Волонтер жылы

Елдің алғысын алған еріктілер

 Глубокое ауданында волонтерлік қозғалысты дамытудың жол картасы бекітіліп, жастар мен колледж студенттерін еріктілер қатарына тарту жөнінде ынтымақтастық меморандумдары жасалды.

Әлеуметтік желілерде аталмыш қозғалыстың ел арасындағы танымалдылығын арттыруға, кәсіби мамандарды тарту арқылы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге  бағытталған тікелей эфирлер, онлайн конкурстар өткізіліп, диалогтық алаңдар ұйымдастырылуда.

– Біз жүз адамнан тұратын волонтерлер базасын құрдық. Қазір олардың елуі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Отыз ерікті ауылдық округтерде жұмыс жүргізсе, қалған жиырмасы Глубокое және Белоусовка кенттерінде халыққа қол ұшын созуда. Еріктілер жеке қорғаныс заттарымен, атап айтсақ, резеңке қолғаптармен, маскамен және антисептиктермен қамтамасыз етіліп отырады, – дейді Глубокое аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Гүлмира Ордаханова.

Айта кетсек, төтенше жағдай кезінде аудандағы 200 ерікті азық-түлікті, бірінші кезекте қолданылатын тауарларды, дәрі-дәрмектерді 70 жастан асқан қариялар мен І, ІІ-топ мүгедектеріне жеткізуде ерекше қолғабыс етті. Олар 70-тен астам азық-түлік себеттерін, 250 маска, 300 ескерту парақшалары мен газеттерді көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен жалғызілікті азаматтарға таратты.

Жол картасы аясында 144 іс-шара өткізілді. Атап айтсақ, Абайдың 175 жылдық меретойына байланысты 20 іс-шара ұйымдастырылды. Онлайн режимде «Абайды оқы, ерінбе» конкурсы өткізіліп, «Менің Абайым» әлеуметтік сауалнамасы жүргізілді. Сондай-ақ «Абайдың мұрасы» тақырыбында конференция өткізіліп,  жеке бөлімдердің басшыларымен кездесулер және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта еріктілер «Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол» акциялары аясындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, аудан аумағында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, жалғызілікті зейнеткерлерге, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қолдан келген көмекті аямауда.

Бұдан бөлек, олар елді мекендерді абаттандыру және жасыл желекпен көмкеру жұмыстарынан да шеткері қалмауда. «Біз біргеміз» акциясы аясында еріктілер жыл басында балабақшалардың,  мектептердің аулаларын қардан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызуға байланысты челлендж өткізді. Сонымен қатар өзен-көлдердің жағалауларын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты.

Волонтер-студенттер Birgemiz: Sabaqtastyq жобасы аясында ауыл халқы мен оқушыларына білім беру бағытында да қызмет көрсетуде. Сондай-ақ олар құқықбұзушылыққа барған жасөспірімдермен насихат іс-шараларын өткізіп, олардың қоғамға деген пайдасын арттыру бағытында түрлі жұмыстар жүргізеді.

Коронавирустық инфекция өршіген қазіргі уақытта ауданның елді мекендерінде жұмыс істеп жатқан еріктілер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, дәрілік препараттарды және бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізуде көптеп көмек көрсетуде.

Бұдан бөлек, еріктілер карантиндік режимді бұзғандармен және халықтың бекітілген талаптарды сақтау ережелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге де жұмылдырылуда.

– Елдің алғысына бөлену – ерекше бақыт, – дейді глубокоелық еріктілердің бірі Алина Шанина. – Карантиндік шектеулерде   отырған олардың бұл сөздерінің шын жүректен шыққанын түсінесің.

Аудандағы волонтерлік қызмет жергілікті атқарушы органдардың базаларында құрылған Call-орталықтары арқылы жүргізіледі. 65 жастан асқан адамдар мен І, ІІ-топ мүгедектері аталмыш орталықтарға хабарласып, өздеріне азық-түлік пен медициналық препараттарды жеткізіп беру жөнінде өтініш бере алады.

Азамат Темірбеков

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button