Белгілі жәйт

ҚЫСТАУДАҒЫ ҚЫРҒЫН

ҚЫСТАУДАҒЫ ҚЫРҒЫН


Бұл кезде күн де еңкейіп, мал жайлайтын мезгіл болып қалған. Апамыз бір емес, бірнеше рет терезеден ауладағы малдарды көрсетіп, оларды қораға қамау керектігін ымдайды. Малдың қораға кірмей қалғаны «застава жақтағыларға әлдеқандай күдік тудырып жүрер» деген болуы керек, қашқын қытай апамызға «Барған ізіңмен кері қайтасың!» дегенді тағы да ыммен көрсетіп, сыртқа шығуына рұқсат беріпті.
Өлім мен өмір арасындағы арпалыс

Үйден сүріне-қабына шыққан шопанның бәйбішесі көзкөрім жердегі малды қораға айдай бастайды. Абырой болғанда, үйдің, қораның айнала беріс жағына қарайтын терезесі жоқ екен. Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланып қалуды ойлап үлгірген апамыз «Нар тәуекел!», деп қораны айнала бере, сайды өрлеп, зымырай жөнеліпті. Бағыты – Мойылды ауылында орналасқан Николаевка заставасы. Арақашықтық 16 шақырымдай жер…

Ал қарсы беттегі дөң астында бар болғаны 500 метр қашықтықта Александровка заставасы. Бірақ ол жаққа жүгірейін десе, көзкөрім жердегінің барлығы үйдегі қашқын қытайдың көз алдында, яғни, сол жерде оққа ұшары сөзсіз…

Айналаны қараңғылық әбден басқан шақта шашы додырап, өліп-талып заставаға жеткен кейуананы көрген николаевкалық шекарашылардың өздері әуелде сасқалақтап қалса керек. Дегенмен, білдей бір мемлекеттің шекарасын күзеткен әскери адамдар емес пе, дереу естерін жиып, қойшы қыстағында бір шидің шыққанын сезіп, бірден дабыл қағады.

Мен аудан орталығы Алексеевкада едім. Кешкісін жұмыстан үйге келіп дастарқан басына отыра бергенім сол, телефон безілдеп қоя берді. Суыт хабарды ести сала түнделетіп оқиға орнына жеттім. Оқыс оқиға орнынан қашып келген апамыздан болған жайды тәптіштеп сұрап алған шекара қызметкерлері, онсыз да үрейі ұшып тұрған кейуананы арнайы транспортпен аудан орталығына жөнелтіпті.

…Қыстақты қоршауға алдық. Түн тастай қараңғы.

Өз бетімізше әлдебір әрекетке көшейік десек, «Өз беттеріңмен ешқандай әрекетке барушы болмаңдар!», «Бізден бұйрық күтіңдер!» деп сәт сайын Москва мен Алматы рация арқылы қосажарыстанып діңкемізді құртты. Енді біраз уақыттан соң таң атып жарық түсетін болса, анау мұздай қаруланған қытайың бізді аяйын деп отырған жоқ. Егер біз жарық түспей тұрған кезде операцияны бастамасақ, құдай біледі, ана дезертир отырғанымызды отырған жерімізде қырып салады екен. Олай дейтінім, бұл өзі қатардағы көп офицердің бірі емес, Қытайдың диверсиялық ротасының командирі екен. Өзі құралайды көзге атқан мерген. Әскери шені аға лейтенант. Мұның барлығын кейін білдік қой.

Александровка заставасы комендатурасының коменданты Демченко Николай Сергеевич деген майор болатын. Біз он шақты солдатпен қыстақтағы үйді қоршап, қалқалау жерлерге тасаланып алғасын, Демченко екеуіміз ақылдаса келе, «бір әрекетке баруымыз керек!» деп шештік.

