Мәселенің мәнісі

Қоқысқа көмілген отбасы

Өскеменнің орталығында үш бөлмелі пәтерін қоқысқа толтырған шешелі-балалы тұрғындар бар. Бұл адамдардың біртүрлі өмір салты кейбіреуге қызық көрінгенімен, көршілерге кесірін тигізіп келеді. Мамандардың пікіріне сүйенсек, мұндай синдромға денсаулық ақауымен бірге аса үнемшілдік, есепшілдік, дүниеқоңыздық деген секілді адам бойында кездесетін сан қатпарлы мінез-құлықтар да душар етуі мүмкін. Себеп әртүрлі.

Біз атаған пәтер иесінің де өзіне шағымданған көршілерге айтар уәжі, өкпе-назы бар.

– Мен зейнеткермін. Ұлым ауырады. Кешке дейін асүйдегі қоқысты тазалаймыз деп екеуіміз де шаршап тұрмыз. Аз да болсын тынығуға мұрсат беріңдерші, – дейді ол.

Мүңкіген иіс, қаптаған тарақан

30-гвардиялық дивизия көшесінде орналасқан осынау үйдің тарақандары әдеттегі тарақаннан ерекше секілді.

– Мына жәндіктер жарық жанғанда жан-жаққа жамырай қашпайды. Көз алдыңда тарбаңдап жүре береді. Дихлофостың неше түрін сепсек те қырылып жатқанын көрмедік, – дейді Назгүл есімді тұрғын қабырғада жосып жүрген жәндіктерге жиіркене қарап.

Бұл тарақандардың отаны – бесінші қабаттағы үш бөлмелі пәтер. Сол жақтан шығып, әр үйге таралып жатады. Ал үйдің иесі – Ольга Логинова есімді зейнеткер. Бүгін оның үстінен көршілері полиция мен психикалық денсаулық диспансеріне шағым түсірді.

– Ешкімді кіргізбеймін. Ешбір затқа тимеңдер. Сотқа беремін! – деп, ашуланған пәтер иесі сақшы мен телеарнаның операторын ішке енгізбеді.

Полиция қызметкерлері мен көршілер Логиновамен ымыраға келуге тырысты. Зейнеткер Дарья есімді көршісін ғана ішке енгізуге рұқсат етті.

– Бұған дейін ол кісі маған үйімді тазалаймын деп уәде берген. Сөзінде тұрғанына көз жеткізуім үшін ішке кіргізуге келісті. Алайда міне, видео мен фотоға түсіріп шықтым, жағдай еш өзгеріссіз. Бәрі ана жолғы қалпында, – деді Дарья бұған дейін де мұнда болғанын аңғартып.

Видеодан көргеніміздей, үй іші қалай болса солай шашылып жатыр, бос орын жоқ. Бір бөлме толған киім-кешек. Еденге тасталған заттар да қалыңдап, биіктеп кеткен. Бұрыш-бұрышта коньки, хоккей таяғы, футбол аяқ киімдері де бар екенін үй иелері өздері көрсетіп қояды. Екінші бөлмеде де осыған ұқсас көрініс. Алакөлеңке болғандықтан анықтап қарау мүмкін емес. Ортада бір адам ғана сыятын жіңішке жол қалған. Төрде теледидар қосылып тұр. Зейнеткер үшінші бөлмесін пердемен жауып қойған. Онда өтуге рұқсат жоқ. Асүй де жаңағыдай бейберекет. Үстел үстіндегі электр қуатына қосылған пеш көзге бірден шалынады. Төбе қап-қара күйе.

– Тәте, үйіңіз неден өртеніп еді осы? – деп сұрайды Дарья.

– Ұлым темекісін сөндірмей тастап кетіпті, – дейді зейнеткер.

– Тәте, мына заттарыңызды шығарып берейік, көмектесейік, – дейді Дарья.

– Жоқ, ұлымның заты бұлар. Бәрі керек. Керексіз дүние әне қара пакетте тұр. Оны ертең өзіміз-ақ тастаймыз. Бізге аз да болса тыныштық беріңдерші. Асүйді реттейміз деп-ақ шаршадық, – зейнеткер осы сөздерін жаттап алғандай қайталай береді.

Камераның алдында шыбын-шіркей ұшып жүр. Қай затты үлкейтіп көрсетсе де, соның бәрінен жосыған тарақанды байқаймыз.

