Тұрғындардың талабы орындалды
Осыған дейін Шемонайха қаласы мен облыс орталығына таксимен қатынап келген верхубалықтар бұдан былай маршруттық автобуспен жүретін болады.
Бұл туралы, Шемонайха ауданының әкімі Григорий Акуловтың ауыл-аймақ халқымен тоқсан сайын өткізетін кездесуі барысында белгілі болды. Бұл жолы аудан басшысы Верх Уба ауылында кездесу өткізген еді.
Ауылдық округте өткен кездесуде осыған дейін жергілікті тұрғындардың бірқатар мәселелері шешілді. Верх-Уба ауылдық округінің әкімі Валерий Фещенконың айтуынша, ауылдықтар үшін ұзақ уақыт бойы болған өзекті мәселелердің бірі – маршруттық қоғамдық көліктің қатынамауы екен. Осыған дейін ауыл тұрғындары Өскемен мен аудан орталығы Шемонайха қаласына таксимен баруға мәжбүр болып келді. Көпшіліктің қалауы бойынша, жақын арада маршруттық көлік ауылға күніне екі рет, яғни таңертеңгі және кешкі уақытта қатынамақ.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан мектеп ғимаратының жанындағы ашылмаған құдық, өзен жағалауын қоқыстан тазарту, мәдениет үйінің іргесіндегі балалардың ойын алаңының жанына жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсыныстар түсті. Аудан әкімі аталған мәселелердің алдағы уақытта толықтай шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар, ол ауыл тұрғындарын суық түскенше үйлеріне көмір, отындарын жеткізіп алуға және кешіктірмей коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан өтуге шақырды.
Азамат Темірбеков