Белгілі жәйт

ҮШ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН СҰМДЫҚ

Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин   Таразда  сабақ кезінде мектеп дәретханасында 12 жасар қыздың зорлануына қатысты  желіде жазба жариялап, қыз баланы зорлаған адамның суретін көпке көрсетіп, мұндай қылмыстарды жасағандардың аты-жөнін көпшілікке жариялауды, құпияламауды сұрады. Азғындықтың алдын алу үшін педофилдерге деген жазаны қатайтумен қатар алдымен ата-ананың, қоғамның балаларға деген  жауапкершілігін арттыру керек болып тұр. Таразда, Ақтауда, Түркістанда, Шымкентте, Ақтөбеде, Риддерде, қаланы қойып  ауылдарда,  интернаттарда жыл сайын емес, тіпті ай сайын дерлік қайталанып жатқан балаларды зорлау оқиғаларының бір себебі сол жауапсыздықтың, салғырттықтың кесірі екенін көрсетуде.  

 «АНАҢА АЙТСАҢ, АЖЫРАСАМЫЗ»

Педофилдер туралы  жан түршігерлік оқыс  оқиғалар жиілеген сайын бүгінде жұрт баяғыдай емес,  айналасына сақтықпен қарай бастады. Қала берді кішкентай  балалар ересектермен сөйлесуге, ал ересектер балалармен сөйлесуге қорқатын болып барады. Балалардың есік алдына шығып алаңсыз ойнауы да мұңға айналды. Кішкентай қыздарды, кішкентай ұлдарды көшеден, ауладан, мектептен, дүкеннен, кез келген қалтарыстан алдап-арбап, ұстап  алып кетіп азғындықпен зорлап, артынан өлтіріп тастап жатқанын естіп жүрген жұрт үрей, қорқыныш құшағында жүр. Естіген сайын «аһ» ұрғызып, «сұмдық-ай!» дегізіп  жатқан педофилдердің зорлық-зомбылығы қайта-қайта қайталанатын, бітпейтін сұмдық болды.

Сырттан, өзгеден  қауіптенген сол азғындықты туған әке көрсетсе … не дейміз?! Сұмдық-ай.

Біраз уақыттан бері  күйеуінің араққа әуес болып кеткеніне налып жүрген  әйелі кешкісін үйіне келгенде әдеттегідей жарының бұл қылығынан әбден  шаршағанын айтып,  өз-өзімен таусылып отырған. «Ажырасам, болды» деді тағы басы салбыраған күйінде. Сөз арасында айтып қалған   «ажырасам, болды» деген сөзіне құлақ түре қалған   кішкентай қызы осыны күткендей   жасқана басып қасына тақай берген. Дауысы дірілдей: «иә, мама, ажырасшы, ажырасшы» деді үрейге толы жүзі қуарып, бозарып. Бұрын «ажырасам» дегенде «мама, папа, ажыраспаңдаршы, ажыраспаңдаршы деймін» деп бебеу қағып екеуіне де бәйек болып, көңілдерін табуға тырысатын     қызы   «ажырасшы, ажырасшы» деп өзін қостай кетті. Әкенің ішкенін қанша көріп жүрсе де, «ажыраспашы» деп жалбарынатын оның бұл жолғы сөзіне  анасы таңдана қараған. Жауап орнына   қызы жылап қоя берді. Не болды? Алғашында қызын әкесінің ішімдік ішетініне бола жылап тұр деп ойлады.  Қалшылдаған қаршадай қызы «жоқ мама, дұрыстап тыңдашы,  папам мені үнемі, үнемі, мені, мені…» деп  жылап қоя бергенде әйел жайбарақат отырған жерінен ұшып түрегелді. Кішкентай қыздың әкесі туралы  айтқан сұмдығының жанында «ажырасу» дегені жай ғана  сандырақ еді.

2005 жылы туған кішкентай Ләйлә (аты өзгертіліп отыр)  анасына туған әкесі өзін  екі-үш  жылдан бері, 2016 жылдан бастап зорлап келе жатқанын айтқанда аңырып қалған анасы шырылдап  сүріне-қабына  бірден қаладағы полицияға жүгірді.  (Өкініштісі сол, өзінің жары қызына азғындық көрсетіп келе жатқан туған  әкесі де Риддердегі полиция бөлімінің күзет қызметінде  жүргізуші болып жұмыс істеген.)