– Бір жарым жыл болды мұрыным иіс сезбейді. Зауытқа жұмысқа тұрғаннан кейін осындай ауру таптым. Бүгін соның арқасында мына үйге кіріп шықтым, – дейді шыға сала үсті-басын қағып-сілкіп жатқан Дарья.

Подъездегі жұрт Дарья шыққанда «терезені ашшы»,  «ашып тасташы жылдам» деп, дабырласып қалды. Олардың айтуынша, кіреберіс жазда ыстықта қатты сасиды. Қазіргісі «айналайын».

Жаңағы пәтердің тура төменгі қабатында тұратын Альмира Жилқашинова айтар арызы барын аңғартып, журналистерді өз пәтеріне шақырды. Мұнда көшіп келгеніне тоғыз жыл болғанын айтты.

– Әжетханамызды қанша рет жөндедік. Сөйтсе де, төбесіне жапсырған жабдықтарымыз түсіп қала береді. Төбе ылғи осылай сарғайып, дымданып кетеді. Менің ойымша, ол кісілер әжетханаға дұрыс шықпайтын секілді. Үлкен адамдар ғой деп осы уақытқа дейін жеңіл ескертумен тынып келдік. Бірақ шыдамның да шегі бар, – деді Альмира.

Көршілердің айтуынша, бұған дейін де полиция қызметкерлері шақыртылған. Алайда жағдай өзгермеген.

«Мемлекет қарауына алғанын қалаймыз»

Логинованың ұлы пәтерден дәлізге шықты. Бутсы мен имек таяғын көрсетті. Пәтер иелерін әңгімеге тарттық.

– Спорт ойындарын көресіздер ме?

– «Торпедоның» жанкүйеріміз.

– «Торпедо» кеше кіммен ойнады?

– «Теміртауды» екі де нөлмен жеңді.

Логинованың ұлы футбол бәтеңкесін басынан жоғары ұстап, тарсылдатып қаға бастады. Зейнеткер ұлын пәтерге қайта кіргізіп жіберді. Сосын жерге еңкейіп, жорғалай жөнелген жәндіктерді бір-бірлеп алақанмен басып өлтіріп шықты.

– Ұлыңыз неше жаста?

– 1978 жылғы. 42-де.

– Үйді неге тазалатуға келіспей отырсыздар?

– Здрасьте! Тазалайтын несі бар?

– Үйдегі заттың бәрін қайдан алып келдіңіздер?

– Сатып алдық. Достарымыз да көп. Солар сыйлаған.

– Тәте, от жақпайтын, орталық жүйеге қосылған жеке үй тауып береміз көшесіздер ме? – деді көршілердің біреуі.

– Здрасьте! Бұл үйде әке-шешемнің естелігі қалған. Ешқайда бармаймын!

Аздаған үнсіздіктен соң зейнеткер сөзін жалғады.

– Кіреберісте баспалдақпен тарсылдатып жүгіресіңдер. Алдымен өздеріңе қарамайсыңдар ма? Бәріңді салық органдарына тексертемін. Мына еденді жудыңдар ма өзі? Маған тыныштық бермейсіңдер, – деді Логинова.

Полицияның айтуынша, Логинова «туыстарым бар» деген. Бірақ оларды әзірге табу мүмкін болмай отыр. Көршілері де ешкімнің келіп-кеткенін байқамаған.

– Күніне оннан астам шыбын өлтіремін. Үйімізді иіс алып барады. Зейнеткердің ұлы аулада ойына келгенін істейді. Оғаш қылықтарын көрген соң балаларымыз да қорқады. Міне, осындай жағдайда тұрып жатырмыз. Біздіңше, бұл кісіні мемлекет қарауына алуы керек, – деді Альмира.

Сол күні шақыртумен келген психикалық денсаулық диспансерінің жедел жәрдемі ертеңінде зейнеткер мен ұлын алып кетті.

– Ол кісі тұрғындар және полиция шағымымен орталыққа алынды. Тексеру жүргізіп жатырмыз. Әзірге ештеңе дей алмаймыз, – деді облыстық психикалық денсауық орталығының бас дәрігері Мерхат Мұқышев.

– Логинова мен ұлы еш жерде науқас ретінде тіркеуде жоқ. Ұлы бұрын тіркеуде болған. Қазіргі уақытта психикалық диспансерге жөнелтілді. Олардың айтуынша, екі ай сонда қарауда болады. Пәтердің кілті бізге берілді. Көршілері тазалаймыз десе немесе волонтерлер ұйымдасатын болса, рұқсат, есікті ашып береміз, – деді учаскелік полиция Бейбіт Ихсанов.

