Әкім есебі

Шектеулі мүмкіндіктің шексіз қыры

Облыста 2015 жылдан бері  денешынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» жұмыс істеп келеді.

Клубтың міндеті – мүгедектер арасында бұқаралық спорттық қозғалысты қалыптастыру, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды іріктеу.

– Біздің спорттық мекеме бірнеше бағытта жұмыс істейді. Бұл паралимпиадалық қозғалыс, қозғалыс және көру, есту мүшелері зақымдалған адамдар үшін иппотерапия, сонымен қатар шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, пауэрлифтинг, қол күресі, жүзу, үстел теннисі, паралимпиадалық ат спорты, футбол, дзюдо бөлімдері ашылды, – дейді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы директорының орынбасары Фарид Қалиев.

Оның айтуынша, спорт клубының балансында Глубокое ауданындағы ат спорты манежі бар, онда иппотерапия жобасы белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба 2016 жылдан бастап жыл сайын мамыр-желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі, онда мүмкіндігі шектеулі 144 адам бар, оның 16-сы бейімделген ат спорты бағдарламасы бойынша айналысады, ал сегіз спортшы ел аумағында және одан тыс жерлерде бірнеше рет жарыстарға қатысқан.

Қазақстандағы иппотерапия жобасы 2013 жылдан бері бюджет есебінен толық қаржыландырылып келеді және бұл жоба қазір Шығыс Қазақстанда ғана іске асырылуда. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубында қазірдің өзінде 192 белсенді спортшы жаттығады. Олармен 20 жаттықтырушы жұмыс істейді. Жыл сайын клубта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт фестивалі өткізіліп, облыстың барлық ауданынан жиылған спортшылар өзара сайысқа түседі. Жеті жылда 123 адам Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 15 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, сегіз адам спорт шебері атақтарына ие болды.

– Жалпы, біздің міндетіміз балалар мен жастарды белсенді өмір салтына машықтау, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулу, – дейді Фарид Қалиев.

Аталмыш клуб Өскемен қаласы, Новатор, 11/1 мекен- жайындағы облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ғимаратында орналасқан.

Қуаныш Рахметоллаұлы

 

Осы айдарда

Back to top button