Ауылдың айтқыштары

Туған жерге келіп, аунап-қунап жатқан

Туған жерге келіп, аунап-қунап жатқан

КЕЛІҢДЕР, ЖЫН ТАРҚАДЫ

Дәуірлеп тұрған Кеңестік кезеңде «Жамбыл» колхозының бастығы Шәкеннің мінезі қыңырлау, шаруамен келгендерді уақытында қабылдамайтын болса керек. Бірде бастықтың хатшысы: – Бастық бүгін қабылдамайды, – деп келген шаруа адамдарын жолатпайды. Сонда келгендердің біреуі:
– Е, басекеңнің қояншығы ұстаған ғой десе, екіншісі тұрып: – Ойбай, онда жыны тарқамай кіргізбейді десеңші, -депті. Әлгілердің әңгімесін құлағы шалып қалған бастық:
– Әй, қулар, кіріңдер, жыным тарқады! – депті.

АСАНӘЛІ АЙТАДЫ

Кезекті концерттік сапарға шыққан белгілі актер Серке Қожамқұловтың тамаққа лықа толған жол дорбасында тұз бен шайға дейін барын байқаған Асанәлі Әшімов:
– Аға, дастарқан жабдығын дымын қалтырмай алып жүресіз. Бұл қандай әдет?- депті.
– Әй, бала, тыңда, – дейді Серағаң. – Ол кезде соғыс жүріп жатыр. Жағдай ауыр. Біз азығымызды ала жүреміз. Концерттен соң артистер ауылда бөлінген үйлерге барады. Біз бірде майданда жұбайы қаза тапқан әйелдің үйіне бардық. Қасымда күйші Әубәкір Смаилов. Әукең аздан соң қаралы келіншектің көңілін аулайын деді ме, «Өзімнің күйлерім» деп, «Адайды», «Сарырқаны» сылқылдатып тарта бастады. Мен шыдай алмай:
– Врешь, подлец! Неге өтірікті соғып отырсың, – деп тұра ұмтылдым. Ол сылқ-сылқ күлді. Әйел де көңілденді білем:
– Бұл күйшіні менен болмаса да, Құрманғазының аруағынан ұялмағаны үшін аш жатқызайын деп едім, бірақ сіз үшін қазан көтерейін, – деп әйел орнынан тұрды. Міне, Асан шырақ, бұл сол ауыр күндерден қалған әдет,- деп ұқтың ба дегендей маған тесірейе қарады.

Мәуітқазы Зүкенов

Сахнада сартқа мінеді

Белгілі боксші Қанат Сіләм тұңғыш рет чемпион болғанда ерлігіне разы болған ұйғыр ұлтының өкілдері сахнадан мойындарына мінгізіп түсіріпті.
Кейінірек әлгі ұйғырлардың бірі Боранбай деген ағамызға кезігіп, «Ой, ақымақ қазақтар, сендер Қанаттың да қадіріне жетпедіңдер, біз мойнымызға көтеріп алдық» деп мақтанса керек, сонда Борекең еш ойланбастан:
– Әй аңғал сарттар-ай, сендер қазақты әлі түсінбейді екенсіңдер ғой. Біздің қазақ сахарада атқа мінеді, сахнада сартқа мінеді, – деп қарымта қайтарыпты.

Иір-қиыр «Ясинде» атаңның басы бар ма?

Айтыскер ақын Бердіхан Абайұлы Ыбырай деген құрдасымен бірге қайтыс болған бір кісінің үйіне көңіл айтуға барыпты. Барған соң қасындағы кісілердің ұсынысымен Ыбырай «Ясин» сүресін бастап, ортасында бірнеше жерінен жаңылып қалыпты. Шай ішіліп болған соң қайта құран бағыштағанда Ыбырай «Құлқуалла» сүресін мүдірмей оқып шығыпты. Мұның бәрін аңғарып отырған Бекең былай шыққан соң құрдасына:
– Оқтай түзу «Құлқуалла» тұрғанда, иір-қиыр «Ясинде» атаңның басы бар ма? – деген екен.

Туған жерге келіп, аунап-қунап жатқан

Ақтангер ақын Абаш Кәкенов ағамыз мәшинемен асығыс Тарбағатайға кетіп бара жатып, Ақжардың бұрылмасына жеткенде жолдан ұшып кетіпті. Жолшыбай кетіп бара жатқандар ақын ағамызды танып, тоқтап, не болғанын сұраса:
– Е, туған жерге келіп, аунап-қунап жатқан ғой, – депті жайбарақат.

Әзірлеген – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button