ҚЫСТАУДАҒЫ ҚЫРҒЫН
Бұл кезде күн де еңкейіп, мал жайлайтын мезгіл болып қалған. Апамыз бір емес, бірнеше рет терезеден ауладағы малдарды көрсетіп, оларды қораға қамау керектігін ымдайды. Малдың қораға кірмей қалғаны «застава жақтағыларға әлдеқандай күдік тудырып жүрер» деген болуы керек, қашқын қытай апамызға «Барған ізіңмен кері қайтасың!» дегенді тағы да ыммен көрсетіп, сыртқа шығуына рұқсат беріпті.
Өлім мен өмір арасындағы арпалыс
Үйден сүріне-қабына шыққан шопанның бәйбішесі көзкөрім жердегі малды қораға айдай бастайды. Абырой болғанда, үйдің, қораның айнала беріс жағына қарайтын терезесі жоқ екен. Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланып қалуды ойлап үлгірген апамыз «Нар тәуекел!», деп қораны айнала бере, сайды өрлеп, зымырай жөнеліпті. Бағыты – Мойылды ауылында орналасқан Николаевка заставасы. Арақашықтық 16 шақырымдай жер…
Ал қарсы беттегі дөң астында бар болғаны 500 метр қашықтықта Александровка заставасы. Бірақ ол жаққа жүгірейін десе, көзкөрім жердегінің барлығы үйдегі қашқын қытайдың көз алдында, яғни, сол жерде оққа ұшары сөзсіз…
Айналаны қараңғылық әбден басқан шақта шашы додырап, өліп-талып заставаға жеткен кейуананы көрген николаевкалық шекарашылардың өздері әуелде сасқалақтап қалса керек. Дегенмен, білдей бір мемлекеттің шекарасын күзеткен әскери адамдар емес пе, дереу естерін жиып, қойшы қыстағында бір шидің шыққанын сезіп, бірден дабыл қағады.
Мен аудан орталығы Алексеевкада едім. Кешкісін жұмыстан үйге келіп дастарқан басына отыра бергенім сол, телефон безілдеп қоя берді. Суыт хабарды ести сала түнделетіп оқиға орнына жеттім. Оқыс оқиға орнынан қашып келген апамыздан болған жайды тәптіштеп сұрап алған шекара қызметкерлері, онсыз да үрейі ұшып тұрған кейуананы арнайы транспортпен аудан орталығына жөнелтіпті.
…Қыстақты қоршауға алдық. Түн тастай қараңғы.
Өз бетімізше әлдебір әрекетке көшейік десек, «Өз беттеріңмен ешқандай әрекетке барушы болмаңдар!», «Бізден бұйрық күтіңдер!» деп сәт сайын Москва мен Алматы рация арқылы қосажарыстанып діңкемізді құртты. Енді біраз уақыттан соң таң атып жарық түсетін болса, анау мұздай қаруланған қытайың бізді аяйын деп отырған жоқ. Егер біз жарық түспей тұрған кезде операцияны бастамасақ, құдай біледі, ана дезертир отырғанымызды отырған жерімізде қырып салады екен. Олай дейтінім, бұл өзі қатардағы көп офицердің бірі емес, Қытайдың диверсиялық ротасының командирі екен. Өзі құралайды көзге атқан мерген. Әскери шені аға лейтенант. Мұның барлығын кейін білдік қой.
Александровка заставасы комендатурасының коменданты Демченко Николай Сергеевич деген майор болатын. Біз он шақты солдатпен қыстақтағы үйді қоршап, қалқалау жерлерге тасаланып алғасын, Демченко екеуіміз ақылдаса келе, «бір әрекетке баруымыз керек!» деп шештік.
