Волонтер жылы

Еріктілердің қызметі еңбек өтіліне жазылады

        Елдегі пандемияның алғашқы толқыны кезінде өңіріміздегі волонтерлар ауқымды жұмыстар атқарды. Аудандар мен қалаларда волонтерлар қозғалысына ай сайын қанша ерікті тартылғандығы жөнінде арнайы статистика жүргізіледі. Қазір өңірімізде барлығы

15 647 ерікті бар. Олар жыл басынан бері 57 063 адамға көмек қолын созды.

                                «Алтын волонтерлар» аз емес

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша биылғы жыл Волонтер жылы деп жарияланып, Мемлекет басшысы волонтерлікті ұлттық деңгейде ғана емес, әрбір қала мен ауылда да дамыту қажеттігін атап өткен болатын.

Өскеменде Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин мен облыс әкімі Даниал Ахметовтің қатысуымен еріктілер жылының ашылуына орай өткен жиын барысында биыл атқарылатын жұмыстардың нақты жоспары бекітілген еді. Алайда елдегі төтенше жағдайға байланысты бұл жоспарға біршама өзгерістер енгізіліп, еріктілер негізгі күшін облыстағы көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен жалғызбасты қарияларға көмек беруге жұмылдырды. Атап айтсақ, пандемияның бірінші кезеңінде еріктілер тұрғындарға 94 мың медициналық маска, 1745 дана арнайы газет таратып, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 6 013 отбасына азық-түлік апарып берді.

–Пандемия кезінде нағыз еріктілерді көрдік. Олар халыққа шын жанашыр екендіктерін көрсетті. Жазылған кез келген хабарландыруға өз көліктерімен келіп, көмек қолын созғандар көп болды. Ішінде «Қандай көмек керек, не істейік?» деген зейнет жасындағы «алтын волонтерлар» да аз емес. Мәселен, зейнеттегі мұғалімдер, тағы да басқа мамандық иелері бар. Болуы мүмкін екінші толқын кезінде сол кісілердің көмегіне жүгінетін боламыз. Сол үшін қазірден бастап Зум платформасына қалай кіруге, пайдалануға болады, ватсаптан топты қалай ашып, бейнебайланыспен қалай сөйлесуге болатындығын көрсететіміз, тіпті қажет болса үйлеріне барып та үйретеміз. Қазір біз жоғары курс студенттерімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Өңірімізде көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған немесе толық емес отбасылар сияқты репетитор қызметін пайдалануға мүмкіндігі жоқ жандар бар. Қазір бірінші тоқсанның аяқталуын күтіп отырмыз, содан кейін білім бөлімдеріне хат жазу арқылы бір келісімге келіп, содан кейін жоғары курс студенттері репетитор болып, сабақ үлгерімі төмен қолайсыз отбасылардың балаларына  көмек көрсететін болады, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекова.

Айта кету керек, волонтерлік ұйымдар мешітпен, шіркеумен, білім бөлімдерімен, әлеуметтік қорғау бөлімдерімен тікелей байланыста жұмыс істейді. Соның нәтижесінде шынайы көмекке зәру адамдардың тізімі алдын ала жасалады.

Жалғызбасты қарияға баспана сыйлады

–Биыл асабалар мен жайдарманшылар халыққа көп пайдасын тигізді. Пандемия кезінде біздің орталыққа алғашқы болып хабарласқан да солар. Бірі қаржылай көмек көрсетсе, енді бірі мұқтаж отбасыларға азық-түлікті өз көліктерімен жеткізіп берді. Ортамызда осындай жалынды жастардың бары қуантады, –дейді Арайлым Есімбекова.