Сосын екеуіміз екі жақтап қазақ-орыс тілдерінде кезек-кезек дауыстап: «Жолдас ҚХР азаматы! Сен қоршаудасың, өз еркіңмен беріл!», «Біз саған тимейміз!», «Өзің берілсең, жазаң жеңіл болады!» деген секілді келіссөздер жүргізуге әрекеттенген едік. Сәл үнсіздіктен кейін дауыс шыққан тұсты нысанаға алған автомат сақылдап қоя берді. Құдай сақтады, басымызды бұғып үлгердік пе, болмаса оқ қияс кетті ме, әйтеуір аман секілдіміз. Араға біраз уақыт салып барып, тағы дауыстадық… Жатқан жерімізді үшінші рет нысанаға алып көздегенде оң жақ қолтығымның астыңғы тұсы дыз ете қалды. Қолыммен ұстап көрсем, тонымның қолтығының астыңғы жағы оймақтай боп тесілген екен…

«Дәу де болса, оқ тиген екен» деп ойладым. Әуелде ет қызулығымен байқалмап еді, сәлден соң солқылдап қақсай бастады. Сөйтсек, электр бағанының төмен жағындағы бетонға тиіп кері ұшқан оқтың осколкасы (сынығы) тиген екен. Сондай үлкен жарақат болмаса да, өзіндік әуресі болды, әлгі бәленің. Әсіресе ауа райы бұзыларда сырқырай қақсап, кәдімгідей күннің райынан хабардар етіп тұратын. Соны осы уақытқа дейін ешкімге айтпап едім. Бертін 2014 жылы дәрігерлерге көрсетіп, алдыртып тастадым.

…Бір кезде Демченко қасына қызметтік итті ертіп ап, үйдің сырт жағына қарай еңбектеп баратындығын айтты. Мен ол шешіміне қарсылық білдіріп, «Бармай-ақ қойсаң қайтеді?» дегеніме, «қазір сарбаздардың бірі осы әрекетке бел байлап, босқа мерт болып кетсе қайтеміз. Үйінде ата-анасы, туыстары күтіп отыр, обал ғой» деді…

Ерлікпен өлген офицер, «Апаттан өлді!» делінген…

Айғайлап ескерткен әрекеттерімізден түк шықпады. Таң болса ағарып атып келеді. Көз жетер жердегі қараң-құраң заттар көзге шалына бастаған кезде үйдің маңынан әлдененің қараңдап, қозғалғанын байқап қалдым. Сөйтсем, Николай үйдің сол жақ қанатын орап, тап іргесінен шыққан екен. Есік қол созым ғана жерде. Бірақ екі ортада шағын терезе бар.

Осы кезде майор Демченко ешкім күтпеген қадамға барды. Ол терезенің астынан бұқпантайлап өте шықты да есікті бір теуіп ашып, жетегіндегі қызметтік итті айтақтап, үйге енгізіп кеп жіберді. Іле өзі де кірмек болған. Өкінішке қарай іштегі жау да сақ отырса керек, автоматтың дауысы іркес-тіркес «да-а-ар – да-а-ар» ете қалды… Иттің бір мәрте қыңсылаған үні естілгендей болды, бітті. Сонымен қас пен көздің арасында Демченко да оққа ұшты-ау деймін, тым-тырыс қалды. Оның өлі-тірісінен хабарсыз боп біз жатырмыз… Айналаға тағы да өлі тыныштық орнады…

Маңайға жарық әбден түскен уақытта, таудың арғы жағынан бірінен соң бірі төрт бірдей вертолет келе жатқанын байқадым. Бұл келе жатқандар Москва мен Алматыдан шыққан, оларға жол-жөнекей Өскеменнен қосылған жоғарғы әскери қолбасшылар болатын. Мен әр жерде тасаланып жатқан сарбаздарға дауысымды мейлінше қаттырақ шығарып, оқыс әрекеттерге бармауларын, кез келген бұйрыққа дайын болуларын ескерттім

Вертолеттердің дауысы барған сайын ұлғайып, айнала азан-қазан болып кетті. Кенет гүрс-гүрс еткен іркес-тіркес екі бірдей жарылыс болды да, қойшының кішкентай ғана үйінің күлі көкке ұшты. Тасада жатқан сарбаздар да, мен де үйге қарай тұра жүгірдік. Менің ойым, «манадан бері үнсіз қалса да, жараланып жатқан болар, мүмкін Николайды құтқарып қалармын» болған еді. Өкінішке қарай майор Демченко сол күні Ақтас қыстағында әскери міндетін орындау барысында ерлікпен қаза тапты.

