Волонтер жылы

Таңдаулы 80 студент іріктеліп алынады

Биылғы Волонтер жылына орай Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Еріктілер мектебі» ашылды.

Бұл мектеп 19 ақпаннан 19 мамырға дейін жұмыс істейтін болады. Құрамына 200-ден астам студентті біріктірген мектеп негізгі жеті бағыт бойынша жұмыс атқармақ: сабақтастық, саулық, таза әлем, асыл мұра, қамқор, білім, үміт. Аталған бағыттар бойынша еріктілер мектебінде дәріс оқылып, семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтар ұйымдастыру жоспарда бар. Жоғары оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген оқытушылар мен студенттерді еріктілер мектебінің ашылуымен құттықтап, алдағы бастамаларға сәттілік тіледі.

Университетте ерікті атанғысы келетін белсенді жастар көп. Сондықтан біз оларды даярлайтын еріктілер мектебін ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұндағы мақсат − қоғамның дамуына өз үлесін қосатын патриот жастарды тәрбиелеу, волонтерлер жұмысын насихаттау, жетілдіру. Волонтер жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұылының 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуіне байланысты еріктілер жұмысында Абайдың өмірі мен шығармашылын дәріптеуге көп көңіл бөлетін болады. Осы орайда ең таңдаулы 80 студентті іріктеп алып, Жидейбай-Бөрілі мемлекеттік қорық-музейіне барып қайтуды көздеп отырмыз. Бұл шара волонтер студенттерімізге серпін беріп, жаңа бастамаларға жол ашатыны сөзсіз, − дейді кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығының директоры Бақытжан Келгенбаева.

Волонтер бол! Бізбен бірге бол! Біз біргеміз! – дейді еріктілер.

Шара барысында Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының аға оқытушысы Гүлфия Берікболова студенттермен кездесіп, шеберлік сабағын өткізді.

Алтынай Бақытжан

Осы айдарда

Back to top button