Қайырымдылық

Өскеменде мұқтаж жандарға арналған көмек пункті ашылды

Өскемен қаласында «Ізгілікті бірлесіп жасаймыз!» еріктілер қозғалысы тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдар үшін кеңсе ашты.

Кеңседе тек мұқтаж адамдарды материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар психологиялық және заңгерлік кеңестер де беріледі. Жобаны жүзеге асыруға «Казцинк» компаниясы көмектесті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Қор еріктілері Гагарин бульвары, 20 мекенжайындағы жаңа филиалда  мұқтаж жандарға азық-түліктер мен киім-кешек беретін болады. Оған қосымша аталған орталықта тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдар үшін ерікті түрде психолог пен заңгер қызмет көрсетеді.

Айта кетсек, «Ізгілікті бірлесіп жасаймыз!» еріктілер қозғалысы 2017 жылы құрылған. Ол кезде бұл қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың тағдырына бейжай қарамайтын бастамашы топ болған, ал өткен жылғы шілдеде қозғалыс қоғамдық қор ретінде ресми түрде тіркелді. Мұндағы еріктілер негізінен жалғызбасты қарияларға, көпбалалы отбасыларға, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар мен әкелерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ түрлі жағдайлармен баспанасыз қалғандарға шама-шарқынша көмектесіп келеді.

Еріктілер құжаттарды қалпына келтіруге көмектеседі, мұқтаж жандарға азық-түлік, көмір, отын жеткізіп береді, соларға арналған киімдер мен тұрмыстық заттарды бөліп-таратады. Оған қосымша өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізеді, жалғызбасты адамдардың үйлерін тазалап береді. Жыл сайын балаларға арналған акциялар мен мерекелік іс-шараларға бастамашы болады.

– Біздің командада 170-ке тарта адам бар. Олар да – негізінен өмірдің сынағынан өткендер, енді жүрек қалауымен өзгелерге көмектескісі келетіндер. Еріктілер жалақы алмайды. Біз осындай мейірімді жандардың бос уақыттағы қолдауы арқасында жұмыс істейміз. Енді міне, еріктілерге «Казцинк» көмекке келіп, нәтижесінде біз қамқорлықтағы отбасыларға кәсіби тұрғыда кеңес бере алатын болдық, – деді қор жетекшісі Татьяна Беркман.

Айта кетсек, қала әкімдігі «Ізгілікті бірлесіп жасаймыз!» қорының пайдалануына бөлмелер беріп, ал «Казцинк» ол кеңсені жөндеп, қажетті жиһаздармен және техникамен жабдықтады.

 – Қордың қосымша пунктінің ашылуы – мұқтаж жандарға арналған әлеуметтік мүмкіндіктерді кеңейтуге деген тағы бір қадам болды. «Казцинк» компаниясы әлеуметтік жобаларға, әсіресе осындай нақты, күнделікті көмек көрсетілетін жобаларға үнемі көмек көрсетіп келеді. Психологтар мен заңгерлердің бірлескен жұмысы филиалды тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдар үшін жанына үміт ұялататын орынға айналдырады деп сенемін, – деді «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Осы айдарда

Back to top button