Вертолеттардың гүрілі ме, болмаса басқа факторлар әсер етті ме, Қытай дезертирі қатты қорқып, есі шығып кетсе керек, беліндегі екі гранатамен үйді жарып жіберіпті. Біз кіргенімізде қол-аяғы жұлынып, ішек-қарыны ақтарылып, денесінің біраз жерін күйік шалып жатыр екен.
Осы оқиғадан хабардар болған көрші мемлекет өкілдері екі күнде жедел келіссөз өткізіп, шекара бұзған азаматтарының өлі денесін алып кетті. Естуімізше, сол әкеткеннен апарып жерлей салмай, үш-төрт күндей ел аралап жүріп, шекара бойын жайлаған қазақ-қытай ауылдарының тұрғындарына әлгі қашқынның сау-тамтығы қалмаған денесін көрсетіп шығыпты. Ондағы мақсаттары: «Ертең араларыңнан Совет үкіметіне қашам деушілер болса, ол жақта сендерді де осындай қатал жаза күтіп тұр!», «Сендер қызығып жүрген Совет үкіметі – осындай қатыгез!» деп көптің көңіліне үрей тудыру болса керек.
Кейін елдегі бірқатар азамат бас қосып, қайта-қайта айтып, жазып жүріп Кәріш Сәтековтің бәйбішесіне «Шекара шебіндегі сақтығы үшін» деген медальды әзер дегенде алдырып бердік. Бұл туралы бірде-бір газет-журнал тіс жарып ештеңе жазған жоқ. Өйткені жоғарғы жақтың бұйрығы мен талабы солай болды.

Ал енді мына бір қызыққа қараңыздар. Қытай дезертирін тұтқындау барысында ерлікпен қаза тапқан Николай Демченконың соңында екі ұлы қалған. Сол ұлдары өсіп, ержеткен соң әкелерінің бір кездегі ерлік ісі туралы қандай деректер бар екен деген қызығушылықпен архив документтерін ақтарып отырса, бір жерден «Шекара әскерінің майоры Демченко Николай Сергеевич – 1987 жылы, март айының 27-сі күні көлік апатынан қаза тапты» деген қорытынды жазба тауып алыпты.

Мұндай қиянатқа жандары күйінген Демченконың ұлдары: «Бұл қалай болғаны? Біз әкемізді «Ерлікпен қаза тапты!» деп мақтан тұтып жүрміз. Осыны түсіндіріп беріңіздер» десе, жоғарғы жақтағылар «Бұл жариялауға болмайтын мемлекеттік құпия!» деп қана, қысқа да нұсқа жауап қайтарған көрінеді.
Міне, Ақтастағы оқиға осылай болған, – деп әңгімесін аяқтаған запастағы полковник ағамыз, сол кездегі алмағайып күндер есіне түсті ме, біразға дейін өз-өзімен болып үн-түнсіз отырып қалды.

– Дәл мұндай сұмдық оқиға үнемі орын алмаса да, шекара шебінің қызметі өте мазасыз әрі қауіпті, – дейді чекист ағамыз. – Жабайы жан-жануарлардың шекара сымдарын үзіп кетуіне байланысты қағылған дабылдардың санында шек жоқ болатын. Қазіргі шекарашылардың тыныс-тіршілігін өз көзіммен көрген емеспін. Дегенмен, шекараның аты – шекара ғой. Олардың да жайбарақат, шекелері шылқып жүрмегендерін іштей сеземін. Шекарамыздың шебі бұзылмасын!

Аға тілегіне қосыла отырып, біз де еліміздің шекарасының берік болғанын, іргесінің сөгілмеуін тіледік.

