Біле жүріңіз

Қазақ әйелдері: “тұңғыш” атанған тұлғалар

Көгілдір көктемнің ең шуақты мерекесі – әже-аналарымызға, апай-қарындастарымызға, ару қыздарымызға сый-құрмет білдіретін күн. Тарихымызда өрлігімен де, ерлігімен де, білім-өнерімен де ұлтымыздың рухын көтерген, тыңнан түрен салған, тұңғыш атанған қазақ әйелдері аз емес. Өкінішке қарай, олар туралы аз білеміз. Осы ретте әлеуметтік желілер арқылы ұлтымыздың руханиятына қатысты құнды деректермен бөлісіп жүрген Әлия Әшім есімді қарындасымыздың барын білдік. Ол тіпті «Еркін жанды» атты ерекше кітап құрастырып, қазақтан шыққан мықты 52 әйелдің тағдыр жолын сонды сыйғызыпты, қазір оларды халыққа танытуда. 

Біз ғаламтор желісіндегі сол қысқа да нұсқа бейнероликтерден әзірленген Хиуаз Доспанова, Балдырған Қожамқұлова, Мәдина Бегалиева, Нәзипа Құлжанова, Нұрсұлу Тапалова, Нәйлә Базанова және Ақжібек Мұқашева сынды қазақтың біртуар қыздары жайлы деректерді ұсынып отырмыз. Олардың өнегелі өмір жолдарын біле жүріңіз…

Бадишаның тағдыры көзқарасын өзгертті

Қазақтан шыққан тұңғыш инженер-металлург Мәдина Бегалиева өзінің диплом алу сәтін былай сипаттайды:

– Мен оқуымды аяқтап жатқанда комиссия төрағасы қолыма диплом тапсырып жатып: «Бүгін бізде мереке. Инженер-металлург атанған алғашқы қазақ қызы оқуын үздік аяқтады!» деді. Бірақ мен үшін ең бастысы – қазақ қызының осындай дәрежеге жеткені еді. Бұл бойымды мақтаныш пен қуанышқа толтырды.

Шынымен, Мәдина Бегалиева қазақ қыздарының ауыр өнеркәсіпте де орны барын дәлелдеді. Ол Мәскеудегі беделді Түсті металдар және алтын институтында білім алып, елге оралған соң Балқаш мыс зауытын жобалауға, салуға қатысты. Өндірістің алғашқы қатарында жүріп, металлургия саласында елеулі еңбек сіңірді.

Алайда оның тағдырын түбегейлі өзгерткен ауылындағы бір жайт еді.

– Біздің ауылдың сұлуы Бадиша болатын. Бірақ ағалары оны қалың мал үшін алпыстағы әйелі қайтыс болған бай – Есқали Сәрсенғалиевке сатты. Ал Есқалидың балалары Бадишадан да үлкен еді. Бадиша анасына, ағаларына жалынып, әкесінің зиратына барып жылап, өзін бұл тағдырдан құтқаруды сұрады. Бірақ оған ешкім көмектесе алмады. Он төрт жастағы қыз шалдың әйелі болды. Бүкіл ауыл қарсылық білдіріп, Бадишаның ағаларын айыптағанымен, ешкім оны құтқара алмады. Адамға осылайша қиянат көрсетуге бола ма?! Бұл менің жанымды түршіктірді. Осы оқиғадан кейін мен патриархалды тәртіпке қарсы күресуге бел будым, – депті Мәдина.

Көпшілік оны инженер ретінде ғана таниды. Бірақ ол әйелдер құқығы үшін де күресті, білім мен ғылымды насихаттады. Сондықтан Мәдина сияқты еркін жандардың есімін біліп, есте сақтап, өзгелерге үлгі етіп айтып жүруіміз керек.

Орталық Азиядағы тұңғыш академик әйел

Қазақ қыздарының ішінде қалың малға қарсылық білдірген әйел бар ма деп ойланып көрдіңіз бе? Тарих бізге айтпаса да, ондай батыл әйелдер болған. Солардың бірі – Нәйлә Базанова.

