Волонтер жылы

Әлеуметтің алғысын алғандар

 Өңірде «Жомарт жүрек 2020» байқауының жеңімпаздары анықталды. Жерлестеріне өтеусіз көмек көрсеткен, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырған, қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан жерлестерімізді облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев марапаттады.

Сонымен, жылдың меценаты аталымы Бородулиха ауданындағы «Ассорти 2» шаруа қожалығының басшысы Игорь Шевченкоға бұйырды. Ол қожалық жұмыскерлеріне үнемі көмектесіп, бала туғанда ата-анасына 100 мың теңгеден және жас отбасыларға 50 мың теңгеден көмек көрсетеді. Игорь Викторович аз қамтылған ауылдастарына қолдау көрсетіп, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге жәрдемдесіп, жыл сайын «Мектепке – жол» қайырымдылық акциясына қатысады. Бастауыш сыныптардың 40 оқушысын ыстық тамақпен қамтып отыр. 2019 жылы қожалық басшысы ауылдастарына арналған демалыс аймағын абаттандыру жұмысын қолға алып, адамдардың суға шомылуы үшін су қоймасын тазартып, жағажай салып берді. Михайличенково ауылында көше жарығын орнатуға да көмектесті. Ал биыл «Новая заря» шаруа қожалығымен бірлесіп, ауылдық мәдениет үйінің мәжіліс залын жөндеді.

Жылдың үздік ұйымы номинациясында «NIEТ WOMAN» ҚБ әйелдер бастамалары қоғамдастығы топ жарды. Қоғамдастық өңірдегі 350-ден астам нәзік жанның қатысуымен әйелдер кәсіпкерлігінің бірінші форумын, әлеуметтік кәсіпкерлік форумын, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің ашылуын өткізді. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін қаражат жинауға бағытталған жыл сайынғы «Ізгі көктем» қайырымдылық балын ұйымдастырды. Соңғы жобаға жергілікті компаниялардан 100-ден астам демеуші тартылған.

Кәсіпкер әйелдер бизнес жүргізу тәжірибесін ауыл әйелдерінің форумында, менторлар мен Қазақстан ментифорумында бөліссе, ЕҚДБ-ның микробизнестегі әйелдер бағдарламасы аясында оқыту тәжірибесімен бөлісті.

«NIET WOMAN» ҚБ жергілікті билікпен ынтымақтастық аясында бизнес ашқысы келетін көпбалалы аналармен кездесулерге белсенді қатысуда. Бастамашыл әйелдердің тәлімгерлігі нәтижесінде жас аналар «Іскер ана» бағдарламасы бойынша оқудан өтіп, өз жобаларын іске асыру үшін гранттар алуда.

2020 жыл таяуда ғана Мемлекет басшысы қорытындылаған елдегі волонтерлікті дамытуға үлкен серпін бергені анық. «Ерен ерлік» номинациясы бойынша волонтерлік қызметке белсенді қатысқаны үшін Курчатов қаласының волонтерлік қозғалыс орталығының төрайымы Әсемгүл Қалимолдина жеңімпаз атанды. Әсемгүл Қайыпханқызы Курчатовтағы еріктілер қозғалысын кеңейтті. Ынтымақтастыққа екі мыңнан астам адамды тарта білді. «Балаларға жүрек сыйла», «Құс асханасы», «Біз біргеміз», «Мейірімді көршілер», «Мейірімді іс», «Жақсылық жолы», «Мың алғыс», «Маска тағыңыз» волонтерлік акциялары оның белсенділігімен ұйымдастырылды.

Сонымен бірге, Әсемгүл Қайыпханқызы және оның еріктілер тобы COVID-19 пандемиясына байланысты елімізде туындаған күрделі кезеңде шет қалмай, еріктілер тобы жалғызбасты зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың, көпбалалы отбасылардың пәтерлеріне барып белсенді көмек көрсетті.

Жастар бастамалары әлі де жалғасын табады. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жалпыұлттық «Игі істер марафонын» жалғастыруды ұсынды. Президенттің тапсырмасы бойынша жақын арада волонтерлікті дамытудың жол картасы, волонтерлерді даярлау бағдарламасы және волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандарты әзірленбек. Бұл бастама әлеуметтік қызмет түрімен айналысатын ұйымдарды ынталандыруға бағытталып отыр.

«Didar» ақпарат

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button