Белгілі жәйт

Елбасы дәм татқан үй

Тарбағатай өңіріндегі екі ірі елдімекенде табиғат апатының болғанына он жыл өтіпті. Көкжыра мен Жәнтікей ауылдары әп-сәтте тосыннан келген қызыл су астында қалып, мыңнан астам үй қирап, мал суға кетіп, ел есеңгіреп қалғанда, Елбасының өзі шалғайдағы елді сабырға шақырып, бір жазда екі ауыл толық жаңадан салынып шыққан.

Елбасы екі ауылдың қоныстойына өзі келген болатын.

– Бұл қыркүйектің 6-сы болатын, – деп еске алады Елбасы дастарханынан дәм татқан Көкжыра ауылының тұрғыны Ғабдылманап Омаров. – Президент біздің ауылға келеді дегенді естігенде есіміз шығып кетті. Екі тікұшақ алыстан көрінгенде қуанышымызда шек болмады. Кешегі апаттағы қиындық бірден ұмыт болды. Елбасы алдымен жаңа салынған аурухана мен мектепті аралап көрді, көшедегі тұрғындармен жүздесті. Ал біздің үйге кіреді деген ойымызда да болмаған еді. Есіктің алдына келгенде ерекше қуаныш сезімі биледі, есікті өзім аштым, үйге сәлем беріп кірді. Анам Гүлназ Омарова ол кезде 85 жаста  болатын, сол кісіге сәлем беріп, дастархан басына жайғасты. Өте қарапайым, жүзінен нұр төгіліп тұратын кісі екен. Дастархан  басында қызым, ұлым, қарындасым болды. Жиырма минуттай әңгіме-дүкен құрдық, хал-жайымызды сұрады, балаларыма табыс тіледі, сұрақтарына жауап бердік.

Елбасы анама қарап, «Менің сізге деген сыйлығым мына үйге қажет жиһаздар болады» деді. Анам Елбасына батасын берді. Содан бері біздің үй ауылдағы тарихи үйге айналды десем артық болмас. Президент сыйға тартқан мына теледидар мен тоңазытқыш шаңырағымыздың құнды жәдігері саналады.

Елбасы ат басын тіреген осы үй – көкжыралықтар үшін тарихи орын.

– Болашақта бұл үйге ескерткіш тақта орнатуды жоспарлап  жүрміз, өйткені бұл – Тұңғыш Президентіміз ат басын тіреген, дәм татқан үй. Ол келер ұрпаққа үлгі, ал ауылымыз үшін тарихи ғимарат болып қалады, – дейді ауыл әкіміЖанарбек Баянбаев.

Қадырбек Кәкімұлы

 Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button