Білікті маман

Кіндік шеше

Адам өзінің мамандығын сүйсе, шебер атанады. Мамандығының қыр-сырына қанып, ол істің өзіне ғана рахат сезімін сыйлағаннан гөрі, адамдарға анағұрлым пайдасы тигізетінін жүрекпен түйсіну бақыттың бір шыңы болар.  Олай болса, сол бақыттың дәмін татқан адамдардың бірі – Гүлнар Қонақпаева.

Иә, ол дәрігер болуды бала кезінен арман еткен еді. Сол арманның жетегінде Өскемен  медициналық училищесінің фельдшерлік-акушерлік бөліміне оқуға түседі. Ата-анаға салмақ түсірмеуді ойлаған Гүлнар құрбысы Қатима Разиева  екеуі қалалық әйелдер босанатын үйге түнгі санитар ретінде жұмысқа тұрды. Бұл жұмыс Гүлнар Ақатайқызы үшін тек күнкөріс көзі ғана емес, үлкен өмірге тәжірибе жинақтау жылдары болды.  Дипломын қолына алған күні перзентхана басшылығы оны сол жерде акушер болып қалуға ұсыныс жасады. Қазақы менталитет белгілі ғой, алыстағы анасы қызының жырақта жүргенін қаламай, жанына алдыртты. Сөйтіп, туған жердің төсіне оралған Гүлнар алғашқы өмір мектебін өз ауылы Қазақстанда бастап, кейіннен 1982 жылы  Қалжыр ауылына  түбегейлі акушерлік қызметке ауысып келді. Сол ауылға келін болып, ана атанып, бала сүйді. Қалжырдағы емханада 20 жылдан артық еңбек етті.

Осы 20 жыл, 1982 – 2002 жылдар аралығы кеңес дәуірінің құлдырауы мен Қазақстанның тәуелсіздік алып, аяқтан жаңа тұрған шағына дөп келді. Қызығы мен қиындығы мол 20 жылғы  еңбек жолында Гүлнар Ақатайқызы халыққа қалтқысыз қызмет етті десек, артық айтпаймыз. Өзінің мамандығы ең бір қасиетті құбылыс – жаңа адамның дүние есігін ашуымен байланысты болғандығын ол мақтаныш тұтады.

«Неше баланың кіндігін кестіңіз?» – деген сұраққа бір дем ойланып қалған маман: «Негізі бұл біздің жұмысымыздың кемшілігі еді. Менің ең басты міндетім – босанатын ананы уақытында ауруханаға жеткізу болатын», – деп еске алды. Ол міндетін Гүлнар Ақатайқызы қалтқысыз атқарды. Дегенмен ауылдық жер, қазақи менталитет, оның үстіне 90-шы жылдардың тоқырау заманындағы ел ішіндегі әл-ахуал оның міндетін 100 пайыз орындауға мүмкіндік бермеді.

Сонымен, өз тәжірибесінде Гүлнар дәрігер шынымен де «аналар дәрігерінің» карьерасын жасады. Олай деуге ауыз толтырып айтарлық жайттар жетіп артылады. Қаншама әйелді босандыру үшін зор жауапкершілікпен барлық қажыр-қайратын арнады. «Болжаусыз толғақтың» басталар уақытын кім білген?!  Бәлкім, түнжарымда, немесе, таңға жуық деген сияқты уақытты айтуға болатын шығар. Өзінің үйіне де көрші ауылдардан келіп, босанып қалатындар болушы еді. Кейбір адамдардың толғағы ашты, кейбіреуінің босануы ауыр дегендей, түнімен өлім мен өмірдің арасында шайқасып кеп жатқаны.

«Жаздың күндері жұмыстың қиындығына мойымаушы едім. Күн жылы, босандырған әйелді аудандық ауруханаға жеткізу аса қиын емес еді. Қиындық тудыратын мезгіл – қыс. Алты ай қыстың қақаған аязы мен қалың қары қанша рет белді бекем буып, тәуекелге баруға мәжбүрледі ғой. Есімде қалғаны  1995 жылдың қысында Боран елді мекені маңында орналасқан әскери бөлімнен БТР, шынжыр табанды арнайы техникасы келетін болып, Қалжыр өңіріндегі ауылдардан босанатын әйелдерді жинап,  Қазақстан ауылына шоғырландырдық. Сол жерде бір әйелдің толғағы келіп,  босандыруыма тура келді. Ауыр техниканы көп күттік. Қазір айтуға жеңіл болғанмен, ол кезде оңай болмады. Біреудің үйінде қаншама жан жатыр, босанған ана, далада көк пен жерді қымтай жауған қар мен ұлыған боран».

Дәрігердің тәжірибесінде қаһарлы қыс айларындаға ауа райының қолайсыздығынан кесер тілігі отасын аудандық ауруханадан бригада келіп, Қалжыр жанұялық амбулаториясында жасаған кездері де болған екен. «Жас босанушыны амбулаторияда қадағалап, үйіме түнеуге де бармайтынмын», – деп еске алады  маман.

1997 жылы ойламаған жағдай орын алды. Әйел босандырудың қыр-сырына машықтанып алған маман тағы бір шеберлігімен тәнті етті. Осы жолы ол әйелді май шамның жарығымен босандырып алды. Иә, білте шам мен қой шамды кезектеп жағып, жас нәрестенің дүние есігін ашуына септігін тигізді. Нәрестенің әжесі шын ризашылығын білдіріп, Қайнар атты ұлдың кіндік жолын Гүлнар Ақатайқызына берді.

Кіндік жолы – ежелден келе жатқан қасиетті дәстүрдің бірі. Көшпелі халық көрші-қолаңдағы, туған-туыстағы әйелдерден атап, кіндігін кескен адамға жолын беріп келсе, бертінде қалаған адамынан баласына кіндік шеше тағайындайтын болған. 1982 жылдан бергі 40 жылда акушер әпкеміз 200-ге жуық баланың кіндігін өз қолымен кессе, солардың 30-40-ының жолы адам жанының арашасысына деген құрметпен өзіне табысталған екен.

Мамандығына адал Гүлнар Ақатайқызы тек әйелдерді қадағалаумен ғана айналыспайтын. Әр кезеңде амбулаторияда маман жетіспеушілігі сезіліп тұратын. Сондай кезде ауылдағы ауырған адамдардың үйлеріне барып, қызмет көрсеткен кезі де аз болмаған. Жіті ауырған немес төсек тартып жатқан адамдардың ауру түрлеріне қарамастан, өз көмегін жасайтын еді.

2002 жылы отбасымен Өскеменге  қоныс аударған дәрігер Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжде көп жыл фельдшер қызметін атқарды. Бұл оның негізгі жұмысы болса, өзінің өмірлік кәсібіне айналған акушерлікті де қатар алып келеді. Ауыл-аймаққа жайылған «мықты акушер» атағының  арқасында босанатын әйелдерге «партнер» болып жүргелі де 20 жылдан асыпты. Жуық арада тағы бір босануға септігін тигізуге тас-түйін дайын отыр екен.

Өзінің саналы ғұмырын әйел затының аман-есен босанып,  өмірге дені сау бала әкелуіне септігін тигізуге, адамдардың денсаулығын жақсартуға арнаған ақ халатты абзал жан бүгінде құрметті демалыста,  екі қыз, бір ұлынан 11 немере-жиен сүйіп, асыл әже атанып отыр.

Еліне қылған қалтқысыз қызметі ел жадында болып,  жақсы аты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін дейміз.

 Гүлбақыт Мұсаханова

Осы айдарда

Back to top button