Қайырымдылық

Жақсылық жасап жарысайық

Айжанат Бақытқызы

«Асар-Уме» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен басталған «Асар-Наурыз» акциясы аясында өскемендік екі отбасы баспаналы болды.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған екі отбасына он миллион теңгенің баспана сертификаттарын «Асар-Уме» қорының еріктілері – «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері табыстады.

Бірлестік жетекшісі Гүлжамал Бершімбекованың айтуынша, Ақмарал Құсанова – көпбалалы ана. Бес баласының үлкені – мүмкіндігі шектеулі. Жолдасы да – қолының мүкістігіне байланысты  үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Балаларының кенжесі – сегіз айлық сәби.

Осыған дейін қыстың қақаған аязына қарамастан құм-блоктан салынған жазғы саяжайды жалдап тұрып келдік. Ал қыстыгүні сынап бағанасы қырық градусты көрсеткенде ол саяжайда тұру тіпті мүмкін болмай, балаларым да жиі ауырып қалатын болды. Мектепке өте алыс, төрт шақырымдай. Кейде жол да болмай қалып, оқушы балаларым 14-15 күндей сабаққа бара алмай қалды. Мүмкіндігі шектеулі ұлым нейрохирургтің бақылауында, үш рет ота жасалды. Төрт ай бұрын басына титан сетка салынды. Содан кейін «Жан ана» қорының өкілдері бізді «Үлбі» орталығына көшіріп апарып, орналастырған болатын. Енді, міне, қайырымды жандардың көмегімен баспаналы болдық. Қуанышымызда шек жоқ, Алла разы болсын! – деді Ақмарал Құсанова.

Ал үшінші баспананың иесі атанған Марал Бағдатқызы – алты баласы бар жалғызбасты ана. Бұйырса, осы Рамазан айындағы қайырымдылық шарасы аясында өскемендік үш отбасын баспаналы ету жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Рамазан айымен қатар басталған қайырымдылық шарасы аясында осыған дейін Самар ауылындағы көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Лаура Дәулетханның отбасына баспана кілті тапсырылған болатын.

Асхат Нұрмашев жетекшілік ететін «Асар-Уме» қайырымдылық қоры құрылғалы бері төрт жыл ішінде еліміздегі 450 отбасы қоныс тойын тойлап, әлеуметтік жағдайлары жақсарып, аяқтарына тұрды. Ал биылғы Рамазан айында басталған шара аясында 100 отбасындағы 500 баланы баспаналы ету жоспарланып отыр. Қазір 59 отбасына 10-12 миллион теңгенің баспана сертификаттары берілді. Енді 41 көпбалалы, мұқтаж отбасы кезегін күтіп тұр.

Асхат Нұрмашевтың айтуынша, көмек қолын созып жатқан демеушілердің жастары әртүрлі. Мәселен, биыл екі отбасын баспаналы еткен Жахангер апа – ең қарт демеуші болса, жуықта 17 жастағы бойжеткен қайырымдылық қорының кеңсесіне келіп, алғашқы жалақысының 65 мың теңгесін әкеп берген. Ал қор тарихында ең қомақты қаражат аударған – алматылық «Метсталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған ұжым қорға 50 млн теңге аударып, бірден бес отбасын баспаналы етті.

«Асар-Наурыз» – бұл республика көлемінде ұйымдастырылып отырған қайырымдылық шарасы. Бір өкініштісі, өзге өңірлер бұл бастаманы қуана қолдап, кәсіпкерлер миллионнан аударып, атсалысып жатса, Шығыс жұртшылығының, мекеме-ұжымдар мен кәсіпкерлердің қатысуы бәсеңдеу. Сондықтан Өскемен қаласының еріктілері «Асар-Уме» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Наурыз-Асар» ауқымды акциясын барынша қолдауға шақырады. Ортақ іске жұмылып, мұқтаж отбасыларға баспаналы болу бақытын сыйлауға ниетті мекеме-ұжымдар, кәсіпкерлер, жомарт жандар Каспи банктің ұялы қосымшасындағы «Асар-Уме» қорына мүмкіндігінше қаражат аудара алады. Сонымен қатар Халық банк, Forte, CenterCredit, Tayyab карталары мен Kassa.24 терминалы арқылы да көмектесе аласыз. Садақа мен зекет – береке кілті. Ендеше, игі іске атсалысайық.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button