Көкейдегі мәселелер қозғалды
Берікхан ТАЙЖІГІТ, Үржар
Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов Ақжар, Егінсу, Қарақол, Шолпан және басқа да ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге Үржар ауданы әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, аудандық дербес бөлімдердің басшылары, қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында елді мекен тұрғындарының тарапынан жол және жер мәселелері, мемлекет тарапынан бөлінетін грант бойынша сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар берілді. Мәселен, Ақжар ауылының тұрғындары орталық көшенің жолына жылдамдық азайтқыш орнату, ауыл көшелерін жарықтандыру, саябақ құрылысының барысы жайлы айтса, шолпандықтар көшелерді жарықтандыру, ауылдық мәдениет үйінің құрылысы және жер мәселесі бойынша сауалдар қойып, оларға заң аясында нақты жауаптар берілді. Сондай-ақ Таскескен ауылында аудан әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбеков Қоңыршәулі ауылдық округінің әкімі Айдын Қожаевтың «Қазақстанның Үздік ауыл әкімі» атанғанын хабарлады. Астанаға салтанатты марапаттау рәсіміне қатысатындығы жайлы қуанышты хабарды жеткізді.
Қарақол ауылдық округі тұрғындары елді мекеннен 6 шақырым жердегі Алматы – Өскемен күре жолының 40 жылға жуық жөндеу көрмегенін айтып, жеңілдетілген несие алу мәселелерін алға тартты.
Аудан әкімі тиісті мекеме басшыларына аталған ұсыныс, талап-тілектерді бақылауға алуды тапсырды.