Білікті маман

Жауапты қызметті қалтқысыз атқарып келеді

Мереке қарсаңында біз қарапайым тұрғындардың мүддесін қорғап, туралығымен, адамгершілігімен құрметке бөленіп жүрген прокуратура ардагері, Катонқарағай ауданы прокурорының орынбасары, әділет кеңесшісі Айгүл Абдуловамен жүздесіп, сұхбат құрған едік. 

Ерлермен қатар жауапты қызметті қалтқысыз атқарып келе жатқан Айгүл Жұмақанқызының прокурор шенінде еңбек еткеніне тұп-тура 30 жыл толып отыр.

– Айгүл Жұмақанқызы, мерекеңіз құтты болсын! Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз қызмет етіп келе жатқан аудан прокуратурасынан бастасақ. Оның құрылу тарихына  тоқтала кетсеңіз.

– Өзіңізге мәлім, ауданымыз 1928 жылы құрылып, осы жылы аудандық прокуратураның іргетасы да қаланды. Тәуелсіздік жылдары аудан прокуратурасын В.Бухторяков, С.Райымбеков, Қ.Исмаилов, Ө.Даембаев, Б.Құнафин, Б.Ізғұттинов, С.Дүйсенов, Д.Жексекенов сияқты прокурорлар басқарды. Аудан тумасы Оразхан Тұрыспаев аудан прокурорының орынбасары боп еселі еңбек етті. Қазір аудан прокуратурасына Ержан Рыспаев басшылық етуде.

– Ендігі кезекте, өзіңізге ойыссақ. Туып-өскен әулетіңіз туралы айтып өтсеңіз.

1970 жылы Катонқарағай ауылында дүниеге келгем. Марқұм ата-анамыз қарапайым еңбек адамдары еді. Әкем жүргізуші болды, еңбек ардагері атанды. Анамыз үйдегі тұрмысты реттеп отырды. Екі әпкем мен екі ағам, бауырым бар. Үлкен әпкем – ұстаз болған жан, бүгінде зейнет демалысында. Одан кейінгі әпкем тігінші боп еңбек етті, ол да зейнеткер. Үлкен ағам – Астанада инженер, екінші ағам Катонқарағай ауылының ветеринария қызметінде еңбек етуде. Бауырым – Алтай қаласында полицей.

– Құқық қорғау саласында еңбек ету бала кезден бергі арманыңыз ба?

– Мен дәрігер болғым келген. Бірақ тағдыр басқа арнаға бұрып жіберді. Оның өзі қызық жайттан басталған. 10-сыныпта трактор жүргізу ісін оқыдық. Бірде сол сабақты оқытқан ұстазым, марқұм Әлібек Құсманов ағай жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханнан өтетінімізді айтты. Сыныптас қыздар оны тапсырмайтынын, оларға оның еш қажетсіз екенін айтты. Мен болсам, куәліктің керектігін айттым. Сынаққа комиссия мүшесі ретінде аудандық оқу бөлімінің өкілі де қатысты. Мен сол тұста маған куәліктің қажет екенін, өйткені мектептен кейін заң факультетіне оқуға түсетінімді аяқ астынан айтып қалмасым бар ма… Сыныптас қыздар менің сөзіме күліп, сенбеді. Олардың бұл әрекетіне намыстанып, қайтсем де бұл оқуға түсем деп бел байладым. Өзіме сендім де, алға мақсат қойдым. Сөйтіп, 1988 жылы мектепті тәмамдаған бойда Қарағанды университетіне жол тарттым. Бүкіл Қазақстаннан он шақты адам қабылданды. Солардың бірі мен болдым. Бір орынға 18 талапкер таласты. Осылайша, заң факультетінің «құқықтану» бөлімінде бес жыл білім алып шықтым.

– Еңбек жолыңыз қалай басталды?    

– Жоғары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Өскемендегі облыстық прокуратураға келдім. Басшылар қалада қалып, қызмет жасауды ұсынды. Мен туған ауданыма баратынымды айттым, онымен қоса үйдегі ата-анам да егде жасқа келіп қалған еді. Сөйтіп, 1993 жылы Катонқарағай ауданының прокуратурасына  жұмысқа келдім.

Еңбек жолым аудан прокурорының көмекшісі қызметінен басталды. Кейін прокуратураның тергеуші, аға тергеуші қызметтерін атқардым. Қыздардан облыста тергеуші жалғыз мен едім ол кезде. 1995 жылы тергеу бөлімі жабылды. Одан кейін ауданда прокурор көмекшісі ретінде 2002 жылға дейін жұмыс істедім. Одан кейінгі он жылда Алтай ауданының прокуратурасында аға көмекші, бөлім басшысы қызметтерін атқардым. 2013 жылдан бері Катонқарағай ауданы прокурорының орынбасарымын.

– Өз салаңызда көп жыл бойы қызмет атқарудасыз. Шәкірттеріңіз көп пе?

30 жылға жуық уақыт ішінде көптеген шәкірттерім болды. Барлығымен де мақтанып, жетістіктеріне қуанып отырамын. Көбі бас прокуратурада жұмыс істейді. Кейбірі – аудан прокурорлары.  Олардың қатарында бас прокуратурада жұмыс істейтін Нұрлан Мақұлбаев, Жоғарғы сотта Наиль Ахметзакиров, Самар ауданының прокуроры Айдос Тұрсынов, Тарбағатай ауданының  прокуроры Абай Ысқақов, облыстық табиғатты қорғау прокуроры Александр Акулов сынды азаматтар бар.

–  Жұмыстан бос уақытыңызда айналысатын сүйікті ісіңіз бар ма?

– Сүйікті ермегім – қолөнер. Қолым қалт етсе, жіптен түрлі ойыншықтар мен қуыршақтар тоқимын. Оларды ырымдап сыйлаймын. Одан бөлек, қазақ, орыс тілдерінде өлең, шығарма жазамын. Өлеңге әуестігім мектепте басталған. Алғашқы өлеңдерімді жетінші сыныпта анама,  Катонқарағай ауылының тумасы, Ауған соғысында қаза тапқан Киікбай Жампейісов ағамызға арнап жазғанмын.

– Ұзақ жылғы мінсіз қызметіңіз үшін тиісті марапаттарыңыз да жоқ емес шығар?

– Осы жылдар аралығында облыстық және республикалық басшылық еңбегімізді елеп-ескеріп келеді.  Бүгінде «Прокуратураның құрметті қызметкері», «Мінсіз қызметі үшін», «Прокуратура ардагері» сияқты марапаттармен қатар, мерейтойлық медальдарым бар. Бірақ адамды бағалайтын кеудедегі медальдар емес, ең жоғарғы баға – халықтың берген бағасы, солардың сен туралы айтқан бір ауыз жақсы сөзі деп ойлаймын.

– Көп рақмет! Толайым табыстарға жете беріңіз!

Сұхбаттасқан – Тимур Смағұлов

 

Осы айдарда

Back to top button