Саясат

Заңнаманы жетік білмеу сыбайлас жемқорлыққа жетелейді

Заңнаманы жетік білмеу сыбайлас жемқорлыққа жетелейді

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығымен селекторлық режимде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның мәжілісі өтті.

Облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов мемлекеттік сатып алу процедураларын жүргізу кезінде облыстың мемлекеттік органдарымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы баяндады. Комиссияның өткен жолғы мәжілісінде мемлекеттік сатып алулар кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол беру фактілері жиі кездесетіні туралы мәселе қозғалған болатын. Соған орай, осы мәселенің бүгінгі мәжілістің күн тәртібіне әдейі қойылып отырғандығын атап өткен облыс прокуроры заңбұзушылықтардың дені тиісті заңнамаларды жетік білмеуден туындайтындығына ерекше тоқталды. Ал заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтындығы белгілі.

Облыс прокурорының айтуынша, облыста сыбайлас жемқорлық көріністері ең көп белең алған білім басқармасында басшылар ауысқанымен, жыл сайын сол заңбұзушылықтар қайталана береді. Биыл білім саласындағы жемқорлықпен күреске түбегейлі бағытталған комиссия жұмысын бастаған.

– Бүгінгі таңда білім саласында пара беру, пара алу баланы балабақшаға орналастырғаннан басталады. Бала жоғары оқу орнына түскенге дейін бұл мәселе шарықтау шегіне жетеді. Яғни, кішкентайынан осыны көріп өскен баланың санасында жағымсыз түсінік қалыптасады. Сондай-ақ, білім саласында жемқорлыққа шырмалғандардың 90 пайызы – мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері. Олардың көбі заңды білмегендіктен, осыған тап болуда. Мемлекеттік сатып алуларды жүргізгенде олар мәселенің байыбына бармай, құжаттарға қол қояды, – дейді Бағбан Тайымбетов.

Комиссия мәжілісінде осы жайтқа ерекше назар аударылып, тиісті басқармалар арқылы қажетті курстар ұйымдастыру, заңнамаға қатысты сауаттылықты арттыру жөнінде ұсыныс айтылды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button