Қызылшаның балалар өліміне еш қатысы жоқ
Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабаттың қатысуымен тікелей эфир өтіп, онда Аягөз қаласындағы балаларға арналған мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орын алған оқиғаның мән-жайы түсіндірілді.
Онлай-брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелері іс материалдарымен толық танысу үшін балалар орталығына арнайы барғанын, бұл жағдай облыс әкімінің бақылауында екенін мәлім етті.
– Комиссия мүшелері медициналық құжаттаманы және бейнебақылау камераларына түсірілген жазбаларды түгел қарап шықты. Анықталғандай, балалар бір уақытта қайтыс болмаған. Өлімге әртүрлі туа біткен аурулардың бір ай ішінде асқынып кетуі себеп болып отыр, – деді Әлішер Мархабат.
Оның айтуынша, төрт баланың да ата-анасы жоқ. Алғашқы өлім оқиғасы 2 сәуірде болған. Ол кезде 12 жастағы бала көз жұмған. Одан кейінгі жағдайлар 12 сәуірде (12 жасар бала), 20 сәуірде (14 жастағы бала) және сәуір айының соңында (8 жасар қыз) тіркелген.
– Дәрігерлердің тұжырымына сәйкес балалар өлімінің қызылшаға еш қатысы жоқ. Мұны дәлелдейтін медициналық анықтамалар мен актілер бар. Комиссия жұмысының негізінде ішкі істер органдары оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ жұмыс барысында медициналық құжаттарды жүргізу кезіндегі заңбұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қосымша тексеріс жүргізуде, – деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары.
Әлішер Мархабат заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тиісті органдардың тексеру нәтижелеріне байланысты жауапкершілікке тартылатынын айтты.
– Қазірдің өзінде мекеме директоры, директордың орынбасары және басқармадағы тікелей жауапты бөлім маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Комиссия қазіргі уақытта бейнебақылау және басқа да тәсілдер арқылы тексеріс жүргізіп жатыр. Қосымша тағы ақпараттар болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Дәурен Аллабергенұлы