ЖаңалықтарҚайырымдылықҚамқорлық

Әскерилер ерекше қажеттілігі бар балаларды қуантты – ШҚО

Ұлттық ұланның ән-би ансамблі концерттік бағдарламамен «Мархабат» түзету балабақшасына барды.

Өскемен қаласында жүрген Ұлттық ұланның ән-би ансамблі концерттік бағдарламамен «Мархабат» түзету балабақшасына барып, тәрбиеленушілерге ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Іс-шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов арнайы қатысты. Қонақтардың арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салихбаев та болды.

Ақпараттық-насихаттық топты бастап келген генерал-майор Қайрат Үмбетов сапарларының мән-жайын түсіндіріп, мекеме қызметкерлеріне қоғам игілігі жолында атқарып жүрген жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар оңалту мекемесіне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан арнайы сыйлық тарту етті.

Дамуы мен жетілуінде мәселелері бар балалар мен жасөспірімдер орталығының бөлім меңгерушісі Гүлшат Ғұмарбекқызы меймандарға алғыс білдірді.

«Біздің тәрбиеленушілерімізге Ұлттық ұлан өнерапаздары ұсынған концерт ұнады. Өйткені, бізге кәсіби әншілер жиі келе бермейді. Сондықтан болар олар қонақтарымызды кешеден бері күтіп жүрді. Ал бүгін біздің балалар әскери қызметшілермен қосылып ән салды, тіпті олармен бірге биледі. Жүздерінін қуанғандары көрініп тұр. Оның үстіне балаларға деген базарлықтары бар екен. Біздің балаларды елеп, ескергені үшін біздер де қуанып қалдық. Ансамбль ұжымының да көрсеткен өнері де керемет!», деді Гүлшат Ғұмарбекқызы.

Концерттік бағдарлама барысында рухты және көңілді шығармалар айтылды. Осылайша, дамуында мәселелері бар жандар өздерінің қоғамның толық бір мүшесі екенін сезінгендей болды. Кездесу соңында түзету балабақшасының тәрбиеленушілері атынан келушілерге Эрик Жұмағалиев пен Евгений Дерябин лебізін арнады.

«Бізге келіп, керемет көңіл-күй сыйлағандарыңыз үшін рахмет! Әрқашан жолдарыңыз ашық болғай. Мақсаттарыңыз орындала берсін. Бізге жиі келіп тұрыңыздар», деді Эрик Жұмағалиев есімді бала.

Евгений Дерябин болса түймелерден бейнеленген күн астындағы ағаштың кескінін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына сыйға тартты. Мұны ол өз қолымен дайындаған. Әскердің Бас тәрбиешісі генерал-майор Қайрат Үмбетов балаларға алғыс айтып, олардың қолдан жасаған бұйымдары Ұлттық ұлан музейінен өз орнын табатынына сендірді.

Осы айдарда

Back to top button