Жасырын алтын өндірушілер жауапқа тартылмай ма?
«Аягөзден алтын шығыпты. Барып қазып алып жатқандар бар екен!»,- деген алыпқашпа сөздің анық-қанығына көз жеткізу үшін аудан орталығынан 70 шақырым қашықтықтағы Сарыарқа ауылдық округіне аттандық. Алдымен ауыл әкімдігінің есігін ашқанбыз.
-Осындағы ветеринария саласының маманымын. Аты-жөнім Дәлелхан Райстанов,- деп таныстырды өзін жігіт ағасы. Сосын ауылдық округ әкімі Талғат Тайкеновтің аудан орталығынан келген екі-үш азаматты «алтын шығып» жатқан өңірге таңертең бастап алып кеткендігін айтты. Көп ойланбастан Дәкеңе бізді сол өңірге алып баруға көндіріп, жүріп кеттік. Он-он бес шақырым жүргеннен соң абырой болғанда, алдымыздан іздеген азаматтарымыздың өздері де қарсы жолыққан. Сарыарқа ауылдық округінің әкімі Талғат Тайкенов оқиғаның былтыр бастау алғандығын, әлдекімдердің шынында да, Біржан Тұяқбаевтың «Жасұлан» шаруа қожалығына тиесілі жерді қазып жатқандығын айтып күйінді.
-Жалпы, бұл өңірге өткен ғасырдың сексенінші жылдары арнайы барлау тобы келіп зерттеген екен. Соны естіп алған әлдекімдер өздеріңіз көріп тұрғандай біздің округке қарасты қожалықтың мына он бес-жиырма гектардай жерлерін қазып, бүлдіріп кеткен,- деп әр жерлерде төбешік болып қалған үйінділерді көрсетті. – Былтырдан бері бұл өзі бізге біршама қиындықтар туғызып отыр. Әлдекімдер тіпті, осы жерге киіз үй әкеліп тігіп, арнайы электр қуатын өндіретін генераторлармен, перфораторлармен, жүк тиегішпен жұмыс істеген. Кейінірек алтынды қолмен сүзетін сүзгіштерін де әкеліп, маңайды қопарып, қазып тастаған. Мына жатқан сол көшкен елдің «жұрты». Жалпы мен округ басшысы ретінде қысқа қарсы өзімізге тиесілі жерлерді аралап шығамын. Сонда байқағаным, әлдекімдер әр тұстан үш, бес гектардай жерлерді қазып-қазып тастаған. Тіпті, қазір өзі осы жер телімдерін заңдастырып алып жатырмын деген азаматтардың да қарасы арта түсті… Содан мен ауыл әкімі ретінде, бұрынғы аудан әкіміне, аудандық полиция бөліміне Сарыарқа ауылдық округінің аумағындағы «Бескөнек» учаскесінде бөгде адамдардың арнайы техникамен жер қазуы қаншалықты заңды екендігі жайлы, соның ақ-қарасын айырып беруін сұрап хат жазған болатынмын. Ол хаттың көшірмесі міне,-деп Талғат Тайкенов хатты көлденең тартты. Хат демекші, биылғы 2020 жылдың 12 маусымында «Жасұлан» шаруа қожалығының басшысы Б.Тұяқбаевтың ауыл әкіміне өзіне қарасты «Бескөнек» учаскесінде әлдекімдердің қазба жұмыстарын жүргізіп жатқандығы жайлы хабарламасы да бар.
-Биыл жаз айында осындай алыпқашпа сөздердің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін аудан әкімінің орынбасары, прокурордың көмекшісі, «Мөлдір сана» аудандық газетінің редакторы, Сарыарқа ауылдық округінің әкімі, жер комитетінен бір топ адам барып, аталмыш жерлердің шын мәнінде қазылып жатқандығына көз жеткізіп, анықтап қайтқанбыз,- дейді аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Нұрланбек Тоқтабаев.
-Рас,- дейді ауыл әкімі бізбен әңгімесінде. -Аягөз аудандық полиция бөлімінің басшысы қызметкерлерімен бірден осында келіп, маңайды түгел шолып шықты. Арнайы рейдтер де ұйымдастырылады. Ол кісілер келгенде, «алтын өндірушілер» жерге сіңгендей жоқ болып кетеді де біршама уақыттан соң қайта шығады. Жалпы, біздің ауданның 200 гектардай жері Жарма ауданының аумағына кіріп тұр. Мына дөңнің арғы беті Жарма ауданының аумағы. Бір шақырымға жетпейтін жерден соң (600 метр) Жарма ауданы басталады. Барлық жағдай осы. Жабайы «алтын өндіруші старательдер» бәрімізге қиындық туғызып отыр,-деп күйінеді Сарыарқа ауылының әкімі Талғат Тайкенов.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.