Сосын екеуіміз екі жақтап қазақ-орыс тілдерінде кезек-кезек дауыстап: «Жолдас ҚХР азаматы! Сен қоршаудасың, өз еркіңмен беріл!», «Біз саған тимейміз!», «Өзің берілсең, жазаң жеңіл болады!» деген секілді келіссөздер жүргізуге әрекеттенген едік. Сәл үнсіздіктен кейін дауыс шыққан тұсты нысанаға алған автомат сақылдап қоя берді. Құдай сақтады, басымызды бұғып үлгердік пе, болмаса оқ қияс кетті ме, әйтеуір аман секілдіміз. Араға біраз уақыт салып барып, тағы дауыстадық… Жатқан жерімізді үшінші рет нысанаға алып көздегенде оң жақ қолтығымның астыңғы тұсы дыз ете қалды. Қолыммен ұстап көрсем, тонымның қолтығының астыңғы жағы оймақтай боп тесілген екен…
«Дәу де болса, оқ тиген екен» деп ойладым. Әуелде ет қызулығымен байқалмап еді, сәлден соң солқылдап қақсай бастады. Сөйтсек, электр бағанының төмен жағындағы бетонға тиіп кері ұшқан оқтың осколкасы (сынығы) тиген екен. Сондай үлкен жарақат болмаса да, өзіндік әуресі болды, әлгі бәленің. Әсіресе ауа райы бұзыларда сырқырай қақсап, кәдімгідей күннің райынан хабардар етіп тұратын. Соны осы уақытқа дейін ешкімге айтпап едім. Бертін 2014 жылы дәрігерлерге көрсетіп, алдыртып тастадым.
…Бір кезде Демченко қасына қызметтік итті ертіп ап, үйдің сырт жағына қарай еңбектеп баратындығын айтты. Мен ол шешіміне қарсылық білдіріп, «Бармай-ақ қойсаң қайтеді?» дегеніме, «қазір сарбаздардың бірі осы әрекетке бел байлап, босқа мерт болып кетсе қайтеміз. Үйінде ата-анасы, туыстары күтіп отыр, обал ғой» деді…
Ерлікпен өлген офицер, «Апаттан өлді!» делінген…
Айғайлап ескерткен әрекеттерімізден түк шықпады. Таң болса ағарып атып келеді. Көз жетер жердегі қараң-құраң заттар көзге шалына бастаған кезде үйдің маңынан әлдененің қараңдап, қозғалғанын байқап қалдым. Сөйтсем, Николай үйдің сол жақ қанатын орап, тап іргесінен шыққан екен. Есік қол созым ғана жерде. Бірақ екі ортада шағын терезе бар.
Осы кезде майор Демченко ешкім күтпеген қадамға барды. Ол терезенің астынан бұқпантайлап өте шықты да есікті бір теуіп ашып, жетегіндегі қызметтік итті айтақтап, үйге енгізіп кеп жіберді. Іле өзі де кірмек болған. Өкінішке қарай іштегі жау да сақ отырса керек, автоматтың дауысы іркес-тіркес «да-а-ар – да-а-ар» ете қалды… Иттің бір мәрте қыңсылаған үні естілгендей болды, бітті. Сонымен қас пен көздің арасында Демченко да оққа ұшты-ау деймін, тым-тырыс қалды. Оның өлі-тірісінен хабарсыз боп біз жатырмыз… Айналаға тағы да өлі тыныштық орнады…
Маңайға жарық әбден түскен уақытта, таудың арғы жағынан бірінен соң бірі төрт бірдей вертолет келе жатқанын байқадым. Бұл келе жатқандар Москва мен Алматыдан шыққан, оларға жол-жөнекей Өскеменнен қосылған жоғарғы әскери қолбасшылар болатын. Мен әр жерде тасаланып жатқан сарбаздарға дауысымды мейлінше қаттырақ шығарып, оқыс әрекеттерге бармауларын, кез келген бұйрыққа дайын болуларын ескерттім
Вертолеттердің дауысы барған сайын ұлғайып, айнала азан-қазан болып кетті. Кенет гүрс-гүрс еткен іркес-тіркес екі бірдей жарылыс болды да, қойшының кішкентай ғана үйінің күлі көкке ұшты. Тасада жатқан сарбаздар да, мен де үйге қарай тұра жүгірдік. Менің ойым, «манадан бері үнсіз қалса да, жараланып жатқан болар, мүмкін Николайды құтқарып қалармын» болған еді. Өкінішке қарай майор Демченко сол күні Ақтас қыстағында әскери міндетін орындау барысында ерлікпен қаза тапты.
