Өңірде қандай кадрлар тапшы?
Маусым айында Электронды еңбек биржасында 89,9 мың бос жұмыс орны және 54,5 мың түйіндеме жарияланды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
-Республика бойынша сұраныстың жалпы төмендеуі Түркістан (-3,4 мың бос жұмыс орны), Жамбыл (-1 мың бос жұмыс орны) және Атырау (-850 бос жұмыс орны) облыстарына айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте, төмендеудің жалпы трендіне қарамастан, бірқатар өңір маусым айында кадрларға қажеттіктің артқанын көрсетті: Жетісу (+1,1 мың бос орын), Алматы (+416) және Шығыс Қазақстан (+479) облыстары. Шығыста білікті кадрлар арасында тапшылық байқалды: байланыс орталықтарының мамандары (түйіндемеден 113 бірлікке артық бос жұмыс орындары), жөндеуші слесарьлар (91 бірлікке) және электр-газ дәнекерлеушілер (80 бірлікке), – делінген хабарламада.
Маусым айында ЭЕБ-да біліктілігі жоқ қызметкерлерге тұрақты сұраныстан басқа, байланыс орталықтарының операторларына (1,9 мың бос орын), күзетшілерге (1,7 мың бос орын) және тәрбиешілерге (1,6 мың бос орын) жоғары қажеттілік байқалды. Сонымен қатар бұл мамандықтар жұмыс іздеушілер арасында танымал емес. Байланыс орталықтарының операторларынан барлығы 17 түйіндеме, күзетшілерден – 588 түйіндеме, тәрбиешілерден 770 түйіндеме жарияланды.
-Маусым айының қорытындысы бойынша, жұмыс берушілер жабдықтарды сынау және режимдік реттеу бойынша басшыларға (орта есеппен 700 мың теңгеден бастап), It-дизайнерлерге (566 мың теңгеден бастап) және құрылыс-монтаждау жұмыстарының инспекторларына (550 мың теңгеден бастап) ең жоғары жалақы мөлшерін ұсынуға дайын болды. Сонымен қатар ізденушілер арасында сауда саласындағы бөлім бастықтары (1,9 млн теңгеден бастап), кредиттік инспекторлар мен бас директорлар (1,4 млн теңгеден бастап) жоғары жалақы сұрады, – делінген хабарламада.
Оразай Жеңісұлы