Бір фотосуретте қаптаған ер азаматтардың ортасында отырған жалғыз әйел – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш академик Нәйлә Базанова! Қаншалықты Қаныш Сәтбаевты тұңғыш академик деп мақтан тұтсақ, Нәйлә Базанова да дәл сондай құрметке лайық.

Ол тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның алғашқы әйел академигі атанды. Малдың азық қорыту мүмкіндігін арттыратын қышқыл өнім қоспасын ойлап тапты. Бұл әлемдік жаңалық еді! Ол жануарлар физиологиясы саласында жаңа ғылымның негізін қалады, Ғылым академиясында институт басқарды және ең бастысы – осындай мықты академик әйелден профессор балалар дүниеге келді.

Нәйлә Базанова былай деген:

– Бұрын қазақ әйелдері қатарға қосылмайтын, санатқа ілінбейтін, ескерілмейтін. Бірақ бұл күнде олар – өз елінің таңдаулылары!

Әйгілі әртістің қызы – палеонтолог

Халық әртісі Серәлі Қожамқұлова қызын пианиноға беріп, өнер адамы еткісі келді. Бірақ қызы Балдырған палеонтолог болам дегенде әкесі таңданысын жасыра алмай, шалқасынан түсе жаздады.

– Ол қандай мамандық? Динозавр мен мамонт қалдығын, сүйегін іздеп жүретін адам ба? Ойбай, оны қайтесің? – дейді Серәлі.

Қазақ қоғамында аса танымал болмаған бұл мамандыққа қызы ерекше қызығушылық танытқан соң, ақыры академик Қаныш Сәтбаевқа барып, одан ақыл-кеңес сұрайды. Қаныш Имантайұлы:

– Қызың Балдырғаң – ерекше тұлға. Бұл – қазаққа өте қажет мамандық. Балдырғанның бұл таңдауын мақтан тұтуың қажет, – дейді.

Міне, осылайша Балдырған Қожамқұлова қазақтан, тіпті тұтас Орталық Азиядан шыққан тұңғыш әйел-палеонтолог атанады. Ол аспирантураның үшінші курсында оқып жүргенде мамонттың қаңқасын табады. 130-дан астам қазба жұмысын жүргізіп, ежелгі сүтқоректілердің 150-ге жуық түрін анықтайды.

Достарының айтуынша, Балдырған мамандығын шын жүрегімен сүйгені соншалық, ежелгі қаңқа-сүйектерді таситын техника таппағанда өзі арбаға салып алып, сүйретіп жүретін кездері болған екен.

Балдырған Қожамқұлова тек оқып қана қоймай, одақтық және халықаралық деңгейде ғылыми жаңалықтар ашып, қазақ қызының да ғылымға берері бар екенін дәлелдеді.

Алаштың алыптары оған жыр арнаған

«Рақатсыз өтсе де өмір жасым,

Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын.

Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң,

Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел – бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін».

Бұл – Ахмет Байтұрсынұлының Нәзипа Құлжановаға арнап жазғаны. Алаш азаматтары адамды жынысына қарап емес, ақылы мен сөзінің салмағына қарап бағалаған. Сол себепті олар Нәзипаны «сен қызсың, орның – ошақ қасы» деп кемсітпеді.

Оның сөзіне ер-азаматтардың өзі тоқтайтын. Өйткені Нәзипа Абайдың көзі өткеннен кейін араға он жыл салып, алғашқы рет ақынның кешін ұйымдастырып, мұрасын насихаттады, оның дара тұлға екенін дәріптеді.

Нәзипа ешқашан осал болған жоқ. Ол әйел мәселесін одақ деңгейіне дейін көтерді, әйел денсаулығы үшін күресті. Өз әкесі оны қалың малға сатып жібергенде өз еркіндігі үшін күресіп, қалаған азаматына қосылған қайсар жан еді.

Бұл ерлігі үшін болар, қазақтың үш бірдей алыбы – Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров және Ахмет Байтұрсынұлы Нәзипаға өлең арнады, оны құрметтеді.

Бүгінде Нәзипаны білетіндер аз. Оның есімі ұлт жадынан өшпеуге тиіс.

