Қайырымдылық

«Үміттің» түлектеріне білім гранттарын сыйлады

Айжанат Бақытқызы

«Үміт» балаларды қолдау орталығы «Ертіс концерт» мәдениет сарайында  ауқымды қайырымдылық концертін өткізді.

Аталған іс-шара шығармашылық жастарға қолдау көрсету, балалар үйінің мектеп бітіруші түлектеріне білім гранттарын алуға көмектесу мақсатында  «Аманат» партиясы қалалық филиалының төрағасы, мекеменің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Арайлым Есімбекованың ұйымдастыруымен осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Мерекелік кеш керемет тосын сыйларға толы болды.  Алдымен кеш қатысушыларына «Мейірімді жүректер үйі» деректі фильмі көрсетілген соң,

Сенат депутаты Ольга Булавкина, Премьер-Министрдің кеңесшісі Бибигүл Асылова, Мәжіліс депутаты Лұқбек Тумашинов, қоғам қайраткері Рафаэль Гасанов бейнеқұттықаулары арқылы жылы лебіздерін білдірді.

Қайырымдылық кешіне арнап «Үміт» балаларды қолдау орталығының үлгілі шығармашылық ұжымдары ұмытылмас мереке дайындапты.

Сахна төрінде «Х-Фактор» байқауының жеңімпазы Евгений Выблов, «Ты супер!» ән байқауының финалисті Владислав Лоскутов, «Үміт» вокал студиясының әншілері Диана Орузбаева, Виктория Зайцева, Наталья Дружинина, «Шығыс-жұлдызы» би тобы, «Аққу-Үміт» би ансамблінің мың бұралған бишілері мен кеш қонағы Эльдар Уадинов бар өнерін ортаға салып, көрермендерге тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Үміт» үйінің талантты өнерпаздары жыл бойы сайы түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жүргендігін мақтанышпен атап өткен жөн. Бұл жетістіктер әрине, балалардың тәрбиешілері мен олардың өнердегі шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүрген тәлімгерлері – Нұргүл Марубекова, Ерболат Матабаев, Ольга Живоглядованың көп жылдық еңбегінің жемісі.

Қайырымдылық кеш барысында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолдау көрсетіп, олардың қоғамға араласуына, кәсіби білім алуына барынша қамқорлықтарын көрсетіп жүрген  жомарт жандар тосын сыйлар жасады.

Атап айтсақ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген  биылғы түлектер Юлия Соломатина мен Дарья Андроноваға таңдаған мамандықтары бойынша университеттің екі гранты мен  Радха Кочергинаға университет жанындағы жоғары колледжге бір грант тапсырды.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина Татьяна Чугаринаға университет грантын, Виктория Ивановаға Жоғары колледж грантын тағайындады.

Қазақстан-Американдық еркін университетінің проректоры Наталья Уразова мектеп түлектері Василий Джанкуразов пен Людмила Антоноваға университет жанындағы жоғары колледждің екі грантын,  Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі директорының орынбасары Ринат Жақашев Аяулым Тоқтағановаға, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы, әлеуметтік педагог Бақытжан Макаримов балалар үйінің түлегі Андрей Крюковқа колледж грантын табыс етті.

Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасы балаларға концерттік киімдер тігуге 300 мың теңге қаражат бөлді, ал «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының президенті Әсем Мамудова оқуда және шығармашылықта тамаша нәтиже көрсетіп жүрген Диана Орузбаеваға ноутбук сыйлады.

Қайырымдылық шарасында Өскемен қаласының әкімдігі, «Березка», «Облшығысжолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де демеушілік жасады. «Yaya Park» ойын-сауық орталығының әкімшілігі балдырғандарға көңілді ойын-сауық үшін екі күнге сертификат берді. Қайырымдылық шарасына облыстық және қалалық мәслихат депутаттары да көмек қолын созды.

Балаларға осындай жарқын және есте қаларлық мереке сыйлаған барлық қайырымды жандарға «Үміт» үйінің басшысы, қолдау орталығындағы  балалардың  анасына айналған Майра Бейсеханқызы алғысын білдірді.

 

Осы айдарда

Back to top button