Осындай игі істердің ішіндегі ерекше атап өтерлігі – волонтер жастар жуықта баспанасыз жүрген жалғызбасты қарияға пәтер алып берді. Арайлым Есімбекованың айтуынша, Жүргенов атындағы өнер академиясының екінші курс студенті Ерасыл Уатаев, Ислам Әуелбек сынды волонтерлікпен айналысып жүрген жастар алдын ала жасалған тізім бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізіп беріп жүрген. Сондай күндердің бірінде біреудің уақытша салынған үйінде (времянка) тұрып жатқан Катонқарағай ауданының тумасы Күлпара Ысқақованың қиын жағдайын көреді. Бес жылдан бері үй-күйсіз жүрген апаның тағдыры оңай болмапты. Жолдасы мен үлкен ұлы қайтыс болған соң ауылдан қалаға кіші ұлын пана тұтып, соның қолына көшіп келген екен. Алайда кіші ұлы істі болып, сотталып кеткен соң ана жалғыз қалады. Алпыс мың зейнетақысы мына қымбатшылық заманда неге жетсін? Баласына барып тұру үшін жасының егделігіне қарамастан еден жуып, азын-аулақ нәпақасын тауып жүрген.

Апаның жағдайын көрген Ерасыл өзі сияқты қамқор жастармен бірлесіп, бірден ақша жинауға кіріседі. «Көп түкірсе – көл» демей ме. Нәтижесі де көп күттірмей, бір айдың ішінде мейірімді жандардың демеуімен екі миллион теңге жиналып, жалғызбасты қария баспаналы болды. Жастар пәтердің кілтін табыстап қана қоймай, ішіне керекті жиһаздар әперіп, волонтер қыздар барып үйдің ішін, ыдыс-аяғын жуып-шайып, апаны көшіріп әкелген. Бес жыл бойы қысы-жазы үй-күйсіз жүрген жалғызбасты қария енді міне баспаналы болып, қайырымды жастарға алғысын жаудырып отыр.

Тағы бір атап өтетін мейірімді жандар – өскемендік Фляумдар отбасы. Әйелі қарапайым шаштараз, жолдасы тату-мастер. Ерлі-зайыптылар пандемия кезінде өз көліктерімен барып азық-түліктерді сатып алып, арнайы санаттағы отбасыларға тізім бойынша өздері таратып беріп жүрді.

«Күміс волонтер» Ермек Құрманғалиевтің еңбегін ерекше атап өткен орынды. Пандемия кезінде ол туған жері Тарбағатай ауданы үшін арнайы қор ашып, жерлестерін игі іске жұмылдырып, бір қазанға жиналған демеушілік қаражаттың есебінен аудан халқына әлі күнге дейін көмектесіп жүр. Төтенше жағдай кезінде Ақжар ауылындағы ауруханаға қажетті медициналық құрал-жабдықтарды, оттегі концентраторлары мен дәрі-дәрмектерді жөнелтіп отырды. Осындай қиын-қыстау кезеңде халқына жанашырлық танытқан «Ақжар волонтерлары» тобының құрамындағы Өмірхан Қанағатов, Ербол Жәнібеков, Жанна Сәкетаева, Мейіржан Темірбеков, Әсел Мержақып сынды қоғам белсенділеріне аудан жұртшылығының алғысы шексіз.

«Жылулық сыйла» акциясы аясында еріктілер төтенше жағдай кезінде Өскемендегі пост-бекеттерде тұрған медицина қызметкерлері, әскерилер мен тәртіп сақшыларына ыстық шай, тамақ апарып тұрды. «Эмиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Потанин көшесіндегі емхананың медицина қызметкерлеріне азық-түлік, сүт өнімдерін жеткізіп берді. Көктемдегі карантин кезінде егде жастағылар үйден шыға алмай отырғанда, еріктілер барып бау-бақшаларының жерін қашап берді. «Қайырымды көршілер» шарасының барысында кез келген волонтер көршісіне нан, сүт сияқты күнделікті қажетті азық-түлігін әкеліп беріп отырды.

«Саулық» бағыты бойынша Семей медицина университетінің студенттері хоспистарға, онкологиялық диспансерлерге барып, ауыр науқастарға көмек көрсетті. Ал «Асыл мұра» бағытының аясында ескі зираттарды, ашылған қорымдарды қоршап, шағын гранттарды ұтып алу арқылы тарихи ескерткіштерді сырлап, қалпына келтіреді.

IQ лагерінің үздіктерін марапаттады

Волонтерлік қызмет бағыттарының бірі – «Біргеміз-білім». Осы орайда ұйымдастырылған IQ-лагерінде өңір оқушылары қашықтан ҰБТ-ға дайындалып, математика және ағылшын тілі бойынша олимпиадаларға, мәнерлеп оқу байқауына және зияткерлік викториналарға қатысты.

