Белгілі жәйт

Ұлы махаббаттың белгісі ретінде салынған үй

Ұлы махаббаттың белгісі ретінде салынған үй

Мәскеудегі әйгілі кезбелерді қабылдайтын үй (Склифосовский институты) ұлы махаббаттың белгісі ретінде салынған екен.
Граф Н.Шереметев Прасковья Ковалеваның кішкентай кезінде күмістей сыңғырлаған дауысына қатты ғашық болыпты. Кейіннен крепостной театрдың белді әншісіне айналған Прасковья табиғи бұлбұл дауысымен ғана емес, өзінің әдемілігімен, ерке қылығымен де граф Шереметевтің жүрегін жаулап алады. Жұрттан жасырын қарым-қатынас орнатқан екі ғашықтың бір-біріне деген ыстық сезімдерінің куәсіндей ұл бала дүниеге келеді.
Жалпы, Прасковья өте мейірімді, қарапайым жан болған екен. Жетім-жесірлерге, қайыршыларға көп көмектеседі. Міскін-тілемсектерге садақа тарату мақсатымен Сухаревка алаңына жиі барады. Сүйікті адамының қайырымдылық ісінен хабардар граф өзінің әйеліне деген махаббатын тағы бір мәрте білдіру үшін қаңғыбас-кезбелерге, қараусыз қалған қарттарға және емделуге, тамақ ішуге ақшасы жоқ кедей-кепшіктерге арнап сол алаңнан кезбелерді қабылдайтын үлкен үй салғызуға бел буады.
Сәулетші Е.Назаров әзірлеген алғашқы жобада бұл үй аса үлкен болмаған. Алайда ұлын дүниеге әкелген соң 20 күннен кейін құрт ауруынан графиня көз жұмады да, қайғыдан қара жамылған граф әйелінің досы, әйгілі Джакомо Кварнегиге дайын тұрған зәулім ғимараттың құрылысына өзгерістер енгізіп, қайта жөндеп шығуға тапсырма береді. Кварнеги бұрынғы қайырымдылық үйі мен аурухананың сырт келбетін мүлдем өзгертіп, жартылай шеңбер іспетті болып келетін сарайға салтанатты әрі бекзат шырай береді.
Залдың асханасы алтын жалатылған мәнерлі безендірулермен әдіптелсе, ұзын дәлізі доғаға ұқсас иіліп тұрған. Итальяндық үлгіде жасалған Троицк шіркеуі мәрмар таспен қапталып, жасыл түсті асыл тастармен әшекейленген. Қабырғасында Скотти өрнектері таңбаланған бұл ғимарат мемориал-сарайды еске түсіреді.
Әйелінің қайтыс болғанына алты жыл уақыт өткенде, кезбелерді қабылдайтын үйдің салтанатты ашылуына бір ай қалған кезде, граф та өмірден озады. Дейтұрғанмен ол ғұмыр бойы жинаған байлығы мен бүкіл қаражатын Прасковья әулетінің атынан өзі салдыртқан үйді ұстап тұруға, сондай-ақ, тұрмысқа шыққан кедей отбасылардың қыздарына жасау алып беру үшін аманаттап қалдырады.
Кейіннен ғашықтардың арасындағы махаббаттың символы болған әйгілі үйдің атауын Шереметев ауруханасы деп атайды.

Әзірлеген – Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button