2016 жылдың қыраулы қысы.  Риддер қаласындағы қазақ отбасының 11 жасар кішкентай қызы бұл күні пәтерде  жалғыз болатын. Масаң күйде әкесі үйге кіргенде оның арақ ішіп келгенін іші сезгенімен, бірнеше минөттерден соң өзі қорғансыздың күйін кешіп, жылап тұрып туған әкесінің айтқанына көніп, азғындығына төзетінін сезген жоқ. Азғын әке жатын бөлмеге Ләйләні шақырып, іш киімдерінің бәрін шешкізіп, өзі де шешініп төсекте жатқан өзінің үстіне отыруды бұйырады. Әкенің азғындық ойын, арам пиғылын мүлде түсінбеген кішкентай қыз  өз әкесінен ешқандай жамандық күтпестен жылап отырып оның бұйырғанының бәріне көнеді…

Азғын осы оқиғадан соң  тоқтамай, сол күннен кейін бір ай өткенде қыстыгүні   үйіне тағы да мас күйінде келіп, жалғыз отырған қызының дәрменсіздігін пайдаланып, оны тағы да зорлайды. Бұл 2016 жылы болған сұмдық жағдайлар 2017, 2018 жылдарда да қайталанып, әкесі қызын бір емес, бірнеше жыл бойы зорлап келген. Тек 2019  жылдың басында  ғана жасөспірім қыздың өзінің айтуымен бұл сұмдықтың беті ашылады. Тергеу барысында белгілі болғандай әкесі осы уақытқа дейін қызын «Анаңа айтсаң, ажырасамыз» деп қорқытып, қоқан-лоқы көрсетіп келген. Өз қызына азғындық жасаған Қалмуллин (тегі өзгертілген) 1983 жылғы, орта білімді, аға сержант, Күршім ауданының тумасы. Ол 17 жылға сотталды. Өзінің дәрменсіз қызына қатысты сексуалдық әрекетін бірнеше жыл бойы жалғастырған ол  сараптама нәтижесі қажет деп тапса, кастрациялануы-ұрықсыздандырылуы мүмкін. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

-Балаларды зорлау оқиғаларының елде, осындай қатардағы отбасында орын алып бара жатуы  бүгінгі қоғамды алаңдатуы тиіс. Облыста 2018 жылы жыныстық қатынасқа зорлауға қатысты ҚК 120-121 баптарымен 18 тұлғаға қатысты  16 қылмыстық іс, биылғы 11 айда 25 тұлғаға қатысты 25 қылмыстық іс қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жариялаған Жолдауында ел ішінде жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстар, әсіресе балаларға қатысты қылмыстардың жиілегені, сондықтан оларға қатысты қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігі туралы айтып  Үкіметке тапсырма берді. Педофилдерді жазалау күшейтіліп, Заңға  оларды өмір бойына немесе 20 жылдан кем емес мерзімге  бас бостандығынан айыру туралы және оларды түрмеден мерзімінен бұрын шығармау туралы ұсыныстар енгізу қарастырылып жатыр. Бірақ қоғам барлық жағынан бұған сергек қарап, оның алдын алу керек, -дейді облыста жасөспірімдерге, балаларға қатысты  зорлық-зомбылық оқиғаларының жиі қайталанып жатуына алдымен олардың ата-ана, туғандарының жеткілікті көңіл бөлмеуі себепші болғандығын айтқан облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бердіғали Қасенов (суретте).

ПЕДОФИЛДЕР ӨМІР БОЙЫ БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН

Өз әкесінің кішкентай қызын зорлау оқиғасы былтыр Үржар ауылында да тіркелген. Анасы отбасының қамын ойлап сүт сатуға кеткенде, үйінде қалған айуан  күйеуі  11 жасар қызын зорлаған. Баласын  «Анаңа айтсаң, екеуіңді де өлтірем» деп қорқытқан азғын 15 жылға сотталды.