(Жалғасы. Басы газеттің №46 санында)
Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Белгілі жәйт

ҚЫСТАУДАҒЫ ҚЫРҒЫН

ҚЫСТАУДАҒЫ ҚЫРҒЫН


Әлем картасына көз салған адам бірден байқайды. Жер атты алып құрлықтың түкпір-түкпірі мен қуыс-қуысында орналасқан ірілі-ұсақты қай мемлекеттің болмасын, бір елмен болмаса, бір елмен шекараласып, шептесіп жатқан жер көлемі бар. Бірінің жер көлемі ұлан-ғайыр болса, енді біреулер ұлтарақтай ғана жерді місе тұтып отыр. Бір мемлекеттің айналасын шет-шегі жоқ көк мұхит немесе ит тұмсығы батпайтын ну орманды жасыл-желек қоршап жатса, енді бір мемлекеттер құлазыған құла дүзге, сағымданған сахаралы шөлге орналасқан.

Осы тұрғыдан алғанда су десең суы, ну десең нуы бар тіпті заңғар көкпен таласқан тауы мен тасын айтпағанда, бетпақ даласы мен құм басқан шөл-шөлейттерді де үйіп-төгіп бере салған Алла тағалаға қазақ халқы жатса-тұрса құлшылық жасап, ризашылық білдірсе артықтық етпейтін шығар. Біздің айтып отырғанымыз, о шеті мен бұл шеті ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлан-байтақ қазақ даласының сыртқы сымбаты ғана. Қойнауынан Менделеев таблицасындағы элементтердің барлығы дерлік табылатын қазба байлығымыз жайындағы әңгіме бөлек…

Ант бұзғандар жауапқа тартылады…

Бүгінгі айтпағымыз, көршілеріміз қақында болмақ. Мәймөңкелеп қайтеміз, көршілерге келгенде қаймана қазақтың жолы болмағанын қарт тарихтың қойнауына кеткен қанды күндер-ақ дәлелдеп берері сөзсіз. Солтүстігіміз тұтасымен ормандай орыстың омырауының астында жатыр. Бір қадам ілгері баса алмайсың. Басқаның не, бір кездегі ата-бабамыздан мұра боп қалған қасиетті даламыздың біраз бөлігін түрлі тәсілдер мен айла-амалдарын қолданып жүріп алып қойғаны аздай, осы күннің өзінде оқтын-оқтын озбырлығын көрсетіп, «Жеріңді тартып аламын!», деп қоқиланып қоятындарын қайтерсің.

Оңтүстік шекарамызға келсек, кешегі Кеңес одағының құрамында бірге болып, партияның жырын бес уақыт бірге жырлаған түркімен, өзбек, қырғыздарды айтпағанда, аузынан айшылық жерден қызыл жалын шашып тұрған қызыл көз айдаһарды қайтеміз? Одақ сапында бірге болған мұсылман мемлекеттерімен бірдеңе ғып тіл де табысармыз, су да бөлісерміз, әйтеуір көзкөргендер ғой, өкпеге қиса да, қазақ бауырын өлімге қия қоймас.

Ал адам саны сағат сайын миллиондап өсіп, экономикасы күн санап қарыштап дамып келе жатқан діні де, тілі де бөтен қытайдың қазаққа деген қайырымы мен мейірімі ояна қояр ма екен? Оянғаннан бұрын, ондай адами қасиеттер бар ма өзі, бақа-шаян, құрт-құмырсқаны талғамай жей беретін көршілеріміздің бойында?

