Тегін дүкен жұмыс істейді
Аягөз мешітінің бас имамы Думан Нәдірұлының атқарып жатқан қайырымды істері көп. Солардың бірі- қала орталығынан ашылған «Қайырымдылық» дүкені.
Жүрегінде иманы бар мейірімді жандар бұл жерге әртүрлі бұйымдар әкеліп өткізеді. Ал әлеуметтік хал-ахуалы төмен, тұрмысы нашар жандар осы жерге келіп, өзіне қажетті заттарды тегін ала алады.
-«Қайырымдылық» дүкенін ашу туралы ой алғаш рет маған Шымкент қаласында келді. Сол жерде дәл осындай қайырымдылық жасайтын орындар баршылық екен,-дейді Думан Сайфулла бауырымыз,-Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) өзінің бір Хадисінде: «Ақиқат байлық мал-мүліктің көп болуы емес,ақиқат байлық –кеңпейілділік, қайырымдылық», деген ғой. Жүрек жомарт, көңіл кең болса, барымызбен үнемі бөлісіп отырғанға не жетсін! Осы Аягөз қаласында Баһаргүл Саниязова атты намазхан апайымыз бар. Сол кісімен ақылдаса келіп, тұрмысы төмен азаматтар мен көпбалалы отбасылар үшін осындай орын аштық. «Қайырымдылық» дүкені жүректерінде иманы бар, мейірімді жандардан әртүрлі тауарларды тегін алып, мұқтаж жандарға тегін таратып береді. Бір-екі киілгені бар, жаңасы бар таза, алуға тұрарлық киімдерді қаттап жинап, іліп қоямыз. Қажет қылған бауырлар келіп, алып жатады. Әртүрлі ойыншықтар, тіпті, балаларға арналған қоларба да өткізеді. Шындығында арамызда осыларға өте мұқтаж болып отырған жандар да бар ғой. Бар ойымыз, осы заттар соларға жетсе екен дейміз…
-Думан қажы үнемі жарғақ құлағы жастыққа тимей, ел қамын ойлап жүретін азамат қой. Осыдан екі жыл бұрын Аягөздің бір бөлігіне тасқын су жайылып, ел әбігерге түскен бір кезең болды ғой. Сол кезде қолыңнан келген жақсылықты мұқтаж жандарға жасағың келеді екен. Думан бауырымызбен ойымыз бір жерден шығып, осындай «Қайырымдылық» дүкенін ашуды қолға алдық. Дүкеннің ай сайынғы арендасын ол кісі өзі төлеп отырады. Біз де ешқандай жалақысыз, Алла ризалығы үшін тегін қызмет етіп жатырмыз,-дейді Баһаргүл мен келіні Айнагүл.
Иә, қазақ «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», деген. Осындай игі іс-шараны қолға алып отырған жандарға Алла қуат берсін дейсің…
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.