Мәселенің мәнісі

АЛАКӨЛГЕ БАРУДЫҢ АЗАБЫ

Бірі демалуға, бірі ем алуға асығатын Алакөл курорттық аймағы бүкіл шығыстың ғана емес, барша қазақстандықтардың жылда жағалайтын жері. Айтып отырған Алакөл көлінің туристік кластерін дамыту үшін аса маңызды болып отырған халықаралық транзиттік дәліздің Талдықорған Өскемен учаскесін реконструкциялау осыдан екі-үш жыл бұрын басталған болатын. Жолды жаңарту 2020 жылы аяқталу керек еді. Пандемия болды, материалдар бағасы шарықтады, анау болды, мынау болды, осылайша, Алакөлге  жұрт биыл да айдаладағы жанама жолмен шаңға көміліп баратын болды. Жаңарту жүріп жатқан негізгі автожолды жанамалап айналып өтетін айналма жол тас-талқан болып, астан-кестеңі шығып, шаңы бұрқырап жатыр. Алакөлдегі демалыс базаларының иелері осылай деп, биліктегілерден жолды уақытша болса да көлік жүре алатындай етіп қалыпқа келтіріп беруді сұрап отыр. 

ТАЛҚАНЫ ШЫҚҚАН ТАС ЖОЛ

Алакөл бағытындағы демалыс базаларының иелері, облыс кәсіпкерлері жаз бойы демалыс қызатын Алакөл, Риддер, Бұқтырма туристік нысандарына апаратын жолдардың көлік жүруге жарамсыздығы туралы мәселе көтеріп, демалушылар үшін басқа уақытта болмаса да дәл осы демалыс маусымының қызған кезінде жолдарды уақытша болса да қалыпқа келтіріп беруді сұрап жатыр. Әсіресе, Алакөлге апаратын Талдықорған – Өскемен бағытындағы  жанама жол бөлігі енді екі аптадан соң әрлі-берлі ағылып, екі есе көбейетін көлік нөпіріне шыдас берер емес, жолаушылар өміріне де үлкен қауіп төндіріп тұр. Демалуға келе жатқан жолаушылардың үсті-басын қара шаң басқанын былай қойып, алдыңдағы жол көрінбей қалады дейді кәсіпкерлер.

Елена Асылбекова, Алакөлдегі  «Арасан Алакөл» және «Інжу» демалыс базаларының директоры:

– Жанама, айналма жолдың жағдайы өте нашар. Әсіресе, Таскескен ауылының бұрылысынан Үшарал, Аягөз жаққа баратын аумақтағы айналма жолдың әлем тапырығы шығып жатыр. Өкінішке қарай, демалушылар Алакөлге  биыл да осы жолмен келеді. Қазір алдын ала броньдау маусымы жүріп жатыр. Телефон соғып, хабарласып жатқан адамдарға қандай жауап айтарымызды білмей отырмыз. Салынып жатқан жол биыл біте ме, жоқ па, шаңы бұрқырап жатқан айналма жолмен тағы да жүре ме? Әлде ұшақпен келу керек пе? Ол ұшақ қашан ұшады, Үржардың әуежайы жөнделіп біте ме? Біз осы сұрақтардың жауабын әлі біле алмай отырмыз.

Бұл жол 2020 жылы салынып бітуі керек болатын. Міне, жыл сайын тақтайшадағы жолдың жаңартылып бітуі тиіс уақыты мезгіл сайын кейінге  шегеріліп, ауыстырылып келеді. Құрылыс мүлде қаңтарылып тұр. Адамдар, техникалар қайда? Қашан жол жөндеуге шығады?

Олжас Ахметов, «КазАвтоЖол» ҰК» облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Ол жақтағы жолдың 454 шақырымының жағдайы нашар. Жолдың  211 шақырымына асфальт жабыны төселді. Айналма жолдың жағдайы жаман екенін білеміз. Наурыз айынан бастап саланы бақылайтын директорды Аягөз қаласына жөнелттік. Демалыс маусымы мамырдан басталатын болған соң айналма жолды даярлай бастадық. (Кәсіпкерлер болса су сеуіп жатырмыз дегеніне сенбейтіндерін айтуда. авт) Шаң баспас үшін.  Бізде 1403 нөмірлі Колл орталығы бар. Кәсіпкерлер осы нөмірге қоңырау соға алады. Барлық арыз-шағымды жеке-жеке қараймыз.

