Қоғам

«Востокцветмет» топ жарды

«Востокцветмет» топ жарды


Өскемендегі «Восток» стадионында футболдан әуесқойлар арасындағы қалалық ашық біріншілік мәресіне жетті.

Жыл сайын ұйымдастырылатын футбол додасының биылғы жарысына 11 команда қатысты. Оның ішінде чемпиондықтан басты үміткер «Востокцветмет» және «Имсталькон» сынды тәжірибелі ұжымдар да болды.

– Биылғы жарыс ерекше қызықты өтті. Барлық команда жақсы дайындықпен келіпті. Оған дәлел, жүлдеге кімнің ілігетіні жарыстың соңғы күніне дейін беймәлім болды. Бір қуантарлығы, біріншілікке қатысатын ұжымдардың қатары жыл санап көбейіп келеді, – дейді облыстық футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Әділханов.

Тартысты өткен ойындарда өскемендік «Востокцветмет» өткен жылғы жетістіктерін қайталап, қалалық біріншіліктің жеңімпазы атанды. Шешуші матчта олар бұған дейін бірнеше рет облыс кубогін иемденген «Имсталькон» футболшыларынан айласын асырып кетті. Ал екінші орынға соңғы кездесуінде «Риддер-ЛНП» командасын тізе бүктірген «Марқакөл» командасы көтерілді. Жарыс қорытындысы бойынша үздік үштікті «Имсталькон» аяқдопшылары түйіндеді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, ұйымдастыру комитеті шешімімен Роман Бологоцкий «Үздік қорғаушы» атанса, кезінде «Востоктың» құрамында жарқылдаған Вячеслав Эрбеске «Үздік шабуылшы» атағы бұйырды.

– Жыл сайын біріншілікте жаңа есімдер шығып жатады. Командалардың да шеберлігі жыл өткен сайын шыңдалып келеді. Алдағы уақытта жарысымыздың деңгейі де өсе түсетініне сенім мол, – дейді облыстық футбол қауымдастығының бас хатшысы әрі жарыс төрешісі Сергей Дурницын.

Естеріңізге сала кетейік, алдағы аптада өңіріміздің тоғыз командасы «Восток» стадионында өзара мықтыны анықтайтын болады. Бұл сында үздік нәтиже көрсеткен үш ұжым кейінірек облыстың абсолютті чемпионы атағын сарапқа салады.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button