Дін

Зайырлылық ұстанымы және хиджаб

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дін қоғамдық өмірге белсене орала бастады. Бұл ретте діни атрибутика мәселелері де өзекті болды. Солардың бірі – хиджаб кию, бұл – дінге деген құрмет пен адалдықты білдіретін киім.

Ел Конституциясының бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген.

Өзін зайырлы мемлекет ретінде көрсете отырып, біздің мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды, өз кезегінде олардың қызметі қолданыстағы заңнамаға қайшы келмеуі керек деген қағиданы бекітті.

Алайда соңғы уақытта қоғамда діни атрибутикаға, оның ішінде хиджаб киюге қатысты пікірталастар пайда болуда. Зайырлылық қағидаттарын негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы өзінің сыртқы және ішкі саясатын діни нормаларға емес, заңдарға сәйкес жүргізеді.

Бұл мәселеге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Түркістанда өткен жұртшылықпен кездесуде былай деген болатын: «Мен студент жəне оқушы қыздарымыздың хиджаб немесе пəренже киюіне түбегейлі қарсы болғанмын. Біздің əйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Біздің сан ғасырлық тарихымызда мұндай дəстүр болған емес. Қазір осы бір үрдіс бізге жабысып алды. Біз Ислам мен Ислам атын жамылған ағымдарды айыра білуіміз керек… Басқаның әдет-ғұрпын соқыр түрде көшіруге және басқаның мәдениетін, атап айтқанда, араб мәдениетін ұстануға болмайды. Қазақ халқы ата-бабаларының салты мен дәстүрлі дініне сүйене отырып, өзінің тұтастығын, келісімін және бірлігін сақтай алатынын әрдайым есте ұстаған жөн».

Өкінішке қарай, діни догмаларды ұстану үрдісі білім беру саласына да ауысуда. Ережелерді білмей немесе сақтамай, ата-аналар балаларды мектепке діни белгілері бар киіммен жібереді. Осылайша, білім берудің зайырлылық қағидасы бұзылады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті. Олай болмаған жағдайда оларға айыппұл түріндегі әкімшілік жазалау шаралары қолданылуы мүмкін. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады, өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент қандай да бір жолмен олар ұстанатын дінді насихаттауды білдіреді.

Оқу орнының ішкі тәртібін сақтау үшін мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салынды. Мектептен тыс жерде бұндай тыйым салынбайды. Барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ететін зайырлылық қағидаттары қандай да бір діннің артықшылықтарына жол бермейді. Айта кету керек, бұл тек діни атрибуттарды ғана емес, кез келген басқа арнайы киімдерді де киюге тыйым салуды білдіреді. Мысалы, бала мектепке еркін, әшекейлі немесе спорттық киіммен, түрлі әшекейлері бар киіммен келе алмайды.

Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық жалпы білім беретін оқу орындарына қолданылады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде мектеп формасына қойылатын талаптар әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға, орта білім беру ұйымдары амал-тәсілдерінің бірлігін қамтамасыз етуге және оқытудың зайырлылық сипатын сақтауға бағытталған.

 

Әзірлеген – Александра Исаева 

/Облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді/.

Осы айдарда

Back to top button