Саясат

Толғандырған сауалдарына толымды жауап алды

Толғандырған сауалдарына толымды жауап алды

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының азаматтарды қабылдау бөлмесінде тұрғындармен кездесті. Кездесуге қала тұрғындары мен аудандардан арнайы келген, жалпы жиыны қырыққа жуық адам қатысты.

Шешімін таппай жүрген мәселе-лерінің түйінін тарқатуға көмек сұрап, әділдік іздеп келген жандар аймақ басшысының алдына кезекпен кіріп, толғандырған түйткілдері жөнінде толымды жауап алып қайтты. Бұл кездесуге Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов та қатысып, өз құзырындағы сауалдар бойынша жауап берді.

Кездесуге келгендер тарапынан негізінен баспана, жәрдемақы, өтемақы сынды әлеуметтік салаға қатысты мәселелер көтерілді.

Өскемендік Ольга Демченко қала әкімінен баспана кезегінің баяу жылжу себебін сұрай келіпті. Екінші топтағы мүгедек ретінде өзіне баспана кезегінде жеңілдіктер қарастырылса деген тілегін де айтты. Темірбек Қасымжанов мемлекеттен баспана беру тәртібін түсіндірді.

– Жағдайыңызды түсініп отырмын. Алайда, бүгінгі таңда баспана ең әуелі балалар үйінен шыққан жетімдерге берілуі керек. Ал сіздің құжаттарыңызды тұрғын үй комиссиясына жолдаймыз. Бір аптаның ішінде сізге жеңілдіктер көрсетудің заңды тетіктері зерделеніп, нақты шешім шығады, – деді ол.

Зейнеп Капитонова да қала әкімінен баспана мәселесі бойынша көмек қолын созуды өтінді. Бірнеше жылдар бойы қалада пәтерден-пәтер жалдап жүрген зейнеткер мемлекет тарапынан баспана бөлу бойынша қандай да бір жеңілдіктер бар-жоғын білу үшін келсе керек. Қала әкімі бұл мәселені шешудің екі жолы бар екенін түсіндірді.

– Өткенде ғана Елбасы Шығысқа жасаған сапарында халықты бас-панамен қамтудың екі жолы бар екенін айтты. Оның бірінші жолы – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, ақша жинақтау. Өзіңіз ай сайын пәтер жалдағаныңыз үшін 40 мың теңге төлеп отырғаныңызды айттыңыз. Немесе сол ақшаны жалдамалы баспанаға төлеуіңізге болады. Облысымызда «Жалдамалы бас-пана» бағдарламасы жемісті жұмыс істеп тұр. Бұл баспананы уақыт өте келе сатып алуыңызға болады, – деген Т.Қасымжанов зейнеткердің құжаттарын реттеуді қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің мамандарына тапсырды.

Алексей Шарабарин болса, аймақ басшысынан өзіне тиесілі әлеу-меттік төлемдерге қол жеткізудің заңды тетіктері туралы сұрап білді. Үш бірдей ауданда басшылық қызметтер атқарған қария қазіргі жетпіс мың теңге зейнетақысының үстіне әлеуметтік төлемдер алуға құқылы екенін естігесін, облыс әкіміне жолығуды жөн көріпті.

– Бұл мәселе сіздің буынға ортақ болып отыр. Қиын заманда жауапты әрі ауыр жұмыс істеген адамдар-дың еңбегін мемлекет ескеріп те жатыр. Үкімет зейнетақы мөлшерін реттеу бойынша жұмыс атқаруда.

Бұл мәселе Парламенттің де назарында. Ал облыс тарапынан қала күніне орай бір реттік материалдық көмек беріледі, – деді облыс басшысы.

Анна Лагно есімді зейнеткер 2011 жылдан бері жол құрылысы кезінде зақымдалған жер телімінің өтемақысын даулап жүргенін айтады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін облыс әкімінің орынбасары бастаған бір топ әкімдік өкілдері жағдайды көздерімен көрген екен. Кейін жер теліміне қатысты оң шешім шыққанын айтып, зейнеткерге шот ашу керектігін ескертеді. Шот ашылғанымен, ақша түспеген.

Аймақ басшысы бір айдың ішінде бұл мәселе бойынша нақты жауап берілетінін жеткізді.

Кездесуге келген 37 адамның барлығы да облыс әкіміне өз мәселелерін айтуға мүмкіндік алып қана қоймай, нақты жауап естіді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button