Белгілі жәйт

Жылдам әзірленетін кеспе XVI ғасырда пайда болған

Жылдам әзірленетін кеспе XVI ғасырда пайда болған

Қазір еліміздің кез келген азық-түлік дүкенінде толып тұрған жылдам әзірленетін кеспенің тарихы ерте ғасырлардан бастау алатынын көбіміз біле бермейміз. Тарихшылардың зерттеулеріне жүгінсек, мұндай кеспенің алғашқы түрі Е-фу деп аталыпты және ол XVI ғасырда Қытай елінде пайда болған екен.
Бағзыдан жеткен деректерге қарағанда, Янчжоу қаласының магистрат аспазшылары қысылтаяң сәтте қысылып қалмау үшін, кеспені алдын ала қуырып қойған. Асты дастарқанға әкелерден бірер минут бұрын оның үстіне қайнаған сорпаны құйып жылдам пісірген.
Дегенмен, қазіргі біз білетін кеспені жылдам әзірлеу әдісін Андо Момофуки дейтін жапондық аспазшы 1958 жылы ойлап тапқан. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапонияда азық-түлік тапшылығы күн тәртібіндегі аса өзекті проблемаға айналған. Сол кездері АҚШ-тан гуманитарлық көмек түрінде тонналап бидай жеткізіле бастаған. Момофуки ол бидайдан ұн тартып, кеспе әзірлейді. Алдын ала дайындалған кеспенің бір артықшылығы, уақыт тығыз кезде жылдам пісіруге болады. Аспазшы кеспені арнайы қоспалар қосылған сорпамен шылап алып, ыстық майға шыжғырған. Содан кейін ғана кептіріп, сақтап қойған. Бұл азық-түлік өнімі сол кезде «Тауық етінен жасалған рамэн» деп аталады.
Бір қызығы, ойлап тапқан кеспенің алғашқы тобын Момофуки бағасының арзандығына қарамастан саудалай алмайды. Дегенмен, өнертапқыш бұған мойыған жоқ, тауардың құнын бірден қымбаттатып жібереді. Нәтижесінде кеспені мамандар эксклюзивті деп тауып, жоғары бағалайды. Кейін келе ондай кеспелерді шағын стакандарға салып сататын болған.
XX ғасырдың қорытындысын шығарған жапондықтар жұрттың игілігіне айналған ең басты жаңалықтар ретінде рейтингте бірінші орынға караоке мен жылдам әзірленетін кеспені қойған.
Айтпақшы, Момофуки өзінің атын шығарған кеспені өмірінің соңғы сәтіне (96 жасқа келген) дейін күнделікті тұтынған.

Әзірлеген – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button