Биыл ол волонтерлік қызмет аясында өткендіктен,  «Қазақстан волонтерлар альянсының» бастамасымен ауыл мектептерінің мұғалімдері, студенттер қатарынан жүз волонтер ауылдық жерлердегі орта мектептердің бір мың оқушысын оқытуға бағытталған «Birgemiz: Bilim» жобасы пайда болды.

Өңірдегі ауыл оқушыларына арналған IQ онлайн-лагерінің биыл екі маусымы ұйымдастырылған. Лагерьге қатысу үшін әр ауданда он-жиырма оқушыдан жасақтар құрылып, екі маусымда 200-ден астам бала білім алды. Оқушылар күн сайын әртүрлі бағыттар бойынша бейнесабақтар көріп, конкурстар мен олимпиадаларға қатысты.  Оқу үшін Birgemizbilim.kz арнайы сайты құрылған. Онда ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық, ағылшын тілі, құқықтық және компьютерлік сауаттылық бойынша қазақ және орыс тілдерінде 120-ға жуық бейнесабақ орналастырылған. Білім беру ресурсын облыстың барлық балалары мен мұғалімдері пайдалана алады.

Жазғы уақытта балаларды оқуға ынталандыру үшін олардың білімі табыстылық рейтингісі арқылы бағаланды. Нәтижесінде жобаның сараптау комиссиясы 24 белсенді оқушыны іріктеп алып, оларды ноутбуктермен, планшеттермен және  роботтық техникамен марапаттады. Қатысушылар арасында Верх-Уба орта мектебінің оқушысы Глеб Коробейников жеңімпаз атанды.

                      Шәкіртақысын жинап, дәрі-дәрмек әперді

Семей қаласының еріктілері де жыл басынан бері ардагерлерге, жалғызілікті  қарияларға, көпбалалы аналарға қол ұшын беріп келеді. Әкімдіктен көмекке мұқтаж жандардың тізімін алып, қыста қариялардың ауласын қар құрсауынан тазалайды. Үйінен шығуға мүмкіндігі жоқ жандарға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті үйлеріне дейін тегін жеткізіп берді. Төтенше жағдай кезінде қала тұрғындарына санитарлық талаптарды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мұндай игілікті іс-шаралар тек облыс орталығында ғана емес, өңіріміздің барлық қала-аудандарында жалғасын тапты. Айталық, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылының тұрғыны, медицина факультетінің бесінші курс студенті Балым Қанатқызы өз шәкіртақысын жинап, жүз мың теңгеге ауылдағы он отбасына дәрі-дәрмек таратты. Аягөз қаласының 2010 жылғы түлектері жалғызбасты және көпбалалы отбасыларына жалпы құны төрт миллион теңге тұратын екі үй сыйлады.

Үржар ауданында данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай барлық ауылдық округті қамтыған «175 игі іс» жобасының аясында спорттық, рухани, мәдени іс-шаралар өткізілуде. Аталған шара жыл соңына дейін жалғасады.

Бесқарағай ауданында Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл толуына орай «75 игі іс» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, оның барысында еріктілер 75 тыл ардагеріне азық-түлік таратты. Жас орманшылар тобынан жасақталған волонтерлар ардагерлерді қысқы отынмен қамтамасыз етті.

Айбота Шанжың жетекшілік ететін «Қазақстан Волонтерлар Лигасының» Өскемендегі филиалының өкілдері «Үміт балалар» үйімен, «Аналар үйімен» тығыз байланыста. Кез-келген сәтте барып, көмек қолын созып, балаларға қуаныш сыйлап жүр.

Айта кету керек,  волонтерлік қызметті дамыту және волонтерларды оқыту мақсатында облысымыздың белсенді еріктілеріне арналған онлайн оқулар тұрақты өтіп тұрады. Онда еріктілер өзара тәжірибе алмасып, білім-біліктерін арттырады. Жыл соңына қарай үздік волонтерлар «Халық алғысы» төсбелгісімен марапатталады.

       Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен қызметкерлердің еңбек өтілінде волонтерлік қызметті міндетті есепке алу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, еріктілік университеттер мен колледждерге түсу кезінде бірқатар артықшылықтар береді.  

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button