«Плюшкин синдромы»

Логинова тәрізді үйге «қоқыс» жинайтын адамдар Өскеменде баршылық. Жуықта «Доверие» қоғамдық бірлестігінің еріктілері Аблакет кентінде бір үйді тазалап берген.

– Галина Кугатова есімді кісі бірінші қабаттағы бір бөлмелі пәтерінде 16 ит баққан. Ол кісі бұрын заңгер болған. Әртүрлі жағдайларға байланысты жалғыз қалған. Оның үстіне үйі бірінші қабатта болған соң қорқып, бір-екі ит асырайды. Иттері көбейген сайын оларға тамақ табамын деп қоқыс аралайды. Солайша үйінің іші қоқысқа да толады. Бұдан басқасы бізге белгілі емес. Айтқысы келмеді. Бұл кісіге көршілер шағымданды. Жағымсыз иіс, жыбырлаған жәндік пен иттердің үрген дауысы тұрғындардың мазасын қашырған, – деді бірлестіктің жетекшісі Александра Талхигова.

Оның айтуынша, Кугатова үйін тазалауға дереу келісіп, көршілерінен кешірім сұраған.

– Үйді тазалау оңай болған жоқ. Қорғаныс киімдерін кидік. Одан ары сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. Көмектескендер көп болды. ТҮКШ бөлімінің қызметкерлері мен қарапайым тұрғындар да қолдау көрсетті, – деді волонтер.

Александра бастаған еріктілер Логинованың да үйін тазалап беруге дайын.

– Кугатованың үйіне шама келгенше жөндеу де жүргізіп жатырмыз. Оның иттерінің кейбіреуі нақ иесіне қайтарылды. Көпшілігі арнайы орталыққа алынды. Алдағы уақытта Логинованың үйін де тазалаймыз, – деді ол.

Облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Мерхат Мұқышев орталықта қоқыс жинаумен әуестенетін емделушілер бар екенін айтады.

– Мұндай жағдайға маскүнемдік, мидағы кінәрат секілді әртүрлі себеп душар етеді. Нақты айту қиын, – деді Мерхат Мұқышев.

Ауызекі тілде өскемендіктер бұл түсініксіз мінез-құлықты «Плюшкин синдромы» деп атап жүр. Гогольдің «Өлі жандар» шығармасындағы үйіне қоқыс таситын кейіпкері – Плюшкинді меңзейді.

Ғылымда бұл синдром толық зерттеліп бітпеген. Дегенмен, ғалымдар осыған душар ететін бірнеше себепті айтады:

бірінші, шектен тыс үнемшіл, есепшіл, дүниеқоңыз адамдар ұлғайған сайын ешбір затын тастауға қимай, «бір керегі болар» деп жинай береді. Сараң бола түседі. Артық зат пен керек дүниені айыра алмай қалады;

екінші, ортамен көп араласпайтын, тұйық жандар, бала күнінде көпшілік назарында болмаған немесе жоқшылық көрген адамдар есейгенде жетіспеген нәрсесінің бәрін ала беруге құмартады;

үшінші, бұл сырқат қанмен жалғаспайды, бірақ ата-ананың мінез-құлқы арқылы ауысуы мүмкін;

төртінші, әртүрлі соққы, жарақат, шизофрения, ауру, жалғыздық, маскүнемдік жүйке жүйені бұзады.

– Бәріміздің ешбір акция мен жеңілдікті құр жібермей, әлдебір затты арзан бағаға сатып ала беретін танысымыз бар ғой. Бұл әдетті уақытында ауыздықтай білу керек. Жалпы осы синдром бойында байқала бастаған адамдармен жылы сөйлесіп, оларды біреуге сыйлық алып беруге көндіру керек. Адамдар арасындағы мейірімділікті сезіндіріп, көпшілікпен қарым-қатынасқа түсіру керек. Оңаша әңгімелесіп, ол адамның неден қорқатынын біліп, сол қорқынышын қалай жеңуге болатынын үйрету керек. Тап сондай науқастар туралы түсірілген деректі фильмдерді көрсеткен де абзал, – дейді ғалымдар.

Мақалаға материал жинау барысында бұл синдромның қазақша атауы бар ма екен деп ізденіп көрдік. Таппадық. Интернет желісін ақтарғанда дүниеқоңыз сөзі бірнеше мәрте кезікті. Қалай дегенмен де, «дүниеқоңыз сөзінің шығу төркіні қайда жатыр екен» деп, ойға қалғанымыз рас.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button