Талапкерлердің жасына шектеу қойылмайды
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ
Биыл «Білікті маман» жобасы аясында білім, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, құрылыс және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттар бойынша 270 білім беру гранты бөлінеді.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының айтуынша, өңірімізде облыс әкімінің бастамасымен жоғары білімді кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап жоғары білімге қол жеткізу мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейтілді. Жоғары білімнің қолжетімділігі үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен алты жыл ішінде өңірдің еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, сұранысқа ие мамандықтарды даярлауға 2306 білім беру гранты бөлінген. Нәтижесінде жастарымыздың елден тыс жерлерге кетуі 1800 адамнан 298 адамға дейін төмендеді.
Осы жоба аясында білім алып шыққан түлектер өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, экономиканың түрлі саласында табысты еңбек етіп, өңірдің дамуына үлестерін қосып жүр. Екі жылда жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан 569 түлектің жұмысқа орналасқандар үлесі – 437 (77%). Ал қалған 23%-ы бала күтіміне байланысты демалыста, әскер қатарында, магистратурада білімін жалғастыруда.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініштер осы жылдың 5-10 тамыз аралығында қабылданады.
Шалғай өңірлердегі талапкерлердің өтініш беруіне ыңғайлы болу үшін жоғары оқу орындарында бейнебайланыс арқылы көмек көрсететін виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Сонымен қатар биылдан бастап автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы өтініштер мен құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр.
– Мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға жоғары білімге қол жеткізуді қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Осы мақсатта бірқатар санаттар үшін квоталар белгіленді. Атап айтсақ, бірінші немесе екінші топтағы мүгедек адамдар, бала кезінен мүгедек адамдар, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, ауыл жастары, Қазақстан азаматтары емес ұлты қазақ адамдар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары, үш жыл бойы толық емес мәртебесі бар және көпбалалы отбасылардан шыққан жастар. Өтінішке квотаны растайтын құжаттарды қоса тіркеу қажет. Тағы бір ескеретін жайт, жоба аясында талапкерлердің жас мөлшеріне шектеу қойылмайды. Сондықтан осындай тамаша мүмкіндікті жіберіп алмаған жөн, – деді Кәсіптік білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Ләзат Кездікбаева.
Білім гранты иегерлерінің тізімі өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Сонымен қатар аталған жоба шеңберінде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін түлек үшжақты шарт негізінде облыста кемінде үш жыл жұмыс істеуге тиіс.
Мектеп түлектері бакалавриатқа тегін оқуға түсу мүмкіндігін пайдаланып, білім грантына ие болуы үшін ең бастысы, Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті балл жинап, бар болған жағдайда басым құқықты көрсете отырып, конкурсқа қатысуға уақтылы және дұрыс өтінім беруі қажет.