Вертолеттардың гүрілі ме, болмаса басқа факторлар әсер етті ме, Қытай дезертирі қатты қорқып, есі шығып кетсе керек, беліндегі екі гранатамен үйді жарып жіберіпті. Біз кіргенімізде қол-аяғы жұлынып, ішек-қарыны ақтарылып, денесінің біраз жерін күйік шалып жатыр екен.
Осы оқиғадан хабардар болған көрші мемлекет өкілдері екі күнде жедел келіссөз өткізіп, шекара бұзған азаматтарының өлі денесін алып кетті. Естуімізше, сол әкеткеннен апарып жерлей салмай, үш-төрт күндей ел аралап жүріп, шекара бойын жайлаған қазақ-қытай ауылдарының тұрғындарына әлгі қашқынның сау-тамтығы қалмаған денесін көрсетіп шығыпты. Ондағы мақсаттары: «Ертең араларыңнан Совет үкіметіне қашам деушілер болса, ол жақта сендерді де осындай қатал жаза күтіп тұр!», «Сендер қызығып жүрген Совет үкіметі – осындай қатыгез!» деп көптің көңіліне үрей тудыру болса керек.
Кейін елдегі бірқатар азамат бас қосып, қайта-қайта айтып, жазып жүріп Кәріш Сәтековтің бәйбішесіне «Шекара шебіндегі сақтығы үшін» деген медальды әзер дегенде алдырып бердік. Бұл туралы бірде-бір газет-журнал тіс жарып ештеңе жазған жоқ. Өйткені жоғарғы жақтың бұйрығы мен талабы солай болды.
Ал енді мына бір қызыққа қараңыздар. Қытай дезертирін тұтқындау барысында ерлікпен қаза тапқан Николай Демченконың соңында екі ұлы қалған. Сол ұлдары өсіп, ержеткен соң әкелерінің бір кездегі ерлік ісі туралы қандай деректер бар екен деген қызығушылықпен архив документтерін ақтарып отырса, бір жерден «Шекара әскерінің майоры Демченко Николай Сергеевич – 1987 жылы, март айының 27-сі күні көлік апатынан қаза тапты» деген қорытынды жазба тауып алыпты.
Мұндай қиянатқа жандары күйінген Демченконың ұлдары: «Бұл қалай болғаны? Біз әкемізді «Ерлікпен қаза тапты!» деп мақтан тұтып жүрміз. Осыны түсіндіріп беріңіздер» десе, жоғарғы жақтағылар «Бұл жариялауға болмайтын мемлекеттік құпия!» деп қана, қысқа да нұсқа жауап қайтарған көрінеді.
Міне, Ақтастағы оқиға осылай болған, – деп әңгімесін аяқтаған запастағы полковник ағамыз, сол кездегі алмағайып күндер есіне түсті ме, біразға дейін өз-өзімен болып үн-түнсіз отырып қалды.
– Дәл мұндай сұмдық оқиға үнемі орын алмаса да, шекара шебінің қызметі өте мазасыз әрі қауіпті, – дейді чекист ағамыз. – Жабайы жан-жануарлардың шекара сымдарын үзіп кетуіне байланысты қағылған дабылдардың санында шек жоқ болатын. Қазіргі шекарашылардың тыныс-тіршілігін өз көзіммен көрген емеспін. Дегенмен, шекараның аты – шекара ғой. Олардың да жайбарақат, шекелері шылқып жүрмегендерін іштей сеземін. Шекарамыздың шебі бұзылмасын!
Аға тілегіне қосыла отырып, біз де еліміздің шекарасының берік болғанын, іргесінің сөгілмеуін тіледік.
(Жалғасы. Басы газеттің №46 санында)
Серік ҚҰСАНБАЕВ