Әкім есебі

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жиырмадан астам әлеуметтік нысан тарту етпек

2020 жылы облыс орталығында қандай өзгерістер болды және 2021 жылы өңірдің бас қаласында қандай ауқымды жобалар іске асырылмақ? Бұл жөнінде өскемендіктермен қорытынды есептік кездесуін өткізген қала әкімі Жақсылық Омар айтты. Онлайн форматта өткен жиынға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.

Биылғы 2 ақпанда басталған шаһар басшысының тұрғындар алдындағы есепті кездесулері Өскеменнің барлық ықшам аудандарын қамтып, оларға екі мыңнан аса адам қатысты. Кездесулер барысында 600-ден астам сұрақ қойылып, оларға толық жауап берілді. Бірнеше мәрте қайталанған проблемалар ерекше бақылауға алынды.

Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қалада 7,5 мың жұмыс орны құрылып, 31 млрд. теңгеден астам соманың 114 жобасы іске асқан. Бұдан бөлек 350 көпбалалы отбасы, 127 жетім бала мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының 317 өкілі баспаналы болды. Бұл – еліміз бойынша үздік көрсеткіш. Сондай-ақ 63 білім беру нысаны жөнделіп, жеті мектеп ғимараты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға бейімделген.

Жақсылық Омар кездесуде биылғы жылдың басты оқиғасы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу екендігін атап өтіп, бас шаһарда мерейтой аясында қолға алынатын жобаларға тоқталды.

– 2021 жыл жаңа әлеуметтік нысандар мен өндірістердің ашылуымен, жаңа шағын аудандардың тұрғызылуымен, баспаналардың көптеп салынуымен ерекшеленуі тиіс. Отыз жылдықты мерекелеудің жоспары бекітілді, онда жүзден астам іс-шара қамтылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 20-дан астам әлеуметтік нысанды, аулалар мен аллеяларды, саябақтар мен скверлерді пайдалануға беру және баспана кілттерін салтанатты түрде табыстау жоспарланып отыр, – деді қала басшысы.

Есепті кездесуге қала тұрғындары да онлайн қатысып, облыс орталығының шеткері аудандарындағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, 23-ші шағын аудан тұрғындары жолдар асфальтталып, көше жарығы орнатылғанына қуанышты, алайда тұрғын ауданға орталықтандырылған жарық жүйесі тартылмаған. Соның салдарынан тұрғындар жеке ұйымның электрмен жабдықтауына жүгінуге мәжбүр. Ал оның бағасы өте қымбат. Олар ауданға қашан орталықтандырылған жарық тартылатынын білгісі келеді. Тағы бір тұрғын Instagram әлеуметтік желісі арқылы Прудхоз ауылына апарар жол өте нашар екенін, қоғамдық көліктер ауылға барудан бас тартатынын айтып, сонымен бірге, орталықтандырылған ауызсу қашан тартылатынын сұрады.

Сауалдарға жауап берген Жақсылық Омар 23-ші шағын ауданды электрмен жабдықтаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын, биыл қаражат бөлінсе, мәселе шешілетінін жеткізді. Жоба бойынша 430 абонент, яғни 1290 адам жарықпен қамтамасыз етілмек. Желілердің жалпы ұзындығы 41,8 шақырымды қамтиды. Ал Прудхоз ауылының жолдарына көктемде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, таза ауызсу құбырларын тарту басталмақ.

Тұрғындармен қорытынды есепті кездесуді түйіндеген облыс басшысы 2020 жылы Өскемен қаласында атқарылған жұмыстарды оң бағалады.

– Жалпы, облыстың динамикалық дамуы жағымды әсер қалдырады. Біз барлық негізгі экономикалық көрсеткіштерді орындадық. Бұл осы кезеңде Президент пен Үкімет қабылдаған стратегиялардың дұрыстығын көрсетеді. Өскемен қаласында өткен жылы әлеуметтік жобалар қарқынды іске асырылды. Әсіресе көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау бағытында атқарылған тиімді іс-шараларға көңіл толады. Былтыр баспаналы болғандардың саны артқаны қуантады. Өскемен өңір қалалары ішінде көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсету жағынан оқ бойы озық тұр. Бұл қарқын биыл да жалғасын табу керек, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы уақытта Өскеменнің негізгі орталық магистральдарына wi-fi орнату керектігін, бұл Еуропаның көптеген елдерінде бар үрдіс екенін атады.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button