Дін

Ынтымақ болмаған жерде бейбітшілік пен даму да болмайды

Ынтымақ болмаған жерде бейбітшілік пен даму да болмайды


18 қазан – Рухани келісім күнінің қарсаңында ағымдағы жылдың 10-11 қазан күндері Астанада рухани келісім мен дінаралық үн¬қатысудың халық¬аралық деңгейдегі беделді алаңы болып табылатын Әлем¬дік және дәс¬түр¬лі діндер көшбасшыларының VI съе¬зі өткен болатын. 15 жылдан бері өтіп келе жатқан айтулы халықаралық шараға біздің өңірден де облыстық дін істері басқармасының басшылығы бастаған арнайы делегация қатысып қайттық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев¬тың бастамасымен қолға алынған кезекті бұл құрылтай да Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын арттыра түскені анық. Еліміздің халықаралық ауқым¬дағы бастамаларының барлығы халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып келеді. Қазақстанның, әсіресе қауіпсіздік, терроризм және діни экстремизмге қарсы күрес саласындағы байыпты бастамаларының орны ерекше. Осы арада Президенттің бастамасымен әрі қолдауымен үш жыл са¬йын ұйымдастырылып келе жат¬қан Әлемдік және дәстүрлі дін¬дер көшбасшылары съезінің маңыз¬ын айрықша атап көрсеткен абзал. Жиында қатысушылар Астана – астаналардың астанасы деген әдемі пікір айтты. Шынында да Астана бүгінде барлық саяси көшбасшылардың, діндер көшбасшыларының бас қосатын алаңына айналып, бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп отыр.

Жалпы бүгінгі таңда бүкіл адамзат баласы үлкен ізденіс үстінде. Бұл рухани ізденіс дер едім. Себебі, рухани келісім болмаса, рухани тыныштық болмаса, әлемде тыныштық салтанат құрмайтындығын бүкіл халық жақсы түсініп, көзі жетіп отыр. Біздің қоғамға қазіргі уақытта ең қажетті дүние әсіресе, діндарлар арасында, дін ұстанатын азаматтар арасында, конфессиялар арасында дінаралық және ұлтаралық келісім, ауызбіршілік. Сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болып, мемлекетімізде бейбітшілік салтанат құрмақ. Кез келген дінді алып қарасаңыз да оның түпкі мақсатында тыныштық, ауызбіршілік, ынтымақ жатыр. Ал діннің атын жамылып қоғамға іріткі салатындар, халықты екіге бөлетіндер болса ол дін емес. Әлемдік және дәс¬түр¬лі діндер көшбасшыларының ойы да бір межеден шығып, бәрі бірауыздан осыны қолдады. Барлық дін өкілдері экстремизм мен терроризмге қарсы екендіктерін, тілейтіндері тыныштық екенін айқын білдірді. Сондықтан Елбасымыздың ұстанған бағыты, сол жолда жеткен жетістіктеріміз тек көршілес елдерге ғана емес, бүкіл әлемге үлгі болып, баршадан қолдау тауып отыр. Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктің жарқын моделін көптеген мемлекеттер өздеріне үлгі еткілері келеді.

Біздің өңірде де діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынас, байланыс, түсіністік өте жақсы жолға қойылған. Мәселен, биыл жыл басында біз христиан діні өкілдерін Рождество мерекесімен құттықтап барсақ, артынша олар бүкіл басшылығымен біздің мешітке келді, біздің діни мерекелердің ортасынан табылды. Одан бөлек балаларды мектепке дайындау, науқас балалардың емделуіне жәрдемдесу секілді түрлі қайырымдылық шараларына да бірлесіп қатысып келеміз. Айтар болсақ, облыстың аудандарында болған көктемгі су тасқыны кезінде бірігіп гуманитарлық көмек көрсеттік. Мұндай бастамалар әзірге тек еліміздің Шығысында ғана жүзеге асып жатқанын баса атап өткім келеді. Облыстың қоғамдық-саяси мәселелерінің бәріне бірге араласамыз. Барлық шаруада бірге жүреміз. Мұның бәрі Президенттің бастамасымен, көрегендігімен жүргізіліп жатқан оң саясаттың нәтижесі деп білемін. Егер дінаралық ынтымақтастық болмаса, мемлекеттің дамуы да болмас еді деп ойлаймын. Сондықтан бұл игілікті шаруа алда да жалғасын таба береді. Биыл да Рухани келісім күнінде өз тарапымыздан тиісті құттықтауларымызды жасаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Барша шығысқазақстандықтарды бүгінгі Рухани келісім күні мерекесімен құттықтаймын! Елімізге береке бірлік, ынтымақ пен татулық тілеймін. Мемлекетімізде конфессияаралық, ұлтаралық ынтымақтастық салтанат құра берсін.

Ермек қажы Мұқатай,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,
облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы

Осы айдарда

Back to top button