Танымал спортшы Денис Теннің хорда ән шырқағанын білесіз бе?
Біз үшін мәнерлеп сырғанаушы ретінде белгілі Денис Тен ең алғашқы жетістігіне хор айтуда жеткен екен. 2002 жылы ол Оңтүстік Кореяда өткен бүкіләлемдік хор ойынында күміс жүлдегер атанған болатын.
2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Денис Тен 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Біреу білсе, біреу білмес, ол фортепиано сыныбы бойынша музыка мектебінде 5 сыныпты бітіріп, хорда ән шырқады. 2002 жылы Денис ән айтқан ұжым Пусандағы (Корея) хор олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Кейінірек Дениске музыка мен мәнерлеп сырғанау арасында таңдау жасап, екіншісін таңдады.
Тағы бір қызық жайт, Денис Теннің арғы атасы – Мин Гын Хо Жапония отарлаушыларымен асқан қайсарлықпен шайқасқан Корея командирі. 1908 жылы жапондармен айқас барысында тұтқынға түсіп, 44 жасында қаза тапқан. Оңтүстік Кореяның тәуелсіздігі үшін соғысқан ең таңдаулы 12 қаһарманның тізіміне кіреді.
Денис Тен қайырымдылық шараларына белсенді қатысқан. Ол 2011 жылы наурызда Жапонияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесті.
Теннің Қазақстанда, Кореяда және Жапонияда фан-клубтары бар. 2015 жылдың күзінде Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Қазақстанға ресми сапары кезінде Денис Тенді Жапония мен Қазақстан достығының символы деп атаған болатын.
2018 жылдың 19 шілдесінде Денис қайғылы түрде қайтыс болды. Ол көлігінен айна ұрлаған екі қылмыскерді ұстаймын деп арттарынан жүгірген. Нәтижесінде, олардың бірі конькимен сырғанаушының жамбасына пышақ салды. Ол екі сағат өліммен арпаласып, көп қан жоғалтқаннан қайтыс болды.
Дильназ Жұмабекова