, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлованың лебізімен басталып, облыс әкімінің алғыс хатын «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бақытқызы  шеберге табыстаған.

Шебердің шығармашылығынан сыр шертетін «Бақыт пен уақыт» атты шағын кітабы жарық көрген. Облыстық мәдениет басқармасы және облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының қолдауымен шебердің өз қаражатына Алматы қаласында басылып шыққан.

– Тым ұзақ көрінгенмен, өте қысқа уақытты бедерлеген, өнердегі жолымды кестелеген кітабым шықты. «Бақыт пен уақыт» деп аталады. Бақыт уақытты бағындыра алды ма? Бақытпен уақыттың қайсысы ұтты? Бақыт пен уақыт үйлесе білді ме? – деген сұрақтарға бұл кітапта жауап берілгендей, – дейді Бақыт шебер.

Аталмыш туындыда зергердің өмір жолы мен шеберханасындағы мұралары, қатысқан конкурстардағы жетістіктері,  өнерін жоғары бағалаған әріптес, аға-інілерінің  ізгі тілектері қамтылған.

Міне, осылай киелі өнердің шамшырағы болған Бақыт шебердің ерен еңбегі бағаланып келеді. Шебердің есімін, еңбегін ертеңгі ұрпақ жоғары бағалайтыны күмәнсіз.

Мұхаммет Тілеубай,

С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті

Осы айдарда

Back to top button