 «Ол тірі!». Хиуаздың өмірі ерлікке толы

Ол қыздың суретіне қарап тұрып көзқарасынан өткірлік, жүзінен жылулық шашылып тұрғанын байқайсыз. Хиуаз Доспанова – қазақ қызынан шыққан тұңғыш ұшқыш, штурман. Ол – нағыз «жұрттың баласы». Себебі, мектепті алтын медальмен аяқтап, кілең бес алып жүріп, 9-шы сыныпта өз еркімен аэроклубқа барады, ұшқыш болғысы келеді. Жай арман емес. Амал етіп, Мәскеуге барып, мақсатты түрде Жуковский атындағы әскери әуе академиясына тапсырады. Бірақ әуе академиясына қыздарды қабылдамайды, әйелдің ұшқыш болуының қажеті шамалы дейді.

Беті қайтса болар еді ғой, бірақ дәрігерлікке оқуға түскен Хиуаз соғыс басталған бетте қуана-қуана әйелдердің әуе полкіне жазылады, штурман болады. Аспанда фашистермен шайқасады. 300-ден аса ұрысқа қатысқан Хиуаз Доспанова ұшағымен 14 рет құлаған. Екі аяғы сынса да, ұрыс алаңына қайта оралып отырған. Өлім ауызынан аман қалған кездері көп болыпты.

Өз естелігінде Хиуаз Доспанова:

– Ұшақтан ұшып кетіппін, мені солдаттар өліп қалыпты деп ойлапты. Кірпігімді қаққанынды көріп қана «мынау тірі» деп, дәргерлерге жеткізген. Солай аман қалғанмын, – дейді.

Хиуаздың өмірі – табандылық пен қайсарлықтың үлгісі, қай заманда тусаң да, ұлы мақсат, жоспарлы әрекет қажет екенінің дәлелі.

Голливудқа шақырту алған болатын

Сіз Голливудтан шақырту алған қазақ қызы туралы білесіз бе? Бұл – қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалова.

Нұрсұлудың қызы Тотының естелігінде мынадай оқиға баяндалады:

– Америкадан Кеңес Одағының мәдениеті мен өнерін тамашалауға делегация келеді. Барлық 15 одақтас республиканың өнерпаз арулары қатысқан байқауда Нұрсұлу шешем өнер көрсетеді. Оны таңдана тамашалаған шетелдік қонақтар Голливудқа шақырады. Анам келісімін беріп, бәрі шешілгенде, сол заманның атқамінерлері түрлі сылтау айтып, барын салып, анамды Голливудқа жібермей қояды.

Голливудқа бармаса да Нұрсұлу Тапалованың өмірі де, өнері де ғажайып болды. Оның жары – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби боксшы – Шоқыр Бөлтекұлы. Шоқыр туралы Бауыржан Момышұлы «Нағыз қазақтың бірі – мен, бірі – Шоқыр» деген болатын. Себебі оның тегі Бөлтеков емес, шын мәнінде Бөлтекұлы еді.

Нұрсұлу жарын «Шоқ» деп еркелетіп айтатын. Ол сүйікті жарын өмір бойы қолдап өтті. Алайда Шоқыр өмірден өткеннен кейін Нұрсұлу қатты қайғырып, ауыр сырқатқа шалдығады. Бес жылдан кейін оның жүрегі мәңгілікке тоқтайды…

Әдемі әйелдің әдемі тағдырын біле жүріңіз.

Гитлердің соғыс ашатынын білген еді

Немістің «Энигмасын» бұзып, Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісін жақындатқан математик Алан Тюринг туралы «Имитация ойыны» фильмі естеріңізде болар. Дәл сол секілді Гитлердің Кеңес Одағына қарсы соғыс ашатынын алғаш жеткізген кеңестік барлаушылар тобының ішінде қазақ қызы Ақжібек Мұқашева болған екен.

Алайда, Ақжібекке кейін ағылшын барлау қызметіне жұмыс істеді деген айып тағылып, ол 25 жылға сотталды. Бірақ содан кейінгі Ақжібектің тағдыры белгісіз. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы барлаушы туралы ешқандай дерек жоқ, тіпті бір түйір фотосуреті де сақталмаған.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button