Бұлай деп таусыла сөйлеуімізге, осыдан 30 жыл бұрын Қазақ Республикасы мен Қытай шекара бекетінде орын алған мына бір жантүршіктірерлік оқиға себеп болып отыр. Жалпы, шекара қызметі күні-түні тіпті қысы-жазы десек те артық айтқандық емес, сауысқандай сақтықты, қырандай қырағылықты талап ететін қызмет екендігін баршамыз да білеміз. Ол жерде орын алып жататын шекара бұзу фактілері немесе қайсыбір шетін оқиғаларды да былайғы жұртқа жариялай бермейтіні белгілі. Сондықтан да болар, бір кездері шекара шебінде қызмет еткендер де, қазір қызмет етіп жүрген офицерлер мен қатардағы сарбаздар да сөзге сараң. Түртпектеп әне-мінені сұрасаң, «көрдім деген көп сөз» дейтін болулары керек, әңгімелері иә мен жоқтан әріге бармайды. Өйткені олар сол қызметке түскен бетте «Мемлекеттік құпияны ешқашан да жария етпеуге ант етемін!», деп мемлекеттің алдында ант-су ішетін көрінеді. Егер, күндердің күні, жылдардың жылында әлгі берген антты бұзса, уақыт-мерзіміне қарамастан әлгі адам жауапқа тартылатыны сөзсіз.

Сондықтан сонау 1987 жылы март айының 27-сі күні, бұрынғы Марқакөл ауданына қарасты шекара бекетінде болған оқиғаны көзімен көріп, Қытай дезертирін қолға түсіру операциясына қатысқан, сол кездегі КГБ-ның офицері Д. ағамыз да өзінің толық аты-жөні мен фотосуреттерін газетте жарияламай-ақ қоюымызды өтінген.

Сонымен, осыдан 32 жыл бұрын Ақтас қыстауындағы қойшы ауылында нендей оқиға болды?

– Қазіргі күні Қытай мемлекеті бізді бастан-аяқ киіндіріп, ішіндіріп отыр деуге болады ғой. Ал осыдан 40 жыл уақыт бұрын шекараның арғы жағындағы Қытай елінің азаматтары «Шіркін-ай, Кеңес үкіметінің азаматы болсақ қой. Кеңес үкіметінің өз халқына жасап жатқан жақсылығы мен игілігін біз де көрсек, солар құсап тойып тамақ ішіп, уайым-қайғысыз, адамша тірлік кешсек қой!» деген қиялмен, арманмен өмір сүретін. Сол арманның жетегімен түрлі-түрлі жол тауып, келіп-кеткен азаматтар да болған. Арасында қытайы бар, қазағы бар қаншама шекара бұзып өткен Қытай азаматын өздеріне қайтарып бердік. Ондай адамдарды заң бойынша қайтарып беру міндетіміз. Кейде адам басына айырбастап алатынбыз. Бір жолы шені аға лейтенант, әскери дәрігер қолымызға түсті. «Өз мемлекетінде жоғары шенді басшыларымен әлденеге келіспей қалып, сол жерде бір-екі адамды атып өлтірген» дей ме, қысқасы қылмыс жасап, бері қарай қашқан секілді. Саяси баспана сұрамақ болған. Ал қылмыскерге қайдағы саяси баспана? Сонда әлгі бейшараның «Мені Қытайға кері қайтара көрмеңдерші!», деп зар еңіреп, азарда-безер болғаны осы күнге дейін көз алдымда қалып қойыпты.

Мәскеуді дүр сілкінткен дүрбелең

Ал Ақтас қыстауында болған қанды оқиға Қазақстанды қойып, Мәскеудің өзін аяғынан тік тұрғызған төтенше жағдай болды. Сол кездегі Марқакөл ауданының аумағында Александровка деген погранзастава болған. Оқиға болған Ақтас қыстағы тура сол заставаның іргесінде, әрі кетсе бес-алты жүз метрде ғана, белдің астында орналасқан.

