Көпбалалы анаға баспана сыйлады
Айжанат Бақытқызы
Жақсылықтың жаршысы болып жүрген «Асар-Уме» қайырымдылық қоры қасиетті Рамазан айында «Наурыз-асар» жобасын бастап, оның аясында көпбалалы, мұқтаж отбасыларына жүз баспана сыйлауды ұйғарған болатын. Сол жүз баспана сертификатының бірі Самар ауылындағы көпбалалы ана, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Лаура Дәулетханның отбасына бұйырды.
«Жан ана» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлжамал Бершімбекованың айтуынша, Лаура Дәулетхан – алты баланы жалғыз өсіріп отырған ана. Төрт жасар баласы аққан дертіне шалдыққан.
Өкінішке қарай, өңірімізде баспанасы жоқ, мұқтаж отбасылар аз емес. «Жан ана» қоғамдық қоры тізімдегі мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайын саралай келе Лаура Дәулетханның отбасына шұғыл көмек қажет екендігін ескеріп, көпбалалы ананың құжаттарын реттеп, «Асар-Уме» қайырымдылық қорына жіберген. Нәтижесінде, міне, бұл отбасына көптен күткен баспана сертификаты берілді. 10 миллион теңгенің сертификатын «Жан ана» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлжамал Бершімбекова Самар ауданындағы көпбалалы анаға табыстап қайтты. Әзірге сертификат иесі балаларының мектебіне жақын болатындай қолайлы жерден баспана қарастырып жатыр. Ыңғайлы үй табылған соң «Жан ана» қоры оның құжаттарын тегін рәсімдеп беретінін айтты.
– Менің алты балам бар, төрт қыз, екі ұл. 2019 жылы дүниеге келген төртінші балам 2020 жылдың қазан айынан бастап қанның қатерлі ісігі диагнозымен ауырады. Осы ауыр дертпен күресіп келе жатқанымызға екі жарым жыл болды. Балам бірнеше рет жансақтау бөлімінде жатып, отаға түсті. Жақында трансплантация жасалды. Баспана мәселесімен қатты қиналдық. Өйткені пәтерін жалға берушілер «көп бала үйімді бүлдіреді, шашады» деп бергісі келмейді. Менің отбасыма баспана сертификатын сыйлап отырған «Асар-Уме» қорына алғысым шексіз. Қайырымдылық қорына үлес қосқан халқыма мың алғыс, – деді қуаныштың көз жасына ерік берген ана.
Акция бойынша «Асар-Уме» қоры өңірдегі тағы бес отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта олардың құжаттары да алдын ала дайындалып, жіберіледі.
– Рамазан айында облыстың жомарт жандарын, жеке кәсіпкерлерді, ірі кәсіпорын басшыларын, жалпы жақсылық жасауға дайын қайырымды жандарды өңіріміздегі мұқтаж отбасыларына баспаналы болу бақытын сыйлау үшін аталған қайырымдылық шарасынан қалыспай, «Асар-Уме» қорының Каспий банк қосымшасындағы есепотына шама-шарқынша көмек көрсетуге шақырамыз, – деді Гүлжамал Бершімбекова.