Биыл кішкентай қыздың зорланғаны туралы суық хабар Зайсан ауданы халқының да төбе шашын тік тұрғызды. Кішкентай қызға азғындық жасаған «Қазақтелеком» мекемесінің кабель жалғаушысы Тойбергенов (тегі өзгертілген)   болып шықты. Зайсандағы бір отбасына екі адамды алып келіп, өзі далада тосып отырған Тойбергенов үйге кіріп кеткен адамның бірі-таныс әйел  далаға шыққан соң оны көлігімен үйіне апарып тастайды. Үйден шыққан кезде  әлгі әйел өзімен бірге осы үйдегі әйелдің  8 жасар қызын алып шығып  Тойбергеновтің көлігіне отырғызған. Тойбергенов көлікке отырған кішкентай қызды қайтадан өз үйіне апарып тастау керек болатын. Алайда, әйелді үйіне апарып тастаған соң Тойбергенов  өз басына келген қылмыстық ойын іске асыру  мақсатында  көлікті қалтарыс жерге апарып қойып,  көліктегі  сәбиді зорлаған. Баласының Тойбергеновтің  көлігімен кеткенін білетін анасы біраз уақыттан соң қайтып оралмаған қызын іздеп, полицияға хабарлайды. Сәбиді іздеуге шыққан патрульдік топ  айналма жол шетінен іздеудегі  машинаны көріп, дереу  жанына  барғанда бәрі де кеш еді. Киімсіз қыз жылап көліктің артында, Тойбергенов алдында отырған.   «Көлікке отырам» деп азғынға тап болған, сөйлей алмайтын жарымжан қыз өзіне көрсетілген зорлық-зомбылықтың бәрін ымдап айтып берген екен.

Мүгедек сәбиді зорлаған педофил 18 жылға бас бостандығынан айрылды. Үкім әлі күшіне енген жоқ.

Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Таразда  сабақ кезінде мектеп дәретханасында 12 жасар қыздың зорлануына қатысты:

–  Мұндай қылмыстар көпшілікке жария етіліп, зорлық-зомбылық жасаушылардың аты-жөндері, суреттері баршаға көрсетілуі керек деп білемін, әйтпесе олар осындай құпиялықтың арқасында бәрібір қорғалып жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы, сотталғандар туралы материалдарды қараңызшы, қылмыскердің аты-жөні жоқ, тіпті фотосы да жоқ. Әрине, осындай арам пиғылды адамдар үшін бұл қолдау секілді көрінеді. “Мен жалғыз емес екенмін ғой, оны қаншама адам жасайды”, – деп өзін-өзі жұбатып, қылмысын астыртын жүзеге асыра береді, – деп жазды  Facebook-тегі парақшасында.

Иә, қазір бет-жүздері бүркемеленіп, әрі кетсе 17-18 жыл алып жатқан  педофилдер Қазақстанда енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстар үшін жаза қатал болады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, Палатада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланып жатыр. Құжаттың екінші бөлігі жыныстық қатынастағы қылмыстарға қатысты. Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаяды. «Атап айтсақ, зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып,  жыныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Бұл жерде де татуласу болмайды.  Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр», – деді Бас прокурордың орынбасары. Сонымен қатар, педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны үшін, тек қана бұрмалап және жасырып қоймай, біліп тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. «Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіретін болады. Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмыстарды тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілік ескерілген», – деді М.Ахметжанов.

Қатайтылатын жаза педофилдерді тия алса екен дейсің. Зорлық-зомбылықтан алдымен ата-ана, балалардың өздері сақ болуы тиіс. Былтыр ақтөбелік прокурорлар педофилдерден сақтану үшін ата-аналарға ескертпе парақ жасап, барлық мектептің балаларына үлестірген. Онда баланы зорлық-зомбылықтан сақтандыру үшін 7 нәрсені жасауға тыйым салу керектігі айтылады. Ата-аналарға біз де осы сақтану жолдарын ұсынуды жөн көрдік.

  1. Жасөспірімдерге көшеде бөгде адаммен әңгімелесуге және оларды үйге кіргізуге болмайды.
  2. Подъезд бен лифтке бөгде ер адаммен кірмеу керек. Басқа үлкен адаммен немесе әйел адаммен бірге кірген жөн.
  3. Үлкен адамдарсыз (ата-ана, мұғалімдер, үлкен туысқандар) бөгде автокөліктерге отыруға болмайды.
  4. Балалар бөгде адамдардан сыйлық алмауы және олар үйіне немесе басқа бір жерге шақырған кезде келіспеуі керек.
  5. Қас қарая көшеде жалғыз қалмаған жөн.
  6. Егер үйде үлкендер болмаса, пәтерге кіруге сұранған бөгде адамды кіргізуге болмайды. Өйткені педофилдер су, қоңырау шалу, ата-анаға хат қалдыру мен құжаттарды тапсыруға сұрануы әбден мүмкін.
  7. Тәуекел тобынан (маскүнемдер, нашақорлар, сотталғандар және т.б.) тіпті олар алыс туыстар болса да, қашық жүрген дұрыс.

Ең бастысы, ата-ана қауіпті жағдайда баланың өзін осылай ұстауы ұят емес, қажеттілік екендігін айтып түсіндіргені дұрыс.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button