Сол қыстақта Кәріш Сәтеков деген шопан бір отар еркек қой қыстатып отырған. Қойлы ауылдың тірлігін білесің, күнделікті малдың жемшөбін беру, уақытында суару, астын тазалау деген секілді. Біраз жылдардан бері осы қыстауды қыстап, малын төлдетіп жүрген шопан семьясы дәл іргесінде застава тұрғасын ештеңеден қауіптенбей, қаннен-қаперсіз күн кешіп жатқан ғой. Кәкең кемпірі екеуі, сосын көмекші шопан болып жүрген үлкен ұлдары бар үш адам тұрып жатады. Дәл осы күндері қасында бір жолдасы бар, қаладағы ұлдары да келе қалады. Екеуі де медкомиссиядан өтіп, шаштарын тақырлап алып тастаған, әне-міне әскерге аттанбақ боп жүрген бозбалалар. Содан түс әлетінде, ойларында ештеңе жоқ, бесеуі дастарқан басына жайғаса бергендері сол, сырттан ит үріпті. Күндегі әдеттерінше, «Заставадан келіп-кетіп жүретін солдаттар шығар», деп үйдегілер аса мән бере қоймайды. Сөйткенше болмай, сыртқы есік айқара ашылады да, үстінде әскери киімі, қолында автоматы бар бір адам кіріп келеді. Үйдегілер әуелде түкке түсінбей, бір сәтке аңтарылып қалса керек. Шақырусыз қонақтың үстіндегі әскери формасынан біздің елдің адамы емес екенін дереу аңғара қойған шопанның ұлдарының бірі (шамасы әскерге шақырылған ұл болса керек) қол созым жердегі пештің артында тұратын мылтықты алмақ боп жалма-жан сол жаққа ұмтыла берген кезінде, адам айтса, нанғысыз сұмдық оқиға басталады. Кірген адамның қолындағы «ППШ» деп аталатын дисклі автоматтан борай жөнелген оқ, қас пен көздің арасында сол жерде отырған төрт еркекті жайратып салады. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз, қазіргі пайдаланып жүрген Калашников автоматы гильзасының ұзындығы 5,45 см болса, ананың қолындағы «Пулемет Шпагина» деп аталатын жартылай автоматтың оғы 7,62 см.

Санаулы ғана секундтардың ішінде, көз алдында қан-жоса болып жайрап қалған күйеуі мен балаларын көргенде апайымыздың қандай күйде болғандығын кім білсін. Кейіннен өз-өзіне келгенде айтқанынан ұққанымыз, дезертир автоматтан оқ жаудырып, үйдің іші көк түтін, азан-қазан боп кеткенде, бұл кісі есінен танып қалса керек. Есін жиғанында бас жағында отырған қытай офицері «үніңді шығарушы болма, әйтпесе атып тастаймын» деген белгі беріп, сұқ саусағымен ернін басыпты да, екінші қолындағы пистолетті көрсетіпті.

Дезертир – шекара сымдарын екі метрге жуық қалың қар басып қалған тұстан еш қиындықсыз өткен. Әйтпегенде дабыл қағылуы керек болатын. Өтіп алғасын, біраз уақыт шопан үйінің тыныс-тіршілігін сырттай бақылаған. Көзіне көрінген еркек атаулыны отырған орындарынан тырп еткізбестен қырып тастауына қарағанда, «шаштары тақырланып алынған ұлдарды совет солдаттары» деп ойлаған болса керек. Бұл – біздің эксперттердің тұжырымы. «Егер шопанның ұлдарының бірі мылтыққа ұмтылмай, барлығы дастарқан басында қалып, қытай офицерін шайға шақырғанда, оқиға басқаша өрбір ме еді, кім білсін?» деген де болжамдар айтылды.

Сонымен, бес адамнан аман қалғаны шопанның бәйбішесі, апамыз ғана. Екеуі бірінің тілін, бірі білмейді. Сөйтсе дағы қарнының аш екендігін ыммен ұғындырған қытай, қолындағы автоматын сығымдай ұстаған күйі қайта-қайта терезеден сыртқа қарай беріпті. Шамасы, «Сырттан тағы біреулер келіп қала ма?» деп қауіптенсе керек. Есі кіресілі-шығасылы боп қалған апамыздың қолынан не келсін. Пештің қалқасына сүйреп апарып бірінің үстіне бірін тастай салған шалы мен ұлдарының өлі денелеріне әлсін-әлсін қарай жүріп, әлгі оңбағанға тамақ беріпті…
(Жалғасы бар)
Серік Құсанбаев

ҚЫСТАУДАҒЫ ҚЫРҒЫН

Осы айдарда

Back to top button