Жалған фирмалар құрып, салықтан жалтарған
Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің облыс бойынша экономикалық тергеу департаменті іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазып беру арқылы заңға қайшы әрекеттерді жүзеге асыру фактісінің жолын кесті.
Өскемен қаласының тұрғыны 2017-2018 жылдар аралығында жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқан, аталған заңсыз қызметтен мемлекетке төленбеген салық түрінде 1,5 млрд. теңгенің шығыны келтірілген.
Азаматша жеті жалған кәсіпорынды өзінің туысқандары мен сенімді тұлғаларына тіркей отырып, құрылтай құжаттары мен мөрлерді, есептік-бақылау машинкаларын, ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуге қою туралы куәлікті, электронды түрде салық органдарына есеп тапсыруға арналған «криптокілттерді» өзіне қалдырып отырған.
– Жалған фирмалар басшыларының ешқайсысы қаржылық-шаруашылық мәселелерімен айналыспаған, бухгалтерлік есеп жүргізбеген, салық есептерін тапсырмаған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін мүлік және қызметкерлердің штаты болмаған. Шындығында, бұл фирмалар қылмыстық іс әрекеттерді жүзеге асыру үшін қолданылған, контрагенттерге салықтан жалтару үшін жалған есеп-шоттарды жазып берумен айналысқан, – дейді облыс бойынша экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Лейла Искакова.
№2 Өскемен қалалық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 216 бабының 2, 3 бөліктерімен, 245 бабының 2 бөлігімен азаматша кінәлі деп танылды. Алайда сотталушының зейнеткерлік жасы ескеріле отырып, шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Дәурен Аллабергенұлы