Мәселенің мәнісі

Жарма ауданындағы жер дауы

Атам заманнан бастау алып қазақтың «Жеті жарғы» заңынан да ойып орын алған жер дауы күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бұл жер бетінде адам тұрғанда бітпес дау екені де заңдылық. Осы жолғы жер дауы Жарма ауданынан алтын қазамыз деген «IRG Khazakstan» компаниясы мен «Шалабай» шаруа қожалығының арасында өрбіген. Ал дауға себеп болған алтыннан да құнды археологиялық ескерткіштер.

Қазақ даласының қай қырын ассаң да арғы ғасырлардың куәсі боларлық көне қорғандар мен ежелгі ескерткіштерге тап боласың. Әсіресе шығыс өңірінің қойнауы мен қорғаны алтын мен археологиялық мұраға бай. Сол қатарды толықтырған сақ қорғандарының бір шоғыры сары алтынды қазамыз деп келген компанияға кедергі болған. Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының жерінде орналасқан сақ қорғандары «Шалабай» шаруа қожалығының территориясында жатыр. Бұл өлкені біраз жыл бұрын барлап қайтқан кен іздеушілер үкіметтен рұқсат алып, асай-мүсейін арқалап келіп қазуға кіріспек болған. Жеме-жемге келгенде жер иесі болып табылатын шаруа қожалығы мен компания келісімге келе алмаған. Оның бір себебі сонда жатқан сақ қорғандары болса, екінші себеп мал жайылымының қорыс-қопасы шықпақ. Шығыстағы шаруасы шалқып отырған «Шалабай» шаруа қожалығын шығынға батыруы да мүмкін екен. Біз бұл даудың бүге-шігесін білуге тырыстық.

Шаруа қожалығының басшысы неге шырылдап жүр?

Территориясында тарихи ескерткіштер жатқан «Шалабай» шаруа қожалығының қожайыны жерін қорғап қалу үшін жанын салып жүр. Аталған аумақтан алтын қазамыз деген «IRG Khazakstan» компаниясы мен тағы бір өскемендік компания үкіметпен үш жыл жұмыс жүргізуге келісімшарт жасасқан. Осы уақыт аралығында олар 140 мың тонна көлемінде топырақ қазып, жер астынан алтын іздемек.

–  Бұл жерге кеңес өкіметінің тұсында барлау жұмысы жүргізіліпті. Сол кезде бір жерде 1 тонна, тағы бір жерде бірнеше тонна алтын бар екендігі айтылған. Бүгінгі таңда осы алтынды қазамыз деген  компаниялар үкіметпен үш жылға келісімшартқа отырған. Егер бұлар осыншама уақыт қазба жұмысын жүргізетін болса жерден түк қалмасы анық. Одан бөлек, кеңес үкіметінің тұсында барлау жүргізгендер бұл аумақтағы алтынды қазудың адам мен малға өте зиянды екенін айтқан. Бұлар ондай нормалық жағдайды сақтайын деп отырған жоқ. Ал алтын өндіруші компаниялардың бірі жерді 35 метрге дейін қазамыз десе, бірі 4-5 метрге дейін қазамыз дейді. Бәрібір де бұл аумақ толған қорған болғандықтан астынан адам сүйегі шығатыны анық, – дейді «Шалабай» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Қоғам белсендісі әрі депутат Қуаныш Сүлейменов екіншіден ежелгі ескерткіштер мен қорғандарды сақтап қалуды мақсат етіп отырғанын айтады. Ол алтын үшін ата-баба қорғандарын қопарып тастау тарихтың тамырына балта шапқанмен бірдей екенін айтады.

– Бұл жерге 2017 жылы тарихшы, археолог ғалым Әбдеш Төлеубав зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесі бойынша сақ дәуіріне тиесілі төрт үлкен пантеон бар екені анықталған. Аумақта жалпы саны 200-ге жуық қорған бар. Бұл өте үлкен тарихтың таңбасы. Осыны көздің қарашығындай қорғап, болашақ ұрпаққа аманаттауымыз керек. Қазіргі уақытта қорғандарды ерекше қорғалатын аумақтың тізіміне кіргізуге атсалысып жатырмыз, – дейді Қуаныш Сүлейменов.

Біреуге алтын қымбат, біреуге археологиялық ескерткіш қымбат. Алайда әрбір істің заң аясында жүзеге асары анық. Біз аталған аумақта нақты қанша тарихи қорған бар екенідігін біліп көрдік.

Сақ қорғандарының сақталғаны рас па?

Бұл аумақта біраз уақыт бұрын археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгенін жұрт жақсы біледі. Белгілі археолог ғалым, тарихшы Әбдеш Төлеубаев 2017 жылы сондағы сақ қорымдарын зерттеп, ежелгі қорғандарды ерекше қорғауға алу керектігін айтқан. Жер иесі мен жергілікті билік өкілдерінің өтініші бойынша өткенде ғана Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінің ғылыми қызметкерлері барып, барлау жасап қайтыпты.