Cөйтіп, филиал директорының орынбасары жөндеу жұмыстарының кешігіп, жолдың жаңартылып бітпей жатуын құрылыс жол материалдарының қымбаттап кетуі салдарынан мердігер ұйыммен арадағы туындап отырған мәселелерге, мердігердің бұрыңғы сметамен жұмыс істегісі келмей отырғандығына әкеліп тіреді. Дегенмен, кәсіпкерлердің көтерген мәселелері мүмкіндігінше назарға алынбақ екенін айтады.

ҮРЖАРҒА ҰШАҚ ҚАШАН ҰШАДЫ?

Алакөлдегі  «Арасан Алакөл» және «Інжу» демалыс базаларының директоры Елена Асылбекова айтқандай, Жалаңашкөл  маңындағы сегіз шақырымдық жолды да маусым айына дейін жөндеу керек,  әйтпесе, тас-талқаны шығып жатқан бұл жол да демалушыларға  жол азабын тарттырмақ.

– Қазір маусым алдында біз бұл жолға жобалық сметалық құжаттар жасауды, асфальт төсеуді сұрамаймыз, бұл мүмкін емес екенін түсініп отырмыз. Сондықтан ескі тоз-тозы шыққан асфальтты сыпырып алып, тым болмаса орнына гравий төксе дейміз. Сонда жолаушылардың көлікпен келуіне аз да болса қолайлы болады. Болашақта бұл жолды афальттау керек, – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, жаңғыртылып салынып жатқан Талдықорған – Өскемен автожолының уақытша салынған айналма жолымен көлікпен жүруге мүмкін болмай бара жатыр. Көліктің ішіне кірген шаң  аузы-мұрынға дейін толып қалады.  «КазАвтоЖол» ҰК мекеменің техникалары су сеуіп, жолдың шаңын басып жатыр деген сөзіне сенбейді, себебі ешқандай техниканың су сеуіп жүргенін ешкім көрмеген. Айтуынша,  айналма жол жолаушылар үшін аса қауіпті. Алыс жолға жүретін жүк көліктерін басып озу өте қорқынышты. Өйткені алдыңда не бар екені белгісіз, бұрқылдаған шаңнан көрінбейді. Кесек-кесек тастар жатыр.

Қысқасы, ойдым-ойдым щаң басқан айналма жол Алакөлге келушілердің көңілін түсіріп, шаршатпас үшін жолды қалыпқа келтіретін шұғыл шаралар қажет. Ел енді емін-еркін демалуға баратын болдық, кәсіпкерлер жұмысымыз енді жүретін болды деп жатқанда екі жақ та көресінді жолдан көретін болды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар жөндеу жүргізіліп жатқан Үржар әуежайы алдағы айларда ашылатынын, шілденің басына таман Үржарға ұшақ қатынайтынын айтып отыр. Билет бағасы қолжетімді болатын көрінеді.

Алакөл демалыс аймағындағы «Чикаго» демалыс базасының иесі Айгүл Жұмабаеваның сөзінше,  Үшарал – Достық автожолында Жалаңашкөл стансасына бұрылысты көрсететін белгі қойылмағандықтан демалушылар бағыттарынан жиі адасып кетіп жататын көрінеді. Алакөл курорттық аймағындағы Қабанбай ауылына, Мақаншыдан Қабанбайға, Қабанбай ауылынан Жалаңашкөл стансасына дейінгі жолдардың жөнделмегені де Алакөлге келушілерге жол азабын тарттыруда. Өскемендік кәсіпкерлер Манат ауылынан Бұқтырма жағалауындағы  Аюдыға дейінгі, Өскемен – Риддер бағытындағы жолдар да  жөнделсе екен деумен келеді.

Түнеукүні аймақтық кәсіпкерлер палатасындағы туризм комитетінің  кезекті отырысы өтіп, «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының өкілдері алакөлдік кәсіпкерлер көтерген мәселелердің бақылауға алынатынын айтып уәде берді. Уәденің орындалғаны, орындалмағаны Алакөлге барған елге белгілі болады.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button