– 2018 жылғы «Сокровища Турана» ЖШС-ның тарихи-мәдени сараптамасының қорытындысына сәйкес, Жарма ауданы, Шалабай ауылының аумағында  төрт археологиялық ескерткіш тіркелген, – дейді  Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінің басшысы Талғат Сүлейменов.

Құжатта көрсетілгендей оның бірі – Құйған қорымы. Ол б.з.б. VI-IV ғғ., XVII-XVIII ғасыр аралықтарына жататын Шалабай ауылынан солтүстік-батыс бағытта 10 км жерде орналасқан. Ал екіншісі «күйелі қорым» деп аталған. Бұл қорым б.з.д. VI-IV ғғ., б.д. VIII-IX ғғ., б.д. XVIII-XIX ғасырларға тиесілі. Ол Шалабай ауылының солтүстік-батысында 15 км қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ сол ауылдың солтүстік-батысында 18 км қашықтықта «Қостөбе» қорымы жатыр. Ол б.з.д. VI-IV ғасырға жатады. Ал ауылдың солтүтік-шығысында 18 км жерде «Мөртас петроглифтері» бар. Бұл да біздің заманымызға дейінгі дәуірдің куәсі іспетті көне ескерткіш.

Бұл археологиялық ескерткіштерді ерекше қорғауға алу керектігін жергілікті билік пен ауыл тұрғындары үнемі айтып келеді екен. Қазіргі уақытта арнайы мекемелер де мәдени мұраның жайын біржақты етуге кірісіп кеткен.

«Шалабай» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Сүлейменов халық қалаулысы ретінде ескерткіштің ерекше қорғалу керектігін айтып, жергілікті билікпен бірге жауапты мекемелердің  құзырына бірнеше рет жүгінген. Тарих үшін табандылық таныта кіріскен ісі де ілгерілей түскен тәрізді.

– Аталмыш ескерткіштер анықталған бойда тарих және мәдениет ескерткіштерін алдын ала тіркеу тізіміне енгізілді. Бүгінгі таңда ескерткіштер жаңадан әзірленген «Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы жобасына» енген. Алдағы уақытта Жарма ауданы, Шалабай ауылының аумағында орналасқан Құйған, Күйелі, Қостөбе қорымдары және Мөртас петроглифтері Шығыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемелекеттік тізіміне енеді, – дейді Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінің басшысы Талғат Сүлейменов.

Ұлттың мүддесі үшін жасалған ұсыныс пен қорымды қорғауға алуға бағытталған қадам оң шешім тапса орынды болмақ.

Компанияның жерді қазуға құқығы бар ма?

 Ата-бабамыздан аманатқа қалған жерді күрегін көтеріп келген әркімнің қаза беруге құқығы жоқ. Бір аттам жердің де тағдыры  заң аясында шешілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 3-бабында көрсетілгендей «Қазақстан Республикасында жер мемлекеттiң меншiгінде болады. Жер учаскелерi осы кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жекеменшiкте де болуы мүмкiн» деп жазылған. Сондықтан да аталған алтын өндіруші компанияға іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті билік тарапынан рұқсат берілген.

– Жарма ауданының әкімшілігі 2017 жылы 14 қыркүйекте барлау жұмысын жүргізуге қаулы шығарған. «IRG Khazakstan» компаниясы мемелекеттік портал бойынша өтініш түсіргендіктен біз рұқсат бердік. Заң аясында атқарылып жатқан жұмыс болғандықтан рұқсат беруге міндеттіміз. Ал жер иесі болып саналатын шаруа қожалығымен компания өзара келісімге келу керек болған, – дейді Жарма ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Сәкен Сәтбеков.

Алайда аталған компания өкілдері еліміздің  «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңын ұмыт қалдырған көрінеді.

– Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 4-бабына сәйкес, анықталған тарихи-мәдени мұра обьектілерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушыы органдары алдын ала есепке алу тізіміне енгізеді және олардың түпкілікті мәселесі туралы шешім қабылданғанға дейін осы заңға сәйкес, тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады, – дейді Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Шығыс Қазақстан облыстық мекемесінің басшысы Талғат Сүлейменов.

Қазіргі таңда қос тараптың арыз-шағымы негізінде сот шешімі шығып, іс-әрекет заң жүзінде жалғасуда. Егер аталған аумақтағы археологиялық ескерткіштер ерекше қорғауға алынатын болса, алтын іздеуге жол берілмеуі мүмкін. Алтын іздейміз деп ата-баба аманатын аттап, қорғанын таптап кетпесек болғаны.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button